Сорбұлақтағы тікұшақ апатынан қаза тапқан экипаж мүшелерінің бірі Бахтияр Ержігітовті туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бахтияр Ержігітов - Павлодар облысы Шарбақты ауданы Шалдай ауылының тумасы.
- Бахтияр – ата-анасының көз қуанышы, отбасының тірегі, елінің ертеңіне үміт болған азамат еді. Ақтөбедегі әскери училищені, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтты тәмамдап, Семейде, кейін Жетігенде қызмет етті. Борт инженері қызметінен майор шеніне дейін көтерілді. Жасы небәрі 32-де еді. Бірақ сол қысқа ғұмырдың өзі – ерлікке, елге адалдыққа толы болды.
Ертіс-Баян жұртшылығы атынан жары Раушанға, балалары Ахмад пен Айлинге, ата-анасы Сәниолла Ержігітұлы мен Айман Задашқызына қайғырып, көңіл айтамыз.
Сіздердің қайғыларыңыз – баршамыздың ортақ қайғымыз. Бахтияр есімізде мәңгі, жүректерге өшпестей із қалдырған қаһарман батыр. Жаны жәннатта, нұры пейіште шалқысын, - деп жазды облыс әкімі.
Еске сала кетейік, 25 шілде күні Алматы облысында жоғалып кеткен әскери тікұшақтың бірнеше бөлігі Сорбұлақ көлінің маңынан табылды.
Ал 9 тамыз күні Қорғаныс, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктерінің бірлескен жұмысы және «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-тың қолдауы арқасында спутниктік деректер мен математикалық есептеулер негізінде су түбінен 14 метр тереңдіктен тікұшақтың бөлшектері мен екі экипаж мүшелерінің бірінің мәйіті табылды. Кейін екінші әскери - Бахтияр Ержігітовтің денесі судан шығарылды.
Экипаждың үшінші мүшесіне қатысты әзірге ақпарат жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі іздеу жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.