Бүгін елордада «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» Республикалық тамыз кеңесі өтті. Биыл ол ерекше форматта ұйымдастырылды. Білім беру саласы қызметкерлерін дәстүрлі марапаттаумен қатар, алғаш рет жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл жаңашылдық Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асырылып, тек педагог еңбегінің ғана емес, сондай-ақ білім беру мен балалардың игілігіне үлес қосатын барлық мамандардың маңызын айқындауды мақсат етті.
Кеңестің екінші бөлімінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үздік білім беру қызметкерлеріне, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне және білім саласымен өзара байланыстағы ұйымдардың қызметкерлеріне марапаттар табыстады. Марапат иелерінің қатарында мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлері, сондай-ақ полицейлер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар және басқа да мамандар бар.
«Білім беру саласы – біз барлық балаларымызды тәрбиелейтін орта. Әркім еліміздің болашағын тәрбиелі, кәсіби құзыретті етуге өз үлесін қосуы тиіс. Бұл – тек педагог қауымның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті», – деп атап өтті өз сөзінде министр Ғани Бейсембаев.
Сонымен бірге айрықша табысқа жеткен және басқаруда жоғары шеберлік көрсеткен білім беру ұйымдарының басшылары ведомстволық марапаттарға ие болды.