Әр іс – халық аманатына жауап

Қазақстандағы саяси партиялардың рөлі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі күн санап артып келеді. Қазір партиялар халықтың нақты сұранысына сай, жүйелі әрі нәтижеге бағытталған жұмыс істеуге көшті.

Бұл үдеріс­те елдегі жетекші саяси ұйым – «AMANAT» партиясының атқарып отырған жұмысы ерекше назар аударуға тұрарлық. Партияның Қарағанды облыстық филиалы осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр? Партиялық жауапкершілік, мәслихаттағы фракция рөлі мен өңірлік жобалардың тиімділігі жайында «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков айтып берді.

– Қазіргі Қазақстандағы саяси партия­лардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен рөлі қалай өзгерді? Осы орайда «AMANAT» партиясының қазіргі қызметі мен ұстанымдары нені білдіреді?

–  Қазақстандағы саяси партиялардың рөлі мен жауапкершілігі айтарлықтай өзгерді. Бұрын олар тек сайлау қарсаңында белсенділік танытса, қазір халықтың саяси талғамы мен сұранысына сай тұрақты жұмыс жүргізуге мәжбүр. Қоғам уәде емес, нәтиже күтеді. Саяси реформалар пар­тияаралық бәсекені жаңа деңгейге көтеріп, өзекті мәселелердің Парламент пен мәсли­хат арқылы шешілуіне жол ашты. Бұл  партиялардың нақты нәтижеге бағытталуына себеп болды.

Осындай өзгерістер аясында елдегі жетекші саяси күш – «AMANAT» пар­тия­сы­ның қызметі де жаңаша сипат алды. Пар­тия бүгінде Асан қайғының жерұйығы, әл-Фарабидің ізгі қоғамы, Абайдың «Толық адам» концепциясы, ағартушы Алаш зия­лыларының мұраттарын басты бағдар ретінде ұстанып, сол идеяларды заман талабымен үйлестіре отырып ілгерілетіп келеді.

«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси-экономикалық реформаларды та­быс­ты жүзеге асыруға белсене атсалысып отыр. Бұл – партияның қоғам мен мемлекет игілігі жолындағы нақты іспен дәлелденген жауапкершілігінің көрінісі.

– Партияның идеологиялық бағыты қандай? Осы құндылықтар Қарағанды облыстық филиалының жұмысында қалай көрініс тауып отыр?

– Партияның идеологиялық бағыты – әділеттілік, бірлік және жауапкершілік принциптеріне негізделеді. Бұл құндылықтар азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолында нақты әрекеттер арқылы көрініс табуда. Партияның әрбір жобасы мен бастамасы халықтың сұранысына жауап беріп, ел бірлігі мен мемлекет тұтастығын нығайтуға бағытталған.

Халық сеніміне ие болу – нәтижелі іс, аманатқа адалдық арқылы ғана мүмкін болмақ. Партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленген ұзақмерзімді Жол картасы бар. Қарағанды филиалының да негізгі жұмыс бағыты осы Жол картасында қамтылған міндеттерді сапалы орындауға лайықталды және ауқымды жұмыстар атқарылды.

– Осы Жол картасының облыста орындалуы қалай?

– Мәселен, сол Жол картасында 2024 жылға жоспарланған 137 тармақтың 115-і мерзімінде орындалып (84%), 6 тармақ (4%) орындалып жатыр (оның да 3-еуі орындалды). Әртүрлі себеппен, 16 бағыт бойынша белгіленген (12%) міндеттер орындалмады. Мезгілінде орындалмаған тармақтардың себептері анықталып, бұл мәселе облыс әкімінің қатысуымен 2025 жылы 11 наурызда өткен кеңейтілген отырыста таразыланып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Облыстық филиал жергілікті бюджеттің жасақталуынан бастап, оның сапалы орындалуына дейінгі кіріс-шығыс қозғалыстың барлығына қатысады десек, артық айтпаған болар едік. Әсіресе, ірі жобаларға бөлінген мемлекет қаржысының әр тиыны – партия бақылауында. Есепті кезеңде партиялық бақылау комиссия­ларының 110 отырысы өткізіліп, 334 ұсыныс берілді. Жол картасының нысандарына 120 рейд жүргізіліп, 27 нысан партиялық бақылауға қойылды.

– «AMANAT» партиясының жергілікті мәслихаттардағы фракциялары қандай рөл атқарып отыр?

– ​Партияның мәслихаттардағы фракциялары халық пен билік арасындағы маңызды дәнекерге айналды. Олар 365 ұсыныс енгізіп, оның 98 пайызы (359-ы) орындалды. Бұл – нақты нәтижеге негізделген белсенді жұмыстың көрсеткіші.

2022 жылы партия құрылымында жүргізілген реформалар кезінде жергілікті әкімдер партия филиалдарын басқарудан бас тартқан еді. Сол сәтте партияның беделі әлсірейді деген пікірлер айтылғанымен, «AMANAT» өз миссиясын жоғалтпай, халық сенімін арттыра түсті.

Қарағанды облыстық филиалының бастамасымен бірқатар іргелі шара өтті: облыс әкімінің қатысуымен ұйымдас­тырылған депутаттар форумы, «Ашық есік» күні, ауыл әкімдерінің форумы, жастар слеті, «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы семинарлар – бәрі де қоғамдық диалог пен нақты істерге негізделген тиімді алаңға айналды.

Сонымен қатар партияішілік бәсекені арттырған «Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» мен «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқаулары құрылымдардың белсенділігін күшейтті.

Партияның «Ардагерлерді ардақта­йық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Кітап – AMANAT», «Ұлттық мұра», «Қарызсыз қоғам» сияқты жобалары да нақты нәтижеге жұмыс істеп келеді. Мәселен, 1 237 іс-шара ұйымдастырылып, 13 мыңнан астам адам қамтылған. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 11 285 адам қаржылық сауат ашу курсынан өтті. Ал «Құқықтық көмек» жобасы бойынша 539 азамат тегін кеңес алды.

– Әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету арқылы халық сенімін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– ​Облыстық филиал жалған есепке жол бермей, істелген жұмыстарды ашық түрде, әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ арқылы тұрақты жариялап келеді. Мәселен, биыл Қарағанды облысында Спасск оқу-жаттығу алаңында Qaisar патриоттық ойындары өтті. Оған Мәжіліс Төрағасы, «AMANAT» партиясының жетекшісі Ерлан Қошанов қатысты. Әйелдер қанаты аясында бірнеше меморандумға қол қойылып, форумдар мен қайырымдылық акциялары ұйым­дастырылды. «Балаңа уақыт арна» акциясы шеңберінде 4 мекеме сертификат алды. Президент бастамасымен қолға алынған «Әкімдер мектебі» жобасы аясында Қарағанды облысындағы 157 ауылдық округ әкімінің 128-і оқудан өтті. Нәти­жесінде, жалпы құны 25,6 млрд теңгені құрайтын 804 перспективалық инвести­циялық жоба ұсынылды. Бұл жобалар 4 671 жаңа жұмыс орнын құрып, 16 444 үй шаруашылығын экономикалық белсен­ділікке тартуды көздейді. Сонымен қатар облыстық филиал жанындағы 9 аймақтық кеңес белсенді жұмыс жүргізіп, басқарма басшыларының баяндамаларын тыңдап, нақты ұсыныстар енгізіп келеді.

– Рақмет! 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы