Сенаторлар Nomad Solar ЖШС-ның күн электр стансасына барды. Нысан 164 гектар аумақты алып жатыр, оның 75 гектарына күн панельдері орнатылған. Станса 2019 жылы іске қосылған және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосып, экологиялық таза электр энергиясымен қамтамасыз етіп келеді.
Парламент мүшелері мұндай жобалардың елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, экологиялық күн тәртібін ілгерілету үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ «жасыл» энергетиканы дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.
«Альтернативті энергетиканы дамыту – еліміздің экологиялық мақсаттарына қол жеткізу және энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жолындағы маңызды бағыт. Мұндай жобалар өңірлердің тұрақты дамуына серпін беріп, экономика үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Руслан Рүстемов.
Іссапар барысында сенаторлар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген Таң ауылының тұрғындарымен де кездесті. Ашық диалог барысында суармалы судың жетіспеушілігі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелері көтерілді.
«Ауылдық аумақтарды қолдау мен өңірлердің тұрақты дамуы –Парламенттің үнемі назарында. Біз өңір халқы тап болатын түйткілдерді шешуге бағытталған бастамаларды дәйекті түрде ілгерілетіп келеміз. Тұрғындар көтерген барлық мәселе мұқият сараланып, нақты шешімдер қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады», – деп атап өтті Наурызбай Байқадамов.
Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Риддер қаласына барды. Іссапар барысында олар еңбек ұжымдарымен кездесіп, құрылыс кезеңіндегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Риддер орман шаруашылығында сенаторлар жұмысшылармен жаңадан күшіне енген «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның негізгі ережелерін, сондай-ақ орман қоры жерлерін басқару мәселелерін талқылады. Сала қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.
Кездесу кезінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелері көтерілді. Сенаторлар қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіп тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, ең алдымен әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.
«Тазалық – бұл техника мен бақылау мәселесі ғана емес, ол – қоғамның мәдениеті, тәрбиесі мен санасының көрінісі. Бүгінде табиғатқа ұқыпты көзқарасты кішкентай кезден бастап қалыптастыру аса маңызды. Бізге тек ережелер емес, ішкі жауапкершілік те қажет. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы – бұл жай ғана ұран емес, бұл – кемел елдің белгісі», – деді Ольга Булавкина.
Сенаторлар сондай-ақ Montana спорт клубына барып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен спортпен айналысуға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамыту – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Сонымен қатар депутаттар жаңадан салынып жатқан SteakKing супермаркетінің құрылысымен танысты. Сенаторлардың айтуынша, бұл жоба шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беріп, өңірдегі тұтынушылық инфрақұрылымды кеңейтуге үлес қосады.
Сапардың негізгі нүктелерінің бірі – көпбейінді аурухана кешенінің құрылыс алаңына бару болды. Медициналық мекеменің қаржыландырылуы, жабдықталуы және құрылыстың аяқталу мерзімі талқыланды.
Парламентшілер бұл нысанның іске қосылуы Риддер және жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыратынын айтты.
«Біз еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Риддер қаласында азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалардың іске асып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай сапарлар халықтың пікірін тікелей естіп, шешуді қажет ететін мәселелерді нақтылап, заң шығару және өкілдік қызметіміз аясында нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Мейір ЖАСЫН