«Қара сөздер» аудио кітабы жарыққа шықты

«AMANAT» партиясының белсендісі, белгілі журналист Елдос Төлеубаев ұлы ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының қара сөздері топтастырылған аудио жинақ жариялады. Ақынның 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – мәңгілік бағдар» жобасының тұсаукесері партияның Павлодар облыстық филиалында өтті.

Аудио жинақта Абайдың 45 сөзі толық қамтылып, музыкалық сүйемелдеумен заманауи формат­та ұсынылды.

«Оқушы кезімде Абай шығар­машылығына орай ұйымдасты­рылған байқауларға қатыстым. Әнші Нұрлан Өнербаев оқыған «Қара сөздерді» таспадан тыңдап, «Осындай дүние жарыққа шығар­ғым келеді» деп шештім. Арада 25 жыл өтті. Міне, ақыры арма­ным орындалды. Барлық 45 қара сөзді жазу оңай болған жоқ. Мен әр нұс­қаны жіті тыңдап, ұнамаған тұ­сын қайта жазып отырдым. Аудио жинақты өз дауысыммен оқып, ақынның әр сөзін терең тү­сінуге ұмтылдым. «Қара сөз­­дер» жылдар бойы жазылғаны және онда терең философия бары анық. Мен де ұлы тұлғаның әр сөзіне, әр жолына құрметпен және аса жоғары жа­уапкерші­лік­пен қарауға ты­рыс­тым», – деді Елдос Төлеубаев.

Айта кетейік, «AMANAT» пар­тиясы «Ұлттық мұра» жобасы ая­сын­да мәдени мұраны наси­хат­тауға бағытталған бастамаларға жүйелі түрде қолдау көрсетеді.

«Цифрлық дәуірде мәңгілік мағынаға ие терең ойларды ха­лыққа жеткізудің ұтымды жолда­рын табу – өте маңызды. Абайдың қара сөздері тек философия емес, ұлттық кодымыз. Біз бұл тілде жастармен және жалпы қоғам­мен сөйлесуіміз керек», – деді «AMANAT» партиясы Павлодар об­лыс­тық филиалы атқарушы хат­шысының міндетін атқарушы Ай­нұр Мұхамедьярова.

Аудио жинақ Aiqara.kz сай­тында және Halyq Radiosy эфирін­де қол жетімді. Болашақта оны Ертіс өңірінің қоғамдық көлікте­р­ін­де тарату жоспарлануда. 

Айта кетейік, «Ұлттық мұра» партиялық жобасы ұлттық тарихи және рухани мұраны қорғау, ілге­рілету бағытындағы кешенді іс-шараларды қамтиды.

Мәселен, 2019 жылдан бастап «AMANAT» партиясы жыл сайын еліміздегі қазіргі заман ақындары мен жазушыларының шығар­ма­ларын қолдауға бағытталған «Ұлы дала» республикалық шығарма­шылық байқауын өткізеді. 2022 жылғы қыркүйек айынан бері тұрақты түрде «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны ұйымдасты­ры­лады. Сонымен қатар жыл сайын ел аумағында 100-ден астам айтыс өтіп, олар дәстүрлі республикалық «Алтын домбыра» айтысында түйінделеді. Сондай-ақ жыл са­йын­ғы «Алтын тұғыр» ұлттық спорт сыйлығы тағайындалады.

Елнар ЕЛТАЙ