Ауыл тұрғындарына қызмет көрсетілуде

Алматы облысында білікті мамандардан құралған мобильдік медициналық топтар шалғай орналасқан ауылдық елді мекендерге барып, жергілікті тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетуді бастады. Тамыздың 11-інен басталған бұл шара барысында Балқаш, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандары қамтылады.

Облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметінше, құрамында 25 тәжірибелі дәрігер бар топ тоғыз түрлі бағытта медициналық қызмет көрсетеді. Мамандар тек кеңес берумен шектелмей, қажет болған жағдайда шағын оталар жасап, күрделі жағдайларда кешенді ем-дом жүргізуге дайын.

«Бұл бастама  шалғай ауылдардағы медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған. Мобильдік топтар бір ай көлемінде жұмыс істейді және бұл шара тоқтамайды. Әр үш ай сайын осындай іс-шаралар жалғасын тауып, барлық ауданды қамтитын болады», – деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.

Медициналық топ құрамындағы дәрігерлер жуырда Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасындағы жетекші клиникалық орталықтарда біліктіліктерін арттырып қайтты. 25 маман акушерлік-гинекология, неонатология, травматология, онкология, эндоскопиялық хирургия, анестезиология және реаниматология салаларында заманауи емдеу мен диагностикалау тәсілдерін меңгерді.

Іле аудандық орталық ауруханасы­ның ана мен бала денсаулығын қорғау жөнін­дегі директордың орынбасары Рауан Әзімқұлованың айтуынша, Минск қа­ла­сында өткен оқыту барысында пнев­мопошта жүйесі мен медициналық қыз­меткерлердің науқастарға деген ерекше көзқарасы жоғары бағаға ие болған.

Мамандар енді шетелде жинақтаған тәжірибесін ел ішінде, соның ішінде ауылдық аймақтарда тиімді пайдаланып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға күш салмақ.