– Қазір қаржылық пирамида – қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Мемлекет басшысы құқықтық тәртіп идеологиясы аясында жұмысты жалғастыруды, қаржылық пирамидалармен күресті күшейтуді, халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруды бірнеше рет тапсырды. Осылайша, Қаржы мониторингі агенттігі құрылған сәттен бастап біздің департамент қылмыстық істерді қозғау арқылы 31 қаржылық пирамиданы залалсыздандырды және жойды, – дейді Қарағанды облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысы Ержан Қалиасқаров.
Істердің көпшілігі, яғни 20-сы сотқа жолданған. Жоғарыда айтылған 31 қаржылық пирамидаға QI TradeKazakhstan, MFO Leader Capital 168 ЖШС, Finiko, BusinessGame, Ne rabota интернет-жобасы, Kotel, Tender, BayLife, MillionerGame77, MillionerGame7777, TheGreatTower, Rassvet i Millionery, Lux, Ozіmіz gay Aray, Faberlic, Doverie, PC AmanatHome, PC Elim-ai 2019, PC GAP, Tabys, LiveGood, Asarbaspana, SincereSystemsGroup, Tacorp, Fashion Star, Uilibolayik кіреді. Анықталған 100 мың салымшының 5 мыңнан астамы Қарағанды облысының тұрғындары.
Осы жылдың алғашқы алты айына қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелері басшыларына қатысты 2 үкім шығарылып, олардың біреуіне 7 жылға нақты бас бостандығынан айыру, екіншісіне 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
– Айта кету керек, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар Қарағанды қаласының ғана емес, облыс аудандарының тұрғындары. Республикалық ауқымдағы пирамидалардың бірі біздің облыста тіпті 4 кеңсе ашқан. Оның 2-і Қарағанды қаласында, 1-і Теміртауда және 1-і Балқаш қаласында, – дейді Ержан Қалиасқаров.
Осы уақытта жүргізілген жедел-іздестіру, оның ішінде профилактикалық іс-шаралармен, атап айтқанда, интернет-кеңістігіне мониторинг жүргізгенде қаржылық пирамида белгілері бар 1 312 сілтеме анықталған (оның ішінде: 1 097-і бұғатталды, 78-і қабылданбады, 137-сі орындалуда, бұғаттау пайызы 84%). Осылайша, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтардың қаржылық пирамида белгілері бар 1 097 интернет-жобаға тартылуының алдын алды.
– Негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, 40 қылмыстық іс өндірісте болса, биыл 27 қылмыстық іс тіркеліп, 21 іс немесе 52,5% аяқталса, 19 іс сотқа жолданды, 2 іс өндірісте тоқтатылды. Аяқталған істердің 14-і ауыр (66,6%), 5-і орташа ауырлықтағы (23%), 5-і ауыр емес. Аяқталған істер бойынша ауыр – 14 (66,6%), орташа – 5 (23%), жеңіл – 2 (9,5%). Белгіленген шығын көлемі 2,1 миллиард теңгені құраса, оның 614 миллионы ақшалай өтелсе, 1,3 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленді. Тәркілеуді есепке алғанда өтелгені – 1,9 млрд теңге немесе 91,7%, – дейді Ержан Қалиасқаров.
Ауадан ақша жасап, халықтың қалтасына түскен Бендер ізбасарлары түрлі айла-шарғыны өмірге әкелуде. Айтылып жатса да, өзіміз барып қақпанына түсіп жатқаннан кейін алаяқтар айылын жияр емес.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы