Екінді уақытында күн еңкейіп, Семейдің үстіне алтын шапақ төгілген шақ еді. Қала бірнеше күн бойы Абайдың мерейтойлық мерекесіне бөленіп тұрған. “Бұл тек концерт емес, көгілге түрлі ой салар кеш болатын шығар” деп басынан-ақ сездік. Бірақ кештің әсері күткеннен жүз есе терең болды.
Алдымен сахна пердесі жабық тұрды. Залда тыныштық орнады. Бір мезетте «Көзімнің қарасы» әуені сыңғырлап шыға келді. Сахна шымылдығы ақырын ашыла бастады. Қазақы нақышқа толы сахна, жансыз әлем емес, тірі тынысы бар кеңістік. Сол сәтте ерекше бір құпия ашылғандай болды, “Көзімнің қарасын” шертіп отырған үні бөлек, қоңыр әуенді үш ішекті домбыра екен.
Алғашқы үннің сиқыры. Шымылдық ашылған сәтте сахнадан сыбызғының байырғы үні естілді. Даланың қоңыр лебі, өткеннің сыры сезілгендей болды. Артынша «Желсіз түнде жарық ай» әні шырқалып, зал бір сәтке тынышталып қалды. Ән аяқталар шақта сахнаға жан-жақтан әртістер шығып, бос тұрған кеңістік оюлы шапан киген адамдармен өрнектеліп, біртұтас көрініске айналды. Сол мезетте біз бұл кештің жай ғана концерт емес, шынайы рухани сапар екенін сезіндік.
Шарықтау. Кештің ортасына қарай залдың тынысы мүлде өзгерді. Халықтың көзінде от жана бастады. Әрбір сахнаға шыққан әртіс көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп кетті. Сыбызғышы Талғат Мұқыш, Еркін Шүкіман, Толғанбай Сембаев, Ербол Айтбаев, Берік Омаров, Ерболат Шалдыбеков, Клара Төлендиева, Гүлмира Сарина, Талғат Әбуғазы, Перизат Тұрарова сынды әншілер халықты өз әлеміне жетелеп әкете берді. Қошемет үзілмеді. Көрермен оларды қайта-қайта сахнаға шақырып, тағы бір ән сұрап отырды.
Бұл кеш тек ән кеші ғана емес, нағыз поэтикалық-философиялық қойылым екен. Жүргізуші әр сәтте Абаймен сырласа берді, Абаймен тілдесе берді. Сахнаның арт жағында кенеттен көрінген Абайдың бейнесі (актер) залдағы адамдардың жүрегін бір сәтке дір еткізбесі бар ма?! Сол мезетте көрермен өздерін ұлы ақынның жанында отырғандай сезінді.
Бұл кештің тағы бір ерекшелігі - Абайдың сирек орындалатын әндерінің шырқалуы еді. Расында да, бүгінде көпшілік көбіне «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты танымал туындыларды ғана біледі. Ал бұл концертте аз айтылатын әндермен қатар, архивтің түбінде сақталып келген жаңа нұсқалар да тыңдарманға жол тартты. Мұндай тың сәттер кештің салмағын арттырып қана қоймай, оған ағартушылық сипат та дарытты.
Сол сәттерде залда отырғандардың бәрі іштерінен бір ғана тілекті қайталағандай еді: “Уақыт тоқтап қалса екен, бұл кеш бітпесе екен…” Кейін көрермендердің пікірі де соны растады. Бұл кеш олардың есінде «уақытты тоқтатқан сәт» болып қалды.
Концерттің бір мезетінде зал мен сахна арасындағы шекара мүлде жойылды. Ән мен әуен ғана қалды. Сыбызғының сыңғыры, домбыраның қоңыр үні мен әншілердің шынайы дауысы адамды күнделікті өмірден ажыратып, басқа бір кеңістікке жетеледі. Сол сәтте Семей аспаны мен Ертіс толқыны да осы әуенге қосылғандай.
Жүректе қалған үн. Кештің қорытындысы көрерменнің есіңде мәңгі қалды. Сахна екі мәрте дүр сілкінді. Алдымен Халық әртісі Рамазан Стамғазы сахнаға шыққанда, зал тік тұрып қарсы алды. Әншіге қайта-қайта ән айтқызып, “Дариға-дәуренді” де шырқатты.
Ал шын мәніндегі шарықтау - Ерлан Рысқалидың өнері болды. Бірнеше әннен кейін көрермен әдетінше «Молдабайдың әнін» сұрады. Әнді еш ойланбастан бастады. Әннің ортасында әнші кенет жерде малдас құрып отыра қалып шырқады, бірде екі көзінен от шашып, отырған жерінен сырғи жылжып, әнді өзгеше екпінмен жалғастырды. Бұл сәтті сөзбен жеткізу мүмкін емес - оны тек сол кеште болғандар ғана айта алады.
Осындай рухани кештердің тек Семей жұртымен шектелмей, еліміздің өзге өңірлерінде де өтуін қалаймыз. Бұл әсерді бір ғана өлке емес, бүкіл қазақ даласы сезінсе деген арман бар. Қазір мәдениетіміз өз жолыннан адасқан күйде жүргендей сеземіз. Осындай кештер сол жолды айқындап, өнер ғана бере алатын ерекше рухани қуатмен сананы серпілтеді. Мұндай жобалар тек концерт емес, ұлт жадын жаңғыртатын, ұмытылған үндерді тірілтетін шынайы рухани мектепке айналады.
Абай облысы әкімі Берік Уәлидің қолдауымен өткен бұл кеш аймақ мәдениетінде жаңа, үлгі боларлық дәстүрдің бастамасы болды. Егер осындай рухани жобаларды еліміздің әр өңірінде өткізе алсақ, өнер халқымызды біріктіретін үлкен күшке айналары сөзсіз. Абайдың әндері аспанға қалықтап қана қоймай, әр қазақтың жүрегінде өз мәңгілік орнын табады.