Атырау тұрғыны Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін бес жылға сотталды

Әлеуметтік желілерде Қазақстаннан тыс аумақта қарулы қақтығысқа қатысқан атыраулық тұрғынға шығарылған үкім туралы ақпарат пайда болды.

Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы («Шет мемлекет аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысу») бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағаны айтылған. Үкім әлі заңды күшіне енбеген, – деп хабарлайды Аikyn.kz  azh.kz-ке сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, ол Ресейде жүріп келісімшартқа отырып, Украина аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан және жарқыншақтан жараланған.

Бұған дейін бейресми дереккөзден Украинада соғысқан атыраулық тұрғынның ұсталғаны белгілі болған еді. Осы ақпаратты тексеру үшін 25 сәуірде «Ақ Жайық» тілшісі Атырау облысының прокуратурасына ресми сауал жолдады. Хатта қанша адамның ұсталғаны және олардың қай тарапта – Ресей не Украина жағында – соғысқаны туралы сұралды. Кейін сауал облыстық ҰҚК департаментіне жолданды. Алайда белгіленген мерзімде жауап берілмеді.

Біз үкім бойынша облыстық соттың баспасөз қызметінен ресми түсініктеме алуға тырыстық, алайда материал жарияланған сәтте жауап болмады.

 Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.