Отандық әдебиеттің таңдаулы 100 кітабы анықталды

Мемлекет басшысы Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда кітап оқитын ұлт болудың маңызын атап өтіп, Ұлттық кітап күнін белгілеуді тапсырған болатын.

Соған сәйкес, биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып атап өтілді. Осы мерекеде отандық әдебиетті кеңінен насихаттауды көздейтін «100 кітап» жобасы бастау алды.

Жалпыхалықтық сауалнама еGov.kz порталында 23 сәуірден 9 тамызға дейін жүргізілді.

Сауалнамаға барлық өңірлерден жалпы саны 100 мыңнан астам адам дауыс берген. Қорытынды тізімге классикалық шығармалардан бастап, қазіргі заман авторларының да туындылары енді.

Толық тізім 11 тамыз күні Ұлттық құрылтайдың ресми сайтында жарияланады.

Сауалнама қорытындысының 10 тамыз – қазақ жазба әдебиетінің негізін салған ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орайластырылуы – жобаның рухани мәнін арттыра түсті.

Іріктелген «100 кітап» ұлттың зияткерлік қуатын нығайтуға, қоғамда кітап оқу мәдениетін дәріптеуге және әдеби сабақтастықты жалғауға септігін тигізбек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.