AI-Sana: жоғары білімнің жаңа тынысы

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жасанды интеллектке негізделген AI-Sana бағдарламасы кең ауқымда жүзеге асып жатыр. Университет ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, бұл бас­тама білім беру мен зерттеуді жаңа деңгейге көтеріп, студенттерді технологиялық кәсіпкерлікке баулуға мүмкіндік беруде.

Бағдарлама аясында оқу үдерісі өзгеріп, стартаптық экожүйе қалыптасуда. Сонымен қатар халықаралық серіктестік пен цифрлық инфрақұрылым да кеңейе түскен.

– Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысына жасанды интеллект бойынша AI-Sana бағдарламасын ұсынған еді. Бұл бастаманың басты мақсаты қандай?

– Бұл бастама елдің ғылыми-технологиялық дамуына жаңа серпін бере отырып, білікті кадр­ларды даярлау және жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. AI-Sana – бұл студенттер арасында жасанды интеллект дағдыларын жан-жақ­ты дамытудың бірегей бағдар­ламасы десек те қателеспейміз. Ол 100 мың қатысушыны қамти отырып, ұлттық экономиканың әлеуетін ашуға және техноло­гиялық кәсіпкерлікті қолдаудың алғышарттарын жасайды. Сон­дай-ақ Қазақстанның техно­ло­гиялық және экономикалық өсуі­нің драйвері бола алатын DeepTech-стартаптарды құруға ерекше назар аударылды. Бағдар­лама халықаралық сарапшы­лар­дың қатысуымен әзірленгенін айта кеткен жөн. Бұл серіктестер бағдарламаға жаһандық тәжірибе мен жергілікті қажеттіліктерді бі­ріктіруге мүмкіндік беретін озық білім мен ең жақсы тәжіри­беге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

AI-Sana білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді бі­ріктіруді қамтиды. Атап айтқанда: ЖИ саласындағы іргелі білім мен дағдыларды қалыптастыру; эко­номиканың негізгі салаларына ЖИ енгізу үшін мамандар даяр­лау; жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары базасында DeepTech-стартаптар­ды құруға ықпал ететін тұрақты экожүйені құру. Бағдарлама жо­ғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форматына көшуге мүм­кіндік бере отырып, оқыту мен зерттеу тәсілдерін түрлендіруге бағытталған. 

AI-Sana стартапы ұлт идео­логиясын қалыптастырудың не­гізгі драйверлерінің бірі болады. Бағдарлама болашақтың ғы­лым­ды қажет ететін экономикасын қалыптастыру үшін платформа­лық экожүйені құра отырып, ада­ми капиталды дамытуға, жо­ғары технологиялық шешімдерді енгізуге және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға ықпал етеді.

Еліміздің бұл бағдарламаны қолға алғаны қуантады. Себебі жасанды интеллект – жаһандық бәсекелестіктің маңызды факто­ры. Басты мақсаты – жасанды интеллекттің ел экономикасына, білім жүйесіне, еңбек нарығына ықпалын арттыру. Түпкі мақсаты – мамандар мен стартаптарды жан-жақты оқыту, оларға салалық шешімдер мен жасанды интел­лектті отандық экономикаға ен­гізу үшін қолайлы жағдай жасау, сонымен қатар жасанды интел­лект негіздерін меңгерген сту­дент­тер санын арттыру ғана емес, оларды осы білімді қолдана ала­тын маманға айналдыру. Мұндай мамандар кез келген компанияға өте қажет. Өйткені жасанды ин­тел­лектпен жұмыс істеу – бағ­дарламашылардың ғана ісі емес, ол басқа да мамандар үшін пай­далы құралға айналып отыр. 

– Бағдарламаның AI-Sana деген атауы нені білдіреді?

– AI-Sana деген жасанды интелекті мен қазақтың сана де­ген сөзінен алынған. ЖИ-дің бі­лімі бар, бірақ сезімі жоқ. Бұрын шығармашылық пен эмоциялық интеллектті қажет ететін маман­дық­тарға технологиядан төнетін қауіп жоқ деп келді. Алайда жа­санды интеллекттің қарқынды дамуы бұл пікірді жоққа шығаруа. Мысал ретінде айтайын, Қытай­дағы бір компанияда 700 графи­калық дизайнер жұмыс істеген. Бірақ кейінгі екі жылда жасанды интеллекттің  сурет салуды үйре­нуі нәтижесінде олардың саны 30 адамға дейін қысқарды. Бірақ қалған 30 дизайнердің өзі сурет салумен айналыспайды. Қазір олар Prompt Engineer, яғни алго­ритмдерге дұрыс тапсырма бере­тін мамандар ретінде қызмет етуде. Бұл – еңбек нарығының түбегейлі өзгергенінің дәлелі. Ен­дігі жерде бір ғана алгоритм жүздеген адамның жұмысын атқара алады. Сондықтан Ai-Sana бағдарламасының әзірленуі тегін емес. Оның мақсаты – еліміздегі мамандарды осындай техно­логиялық өзгерістерге бейімдеу.

– Бағдарлама университеттер­ге қандай өзгерістер енгізді? 

– Университеттер ЖИ-ді да­мытуда айтарлықтай жетістікке жетіп отыр, жастардың жаңа тех­нологияларға деген қызығушы­лығы өте жоғары. AІ-Sana бағ­дарламасының басты мақсаты – жасанды интеллект­ті тереңдетіп оқыту ғана емес, өмірде қолда­нуды үйрету. Студенттер бірнеше кезеңнен тұратын оқу үдерісінен өтеді. Алдымен олар алгоритмдер мен машиналық оқыту негіздерін игереді. Одан кейін өздерінің же­ке жобаларын әзірлеп, оны тә­жірибеде сынайды. Соңғы ке­зең­де стартаптарын инвесторларға таныстырады. Біз жасанды ин­тел­лект арқылы студенттердің кә­сіпкерлік қабілеттерін дамыт­қы­мыз келеді. Студенттер белгілі бір саланың маманы болуымен қатар, сол салада алгоритмдердің көмегімен өнімділікті арттыруды үйренеді. Қазір студент, магис­трант, докторанттардың диплом қорғау тақырыбының дені осы жасанды интелектіге байланысты болып отыр.

– Университетте DeepTech-стартаптарды қолдау қалай жүзеге асады?

– Инфрақұрылымсыз жа­сан­ды интеллектті дамыту мүмкін емес. Сол себепті үш ұлттық университетте суперкомпью­терлер орнату жұмысы жүргізілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қо­сылды. Сәтбаев университетінде Huawei компаниясымен бірлесіп, нейрожелілерді оқытуға арналған заманауи сервер орнатылды. 

Біздің Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де жаңарту жұмысы жүріп, су­перкомпьютер Ақкөл қаласын­дағы оқу базасына қойылды. Бұларды үш университет ғана емес, Ai-Sana бағдарламасына қатысатын барлық студент бірдей пайдалана алады. Профессорлар мен студенттер өз жобаларын осы ортақ инфрақұрылымда жүзеге асырады. Бағдарламаның түпкі мақсаты – жасанды интеллект негіздерін меңгерген студенттер санының артуы ғана емес, оларды осы білімді қолдана алатын маманға айналдыру.

Негізгі мотивация – студент­теріміз әзірлейтін және пайда әке­летін халықаралық деңгейдегі стартап алу ғана емес, басты мақ­сат – факультеттеріміз бен ғы­лыми-зерттеу институт­тарымыз­дың негізінде DeepTech стар­­таптарын құруға көмектесе­тін университет ішінде тұрақты экожүйені жақсартуды жалғас­тыру. Бұл мақсат AI-Sana бағдар­ламасының міндеттерімен толық сәйкес келеді.

– AI-Sana аясында шетелдік университеттермен қандай бай­ланыстар орнады?

– Біздің университет бұл бағытта АҚШ, Қытай, Үндістан елдерімен тығыз байланыс орнат­қан. Мәселен, Лу Бань шебер­ха­насы Еуразия ұлттық универси­тетінде Тяньцзинь кәсіптік инс­титутымен бірлесе отырып салынады. Бұл туралы Қытайда өткен «Дүниежүзілік кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту» конференциясы аясында Еуразия ұлттық уни­верситеті мен Тянь­цзинь кәсіп­тік институтының ректорлары келісімге қол қойды.

Лу Бань шеберханасы – қа­зақстандық және қытайлық кә­сіпорындардың ынтымақтас­­тығына, кәсіптік білім беру са­ла­сындағы халықаралық алма­суға, Қазақстанның дамуы үшін техникалық таланттарды дамы­туға, қазақстандық жастардың жұ­мысқа орналасу және мансап­тық өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін инновациялық білім беру алаңы болмақ. Шеберхана қызметінде жасанды интеллект технологиялары да қолданылатын болады. ЕҰУ-дағы Лу Бань ше­берханасы биылғы жылдың қыр­күйегінде ашылады деп жос­пар­лануда.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан бағдарлама еліміздің цифрлық болашағына қалай әсер етуде?

– 2025 жылғы 28 қаңтарда Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке ел­де­гі ЖИ дамуын жеделдетіп, оны мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға енгізуді тапсыр­ды. Бұл жобалардың сәтті жүзеге асуы заманауи цифрлық инфра­құрылымның қолжетімділігі мен кеңінен қолданылуына тікелей байланысты. 

Президенттің «Әрбір қазақ­стандық жасанды интеллект­тің артықшылықтарын, оның не үшін қажет екенін және онымен қалай дұрыс жұмыс жасау керек­тігін түсінуі керек» деп, цифрлық сауаттылықты дамытудың ма­ңыз­дылығына тоқтала келіп, жаңа технологиялық жағдайда жұмыс істеуге дайын болуды тапсырды.

AI-Sana қазірдің өзінде сту­денттерді, мұғалімдерді және кә­сіпкерлерді инновациялық даму және елдің цифрлық транс­формациясы идеясы төңірегінде біріктіріп, Қазақстанның техно­логиялық болашағының тірек нүктесіне айналуда. 

Бұл бағдарлама студенттер мен оқытушылардың ой-өрісін өзгертуге, университеттердің бі­лім беруден ғылыми-зерттеу ба­ғы­тына көшуін жеңілдетуге ар­нал­ған. AI-Sana – болашақ даму­дың стратегиялық құралына, ин­новациялар мен кәсіпкерліктің трамплиніне, сондай-ақ студент­тік кезден бастап стартап – ұлтты қалыптастырудың идеологиялық негізіне айналады.

AI-Sana бағдарламасы уни­вер­си­тетімізді жетекші зерттеу университетіне айналдырудың стратегиялық мақсаттарына сәй­кес келеді. Біз білім берудегі дәс­түрлі академиялық көзқарастан салалардың нақты қажеттілік­те­ріне бағытталған ғылыми және қол­данбалы үлгіге көшуге ұмты­ламыз.

Барлық университеттер жо­ғары қызығушылық танытып, бағ­дарламаға белсенді түрде қа­ты­суда. Әрбір ЖОО-да студент­тердің саны әртүрлі болатынын ескеру маңызды, бұл сәйкесінше қатысу көрсеткіштеріне әсер етеді. 

ЕҰУ AI-Sana бағдарламасын іске асыру бойынша елордалық төрт жоғары оқу орнының үйлес­тірушісі және кураторы. Л.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Астана қала­сының жоғары оқу орындарының жасанды интеллект (ЖИ) сала­сындағы құзыреттіліктерін дамы­туға бағытталған AI-Sana инно­вациялық бағдарламасын іске асыру аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналған онлайн-кездесу болып өтті.

Кездесу барысында цифрлан­ды­рудың барлық мүдделі тарап­тар үшін ЖИ саласындағы сапалы білімнің қолжетімділігін қамта­ма­сыз етудегі рөліне ерекше на­зар аударылды. Кездесудің негізгі мақсаты – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Астанадағы AI-Sana бағдарла­масы үшін жеткеші университет ретіндегі рөлін айқындау. Нәти­жесінде, ЕҰУ қаланың төрт жо­ғары оқу орнының үйлестірушісі және кураторы болып тағайын­далды, оларға әдістемелік қолдау көрсетуге, үздік тәжірибесімен бө­лісуге және бағдарламаның тиімді іске асырылуын қамта­ма­сыз е­туге жауапты. Бұл универ­ситеттердің қатарына: Turan-Astana University, Esil University, А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық университеті және Астана медицина университеті кіреді.

AI-Sana бағдарламасы аясын­дағы ынтымақтастық Астанадағы ЖИ саласындағы білім беру сапа­сын айтарлықтай арттыруға, Қа­зақстанның цифрлық экономи­ка­сын дамытуға елеулі үлес қо­суға, сондай-ақ қаланың жоға­ры оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайтуға мүм­кіндік беретініне сенімдіміз. AI-Sana бағдарламасы кезең-кезеңі­мен жүзеге асырылуда. Нөлдік кезеңде барлық студенттерге қолжетімді жасанды интеллект бойынша негізгі онлайн тренинг өткізілсе, одан кейін іріктеу бас­талып, 100 мыңға жуық қатысу­шы тереңдетілген оқуға көшті. Осыдан кейін іріктеуден өткен перспективалы жобалар мен идеялар кейіннен MVP кезеңіне әзірленеді. Соңғы кезең стартап­тар­ды қолдауды және олардың нарыққа шығуын қамтиды.

– Huawei, Coursera және Astana Hub ұйымдарымен серіктестік қандай деңгейде жүзеге асып жатыр?

– Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті Huawei, Coursera және Astana Hub ұйым­дарымен тығыз байланыста. Бір ғана мысал, университет до­цент­тері Coursera платформа­сында көптеген курстарды аяқ­тап, он­лайн оқытуда ерекше нә­тиже­лерге қол жеткізді. Салта­натты шарада олардың жетіс­тік­тері Coursera бас директоры Джефф Маджионкальданың сертификат­тары, сондай-ақ ес­телік сыйлық­тармен марапат­талды.

«Қаржы» кафедрасының до­центі Гауһар Қодашева 60 курсты аяқтап, белсенділік пен кәсіби­ліктің жоғары деңгейін көрсетсе, «Құрылыс» кафедрасының до­цен­ті Денис Цыгулев 31 курстан өтіп, оны платформа сарап­шы­ла­ры өте жоғары бағалады.

Бұл жетістіктер оқытушылар мен студенттердің кәсіби құзы­реттілігін дамытуға бағытталған ENU Faculty Training бірегей жобасының бір бөлігі болды. Бастама аясында ЕҰУ өз қызмет­кер­лері мен студенттеріне Cour­sera білім беру ресурстарына уни­верситет қаражаты есебінен қол жеткізуге мүмкіндік берді.

ЕҰУ – Coursera компания­сымен оқытушылар мен студент­терді қамтитын бірлескен жоба­ны жүзеге асырған Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны. Бұл тәсіл қатысушыларға кәсіби өсу, өзін-өзі жүзеге асыру және өзекті құзыреттерді меңгеру үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Қазақстандағы Coursera (BMG UpSkill) өкілдерінің ай­туынша, ЕҰУ оқытушыларының платформадағы белсенділігі 200%-ға артқан. Университет сту­денттері де өз білімдерін ке­ңейту және жаңа дағдыларды алу үшін ресурстарды белсенді пай­да­ланады.

Заманауи талаптар біліктілікті үздіксіз арттыруды және оқытуға деген икемділікті талап етеді. ENU Faculty Training жобасының жетістіктері цифрландыру және жаһандық білім беру ресурста­рына қол жеткізу Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ЕҰУ көшбасшылық ұстанымын нығайта отырып, кәсіби және даму үшін шексіз мүмкіндіктер аша­тынын дәлелдейді. 

Қорыта айтқанда, цифр­лан­дыру, ғылымды жаңғырту және жасанды интеллект саласындағы бастамалар Қазақстандағы жоға­ры білім мен ғылым жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл инновациялар елдің цифрлық болашағын қалыптастырудағы маңызды қадамдар болмақ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Мейір ЖАСЫН