Тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

Ақмола облысы Қосшы қаласында үлестік негізде салынып, ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған бұрынғы «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы нәтижесінде жүзеге асқан нақты істердің бірі.

Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын қаржы құйған 110 отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Кілт табыстау рәсімі Қосшы қаласының мерекесіне орай ұйымдастырылып, бұл іс-шараға ерекше мән берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы­мен 2021 жылы қала мәртебесі берілген Қосшы бүгінде серпінді дамып келе жатқан елді мекендердің қатарына қосылды.  

Бұрын «Сиреневый сад» аталған тұрғын үй кешеніне «Ынтымақ» ата­уы берілді. Ақмола облысының әкімі Ма­рат Ахметжанов бұл атау ұзақ күткен үміттің ақталғанын және жаңа кезең­нің басталғанын білдіретінін айтты.

«Қосшы – болашағы зор, мүм­кіндігі мол, шығармашыл әрі еңбек­қор азаматтар тұратын қала. Соңғы төрт жылда ауқым­ды жұмыстың тек бастамасы ғана орын­дал­ды. Соның жарқын дәлелі – «Ынты­мақ» тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне пәтер кілттерінің табысталуы», – деді өңір басшысы.

Қосшы қаласындағы «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2014 жылы тоқтап қалған болатын. 2023 жылы бұл нысан үлестік құрылыс мәселелерін шешу­ге арналған өңірлік Жол картасына енгізіл­ді. Құрылыс жұмыстары «AMANAT» партия­сының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа инвестордың қатысуымен қайта жанданды. Облыс әкімдігі мен «КГС Сауда» ЖШС арасындағы өзара келісім құрылыс қайта жанданып, сегіз айдың ішінде толық аяқталды. 

Үлескерлердің мәселесін шешу – «AMANAT» партиясы үшін аймақтар­ды дамытудағы басым бағыттардың бірі. «Ынтымақ» тұрғын үй кешенінің аяқталуы – осы бағыттағы маңызды кезең. Жақын арада келесі ірі жоба – Diamond Park тұрғын үй кешенінің құ­рылысы басталмақ.

«AMANAT» партиясы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған әлеу­меттік бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. 

Елнар ЕЛТАЙ