Іссапар барысында партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева бастаған делегация жаңа ипподром, ескек есу каналы мен спорт кешендерінің құрылысымен танысты. Делегация құрамында Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Таштеев, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бегахмет Абусейітов және қалалық мәслихат депутаттары болды.
Бірінші кезекте партия өкілдері 99 гектар аумақта салынып жатқан көпфункционалды ипподромның құрылысын зерделеді. Бәйге жолының ұзындығы 4 шақырымды құрайтын бұл нысан заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмек. Қазір «ВД Строй инжиниринг» ЖШС нысанның екінші кезеңін қарқынды жүргізіп жатыр.
«Жаңа ипподром – өңірде ат спортын дамытуға арналған ірі жоба. Бұл – тек спортты емес, ұлттық дәстүрді дәріптейтін маңызды нысан. Партия бұл жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуын жіті бақылауда ұстайды», – деді Қалыйма Жантөреева.
Сондай-ақ аманаттықтар халықаралық стандарттарға сай ескек есу каналының құрысылысын тексерді. Аумағы 100 гектарды құрайтын, ұзындығы 2,2 шақырымнан асатын бұл канал құрылысы үш кезеңмен жүргізілуде. Қазір екінші және үшінші кезеңдегі жұмыстар қатар атқарылып жатыр. Мердігер «Қаратас майнинг» ЖШС-ның жобаны белгіленген мерзімде аяқтайтыны айтылды.
Облыстық партия филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырысымен Бекзат шағынауданында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын да зерделеді. Аумағы 858 шаршы метрді құрайтын нысан М.Мақатаев көшесінде орналасқан. Бұл кешен балалар мен жастар үшін спорттық инфрақұрылымды қолжетімді етуді көздейді. Дегенмен құрылыс кестесінен кешігу мәселесі де назардан тыс қалмады.
«Партиялық бақылау тобының мүшелері кешеннің уақытында аяқталмауына байланысты мердігерге ескерту жасап, нысанды жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық пайдалануға беруді тапсырды. Балалардың спортқа жазылып, жаттығуға қатысуы үшін кешен жаңа оқу маусымы басталғанға дейін дайын болуы керек. Бұл – жай талап емес, ел аманатына берілген уәде», – деді Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Таштеев.
Тексеру нәтижесінде анықталған барлық мәселені шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Партия өкілдері барлық спорт нысанының құрылысы мен пайдалануға берілуін қатаң бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Елнар ЕЛТАЙ