Елімізде несиелік демалысты кімдер алатыны белгілі болды

Енді қиын жағдайға тап болған азаматтар белгілі бір мерзімге несие төлемін кейінге шегере алады.

Биылдан бастап Қазақстанда азаматтарды қаржылық күйзелістен қорғау мақсатында несиелік демалыс тетігі ресми түрде енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Енді қиын жағдайға тап болған азаматтар белгілі бір мерзімге несие төлемін кейінге шегере алады. Бұл құрал көп азамат үшін біршама қаржылық қиындықтарын шешуге көмектесетіні сөзсіз.

Несиелік демалыс кімдерге қолжетімді?

Мемлекеттік реттеуге сай, кредиттік каникулдар өмірлік қиын жағдайларға тап болған келесі санаттағы азаматтарға беріледі:

  • Жұмыссыз қалғандар немесе табысынан айырылғандар (ресми анықтама қажет);
  • Төтенше жағдайлардан зардап шеккендер – мысалы, су тасқыны, өрт, жер сілкінісі;
  • Әлеуметтік осал топтар – жалғызбасты ата-аналар, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және тағы басқалар.

Бұл топтарға жататын азаматтар арнайы өтініш беру арқылы несиелік демалыс алуға өтініш білдіре алады.

Қалай өтініш беруге болады?

Несиелік демалыс алу үшін өз банкіңізге немесе микроқаржылық ұйымға ресми өтініш бересіз де, қосымша құжаттарды ұсынасыз.

 Мысалы:

  • Жұмыстан босатылғаны туралы анықтама;
  • Медициналық қорытынды (егер денсаулыққа қатысты себеп болса);
  • Әкімдіктен немесе ТЖ органдарынан берілген ресми хат/акт.

Өтініш банктің ресми сайты арқылы онлайн немесе бөлімшеге барып жеке түрде берілуі мүмкін. Қаржы ұйымы құжаттарды қарастырып, 15 жұмыс күні ішінде шешім шығарады.

Демалыс мерзімі мен шарттары

Кредиттік демалыстың ең төменгі мерзімі – 3 ай. Бұл кезеңде:

  • Несиені төлеу уақытша тоқтатылады;
  • Айыппұл немесе өсімпұл есептелмейді;
  • Қосымша комиссиялар алынбайды;
  • Қарыз сомасы өзгермейді.

Егер азаматтың жағдайы түзелмесе, ол демалыс мерзімін ұзартуға өтініш бере алады. Бұл ретте жаңа дәлелдер немесе құжаттар қажет болуы мүмкін.

Құқықтық қорғау жолы

Егер банк несиелік демалыс беруден негізсіз бас тартса, қарыз алушы:

  • Қаржылық омбудсменге шағым түсіре алады;
  • Омбудсмен тараптарды тыңдап, әділ шешім қабылдайды;
  • Бұл тегін әрі заңды қорғау құралы.