Алдағы үш күнде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, күн күркірейді.
Солтүстік-батыс, шығыс және орталық өңірлерде қатты жаңбыр күтіледі, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Тек оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жауын-шашынсыз, ыстық ауа райы сақталады. Республика аумағында желдің күшеюі болжанады, ал солтүстік-батыста, солтүстікте, орталық пен шығыста түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.
Оңтүстік өңірлерде аптап ыстық сақталады – ауа температурасы 36-41 градусқа дейін, ал оңтүстік-шығыста 32-39 градусқа дейін жетеді.
Батыс өңірлерде керісінше, ауа температурасы төмендейді: түнде 12-23 градус, күндіз 25-37 градус жылы болады. Елдің қалған бөлігінде температура біртіндеп жоғарылайды.
"Қазгидромет" мәліметінше, 2025 жылдың тамыз айы Қазақстанда ауа райының контрастылығымен ерекшеленбек: бір өңірлерде ыстық әрі құрғақ күндер күтілсе, басқа өңірлерде – жауын-шашын мен температураның құбылуы байқалады.
Айдың алғашқы онкүндігінде жылы ауа солтүстік пен шығысқа келеді, ал оңтүстікте және батыста сәл салқындау байқалады. Кейін ауа райы тұрақсыз болады – ыстық күндерді салқын, жаңбырлы күндер алмастырады. Кей жерлерде найзағай, бұршақ және шаңды дауыл болуы мүмкін. Жалпы, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде күтіледі, бірақ солтүстік пен шығыста нормадан көп болуы ықтимал.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.