Кәсіпкер 6,2 млн теңге көлеміндегі 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге 1,5 соттық жерге жылыжай салып, қызанақ, шалғам, қарбыз және жүзім өсіруді қолға алған. Жылыжайда тамшылатып суару, суды жылыту және желдету секілді жүйелер қарастырылған. Негізгі басымдық қызанақ өсіруге берілген. Орта есеппен жылына 1,5-1,8 тоннаға дейін өнім жиналады. Маусым айларында күніне 40-50 келіге дейін қызанақ теріліп, ауыл дүкендеріне және көтерме сатып алушыларға жөнелтіледі.
«Былтыр күзде қызғалдақтың тұқымын отырғыздым. Тұқымды арнайы Голландиядан әкелінген сорттармен араластырып ектім. Жылыжай ішіндегі температураны қыста 10-12 градустан түсірмей ұстауға тырыстым. Соның арқасында наурыз мерекесіне қарай 13 мың дана гүл жинап, түгелдей сатып үлгердім. Сұраныс өте жоғары болды. Әсіресе мектеп, балабақша, мәдениет үйі сияқты мекемелерден алдын ала тапсырыстар түсті. Бір күнде мың данаға дейін сатылған кездер болды. Енді келесі жылы бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, гүлді тек ауылда емес, аудан орталығында да сатуды жоспарлап отырмын», – дейді Болат Тоқбаев.
Оның айтуынша, жылыжай – жыл он екі ай табыс әкелетін тұрақты кәсіпке айналған. Бұл бағытқа бет бұруына «AMANAT» партиясы ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы себеп болған. Бағдарлама туралы алғаш рет Алматы облыстық партия филиалынан естіп, құжаттарын дайындап, несиеге өтініш берген. Қолдау мақұлданып, қажетті қаражатқа жылыжай құрылысын бастаған. Қазір бұл кәсібі арқылы ауыл ішіндегі сұранысты толық қамтып отыр.
Айта кету керек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы Алматы облысында екі жылда 1 360 адамға 11 млрд теңге несие берілген. Тек былтыр 250 жоба қаржыландырылып, тағы 31 кәсіпкерге қосымша қолдау көрсетілді.
Елнар ЕЛТАЙ