Қарабақ университетінде VII жазғы түркология мектебі басталды

Жуырда Әзербайжан Республикасының Ханкенді қаласындағы Қарабақ университетінде Түркі Академиясының бастамасымен, Қарабақ университеті, Түркия ғылым академиясы (TÜBA) және Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған Түркі мемлекеттерінің VII жазғы түркология мектебінің ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараға Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Қарабақ университетінің ректоры Шаһин Байрамов, Түркия ғылым академиясының президенті Мұзафер Шекер, сондай-ақ ғылым және білім беру қауымдастығының өкілдері қатысты.

11-17 тамыз аралығында өтетін жазғы мектеп жас түрколог ғалымдардың академиялық әлеуетін арттыруға, түрлі елдерден келген қатысушылар арасында білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ заманауи ғылыми тәсілдер мен қолданбалы зерттеу әдістерін меңгеруге мүмкіндік жасауға бағытталған.

Бағдарламаға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Иран, Моңғолия және Солтүстік Македониядан келген 35 жасқа дейінгі 30 ғылым докторы мен постдокторант қатысып, олар Әзербайжан, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан шақырылған халықаралық тәжірибесі бар ғалымдар мен мамандардың жетекшілігімен білім алмақ.

Апта бойы қатысушылар ғылыми мақалалар дайындау, презентациялар жасау және зерттеу гранттарын тиімді пайдалану бағыттарында біліктіліктерін арттыра отырып, түркі мемлекеттерінің тарихы, түркі әлемінің археологиясы, түркі халықтарының өзара қатынастары, өнер мен философиялық ой тарихы, сондай-ақ түркі диалектілері мен әдебиеттері жөніндегі тақырыптарды зерделейді.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Түркі академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев Қарабақтың тарихи маңызын атап өтіп, Академияның түркі әлемінің ғылыми және мәдени мұрасын сақтау, дамыту бағытында қызмет атқаратынын жеткізді. Сондай-ақ ол жазғы мектептің тек білім алмасу алаңы ғана емес, жас ғалымдар арасындағы достық байланыстарды нығайтудың маңызды құралы екеніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Дәрістер мен семинарлардан бөлек, қатысушылар шығармашылық іс-шараларға қатысып, Ханкенді және Шуша қалаларының тарихи және мәдени мұрасымен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.