Ауылдардың ажары кірді

Былтырдан бері Қостанай облысында «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асқан «Жарқын ауыл» өңірлік жобасы оң нәтижесін беріп келеді. Жоба ауылдардағы инфрақұрылымды жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

2024 жылы облыс көлемінде 700-ден астам іс-шара ұйымдас­ты­рылды. Атап айтқанда, өңірде бар­лығы 74 тұрғын үй салынып, балалар мен жастарға арналған 35 спорт алаңы орнатылды, сондай-ақ 39 қоршау қойылып, 17 көше жөндеуден өтті.

«Бұл бастама – ауыл өмірінің шынайы қажеттіліктеріне негіз­делген. Біз әр ісі­мізде халықтың сұ­ранысын ескеріп, соған жауап бе­руге тырысамыз. «Жарқын ауыл» – бұл партия мен ауыл тұрғын­дары­ның бірлескен жұмысы нәтижесін­де жүзеге асып жатқан нақты өз­герістердің көрінісі», – деді пар­тия­ның Қостанай аудандық филиа­лы­ның төрағасы Марина Растегаева.

2025 жылы жобаның жаңа кезеңі Ұзын­көл ауданына қарасты Обаған ауы­лынан басталды. Жыл басынан бері 115 меморандум бекітілді. Соның нәти­жесінде ауылдық жерлерде жолдарды жөндеу, су жүйесін тарту, көшелерді жарықтандыру, мектептер мен бала­бақ­шаларды жаңарту, жаңа әлеуметтік ны­сандар салу жұмыс­тары жүйелі түрде қолға алынады.

Мәселен, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында Айсары ауылындағы Бірлік көшесі мен Қостомар ауылындағы Крупская көшесі жөндеуден өтті. Бұрын шұңқыры көп, жүруге қолайсыз болған жолдар бүгінде ауыл тұрғындары үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысқа мүм­кіндік берді. 

«Жол – тек көлік қатынасы емес. Бұл – балаларымыздың мектепке, үлкен кі­сі­лердің ем қабылдайтын орынға қауіпсіз жетуі, жалпы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей ықпал ететін маңызды фактор. «AMANAT» партиясының жол сапасына назар аударуы – мен сияқты тұрғындар үшін аса құнды», – деді Айсары ауылдық округінің тұрғыны Сейтжан Сәндібеков. 

Сондай-ақ Половников ауылында заманауи спорт алаңы салынды. Бұл нысан «Половниковское» ЖШС дирек­торы әрі аудандық мәслихат депутаты Олег Двоеглазовтың бастамасымен іске асырылды. Қазір бұл алаңда ауыл жастары тұрақты түрде футбол, волейбол ойнап, белсенділіктерін арттыруда.

«Ауыл балалары толыққанды дамуы үшін қажетті мүмкіндіктерге қол жеткізуге тиіс. Мен көпбалалы ана ретінде бұл спорт алаңдары балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бір-бірімен араласуына жағдай жасайды деп ойлаймын», – дейді По­ловников ауылының тұрғыны Алмагүл Тоқтауылова.

«Жарқын ауыл» – бұл өмір сүру са­па­сын арттыруға бағытталған кешенді жоба. Оның іске асуы партияның өңірлік даму мен шалғай елді мекендерді қол­даудағы нақты қадамдарын айқын көрсетеді.

Елнар ЕЛТАЙ