Қазақстанда наноматериалдар мен энергияны сақтау технологияларына арналған халықаралық конференция өтті

Конференцияда қазақстандық ғалымдар да стратегиялық маңызы бар зерттеулерін таныстырды. Соның бірі – жергілікті шикізат негізінде катодтық материал өндірудің бірегей синтез технологиясы.

Назарбаев университетінде жетекші ғалымдар энергия сақтау мен наноматериалдар саласындағы жаңалықтарын бөлісіп, жас зерттеушілерге шеберлік сабақтарын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

6-8 тамыз аралығында өткен Наноматериалдар және жетілдірілген энергия сақтау жүйелері бойынша (INESS-2025) халықаралық конференциясы университеттің 15 жылдығы мен академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына орай өткізілді. Оған Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Марокко, БАӘ және Нидерландыны қоса алғанда 11 елден электрохимиялық энергетика саласының көрнекті ғалымдары мен сарапшылары жиналды.

NU президенті, профессор Вакар Ахмад атап өткендей, соңғы 13 жылда бұл конференция Орталық Азиядағы нанотехнологиялар, энергия сақтау жүйелері мен материалтану саласындағы жетекші ғылыми алаңға айналды. «Наноматериалдар мен заманауи аккумулятор жүйелерін дамыту – болашақты неғұрлым тұрақты, тиімді және сенімді ету жолындағы негізгі міндеттердің бірі. Университетіміз өзінің құрылған күнінен бастап білім мен ғылымның озық үлгісін көрсетіп, инновация мен нақты өзгерістерге жол ашып келеді. INESS сияқты шаралар ғылым мен білімді шынайы өмірмен ұштастыра отырып, қоғам дамуына серпін береді».

Конференцияға әлемге танымал жеті ғалым негізгі баяндамашы ретінде қатысты. Олардың қатарында Токио ғылым университетінің профессоры Shinichi Komaba, Иокогама мемлекеттік университетінің профессоры Naoaki Yabuuchi, Қытайдың мұхит университетінің профессоры Yongcheng Jin, Чунгнам ұлттық университетінің профессоры  Sung Soo Kim, Тайвань ұлттық университетінің профессоры Nae Lih Wu және басқа да көрнекті зерттеушілер бар.

Токио Метрополитен университетінің профессоры Kiyoshi Kanamura, – жапон өнеркәсібіндегі жетекші сарапшылардың бірі әрі конференцияның негізгі спикері – литий-ионды аккумуляторлар келесі он жылда да өзекті бола беретініне сенімді. «Қазіргі таңда литий-ион батареялары әлі де маңызды рөл атқарып отыр. Алайда болашақта назар қатты күйдегі аккумуляторларға ауады. Бірақ оларды коммерцияландыру оңай емес. Алдағы жиырма жылда мүлде жаңа буындағы аккумуляторлар пайда болады деп үміттенемін. Алайда оған дейін бізді ғылыми және технологиялық тұрғыда күрделі сынақтар күтіп тұр», – деді ол.

Конференцияда қазақстандық ғалымдар да стратегиялық маңызы бар зерттеулерін таныстырды. Соның бірі – жергілікті шикізат негізінде катодтық материал өндірудің бірегей синтез технологиясы.

«Біз никель өндіруші компаниялармен бірлесе жұмыс істей бастадық. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін катодтық материалдардың пилоттық өндірісін іске қосуға ниеттіміз. Қытай нарығына бағытталған 50 тоннаға дейін өнім шығаруға дайынбыз. Қазір инвестиция күтіп отырмыз. Басты мақсат – қосылған құны жоғары отандық өнім шығару», – деді National Laboratory Astana құрамындағы Энергетика және жаңа материалдар ғылымы орталығының директоры, NU профессоры Жұмабай Бәкенов.

Профессор Бәкеновтің айтуынша, зерттеу тобы никель, кобальт, марганец және темір сынды аккумулятор өндірісінде маңызды рөл атқаратын элементтердің таза қосылыстарын алуға да ерекше көңіл бөлуде. Сонымен қатар, командасы микроэлектроника мен автономды энергетикалық жүйелерге арналған натрий, калий және өзге де болашағы зор аккумуляторлық жүйелерді зерттеумен айналысып жатыр.

Конференция аясында жас зерттеушілерге ерекше көңіл бөлінді – жетекші сарапшылар олар үшін шеберлік сабақтары мен тәлімгерлік сессиялар өткізді. Жалпы, INESS-тің ғылыми бағдарламасында 60-қа жуық баяндама мен презентация ұсынылды. Олар озық функционалдық материалдар мен энергия түрлендіру жүйелері, заманауи аккумуляторлар мен энергия сақтау технологиялары, электрохимиялық инженерия, компьютерлік модельдеу, сенсорлар, катализ және зертханалық масштабтау тақырыптарын қамтыды. Конференция материалдары RSC Advances журналында жарияланатын болады.