Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде марафонға қатысып жүргендер бір рет болсын Almaty Marathon-да бақ сынағысы келеді-ақ. Өйткені бұл Орталық Азиядағы танымал жарыстың біріне айналды. Ал бұл спорт мейрамының артында бірнеше адамның еңбегі жатыр. Соның бірі – триатлоншы, спортты өмірлік серігіне айналдырған Салтанат Қазыбаева.
– Салтанат, сіз кез келген жобаға жаныңызды сала кірісесіз. Бұл спортты сүйген соң ба әлде дағды ма?
– Мен үшін ең бастысы – нәтиже. Көз алдымда жақсы дүние пайда болып жатса, ол маған қуаныш сыйлайды. Бір жобаға кіріссем, толықтай соған беріліп, күні-түні ойланамын. Қайтсем жақсы нәтиже шығарамын, қай тұсты жетілдіру керегін қаперден шығармаймын. Осылайша, әр жобаға барымды салатын болдым, әдетке айналып кетті. Кейде өзім толықтай жобаның басы-қасында жұмыс істеймін. Кейде командама сеніп тапсырамын, енді бірде серіктестеріме арқа сүйеймін. Десе де, жұмыс барысын қадағалау, келісімшарт, тағысын тағы дүниені жіті қадағалауға тырысамын. Жақында 130 адамның басын қосып, түсірілім жасадық. Бұл ұзақ жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан «Этаж» креатив агенттігімен бірге жасаған туындымыз. Нағыз командалық рухтың, жігердің танылған тұсы. Осынша адамды бір түсірілім алаңына жинап, бағыт беріп, тұшымды дүние жасау кез келгеннің қолынан келмейді. Бел шеше кірісетіндер ғана нәтиже шығарғанша талмайды. Almaty Marathon үшін қалай жүгірсем, қалған жобам үшін де барынша, жең түре кірісемін. Кейіннен нәтижесін көргенде, марқайып, арқамды кеңге саламын. Сондықтан маған жаны бар, өзіндік позициясы, қоғамға берері бар жобалар ұнайды.
– Осы ретте сізге Almaty Marathon-ын ұйымдастыру не берді? Жалпы, бұл жобаға қалай келдіңіз?
– 2012 жылы фитнес-клубымыздың туған күнін ерекше атап өткіміз келді. Жәй іс-шара емес, қала тұрғындарына қуаныш сыйлайтын, есте қалатын дүние жасауды қаладық. Сөйтіп, марафон ұйымдастыру идеясы пайда болды. Бұл идея қонақтарға да, өзімізге де ұнап қалды. Ақырында, осы іс-шара керемет жобаның бастауына айналды. Содан бері марафонды тұрақты түрде ұйымдастырамыз. Оның үстіне, Almaty Marathon жанымның бір бөлігі, балам сияқты. Жоба менімен бірге өсті, дамыды. Марафон менің қиялыма қанат бітіріп, команда жинауыма, спорттағы отбасымды табуға көмектесті. Иә, жыл санап жоба көбейіп жатыр, уақыт тапшы. Бірақ марафон дегенде «шығарда жаным бөлек». Бір қызығы, осы марафон, спорт мені жан-жарыммен жолықтырды. Талай дос таптым, ұмытылмас эмоция сыйлады.
Қазір марафонға қызығатындар көп. Еліміздің басқа қалаларында да түрлі марафон өтеді. Almaty Marathon – Орталық Азиядағы ең үлкен спорт іс-шарасы. Қуантарлығы, өткен жылғы дерекке сүйенсек, қатысушылардың 40%-ы – әйелдер. Ең егде қатысушы – алматылық Дуза Мавлютова, 87 жаста. Ол мұнымен тоқтамай, ары қарай да қатысатынын айтады. Осындай жігерлі қатысушылар жобаға дем беріп, гүлденуіне үлес қосады.
– Ал әуесқой спортшы болу жолыңызға үңілейікші. Марафонда жүгіруді қашан бастадыңыз?
– Сол, 2012 жылы Афина қаласына марафондар симпозиумына бардым. Сонда алғаш рет толық марафон жүгіріп өттім. Шынымды айтсам, марафонға қатысу өңім түгіл түсіме де кірмепті. Бірақ марафонның туған жеріне барып тұрып, жүгірмей кетсем болмас деп белді бекем будым. Қысқа қашықтықтарға орын қалмаған соң, бірден 42,2 шақырым қашықтыққа тіркелдім. Бір жағынан өзімді сынап көргім келді. Бірақ марафон бір рет көріп, «жүгіре саламын» дейтін жер емес. Үлкен дайындық керек. Физикалық дайындықтан бөлек, медицина жағынан толық тексеруден өткен жөн. Ал өзім іштей дайын екенімді сездім. Өйткені бала кезден спортпен дос болдым. Әкем інім екеумізді «тауға да, тасқа да сүйреді». Апта сайын кермеге тартылып, бассейнге, стадионға апаратын. Алғашында әкеммен бірге жүргенге, түрлі спорт түрін байқап көргенге мәз едік. Кейіннен спорт өміріміздің бір бөлігіне айналды. Бауырым да, мен де уақытты босқа өткізбеуді үйрендік. Сол үшін әкеме айтар алғысым шексіз. Осы дисциплинаның арқасында Афинада ұзақ 42,2 шақырым марафонды бағындырдым.
– Триатлон, соның ішінде Ironman жарысының төрт дүркін әлем чемпионысыз. Аталған жарысқа қатысу туралы ой қайдан келді?
– Жоғарыда айтқанымдай, әкем біздің спортпен айналысқанымызды барынша қадағалады. Бірақ бір спорт түріне байлап қойған жоқ. Түрлі бағытты көрсетіп, спортқа қызығушылығымызды оятты. Келе‑келе пауэрлифтингпен айналыстым. Артынша триатлонға келу қиын болған жоқ. Триатлонның өзі үш спорт түрінен тұрады. Жүзу, веложарыс және жүгіру. Осы, триатлонмен айналысып жүргеніме он жыл болды. Ironman жарысын триатлонды жаны сүйген адамның алға қойған мақсаты деп білемін. Әр жеңіс – қиын жаттығу мен өзіңмен күрестің жемісі. Пандемия біткен соң, чемпионат қалпына келді. Мәселен, 2022 жылы бір жылдың ішінде үш чемпионат өтті. Бәріне қатысуға тырыстым. Жасыратыны жоқ, әуелде жүзу білмедім, веложарыс пен жүгіруде жылдамдық жетпей жататын. Қазір бәрі басқаша. Босфорды жүзіп өткенім тағы бар. Ironman-нан төрт дүркін әлем чемпионы атандым. Жігіттерді басып озған кезім болды.
– Алда қандай жарысқа қатысқыңыз келеді?
– Алда Challenge Samarkand триатлон жарысына қатыссам деймін. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі Challenge Family сериясына кіретін жалғыз жарыс. Тарихы терең, табиғаты әсем Самарқанда жүгіріп, жол бойы тамсансам, энергия жинасам деймін. Әрі мұндай бастамаға қолдау білдірмей, жай жатқан болмас. Өйткені Almaty Marathon секілді ауқымды іс-шараны ұйымдастырудың артында қаншама еңбек барын жақсы білемін.
– Өмірлік ұстанымыңыз қалай? Жазбаңыздан, болмысыңыздан әйелдердің қоғамдағы орнын, олардың жетістікке жетуін қалайтын жан ретінде танимын, солай ма?
– Иә, менің болмысым сондай, әділетсіздікке жаным қас. Барынша тең құқылы қоғамда өмір сүруді қалаймын. Тек Қазақстанда емес, шетелде де әйелді екінші орынға ысырып қою бар. Мен бұған қарсымын. Осындайда әйел әйелдің досына айналып, қолдау білдірсе деймін. Сол үшін Trigada атты әйелдерге арналған спорт қауымдастығын құрдым. Олардың өзіне сенімді болғанын, барынша дамығанын қалаймыз. Спортта да, мансап баспалдағында да нық сеніммен көтерілсе дейміз. Сол үшін мақсаты айқын қыздарды бір топқа біріктірдік. Trigada-дан бөлек, Community Almaty Run атты тобымыз бар. Топтасып жүгіреміз, энергия жинаймыз. Қазақстанның әр қаласында осындай топ бар. Егер сіз де өзіңізге сондай орта іздеп жүрген болсаңыз, қосылуыңызға болады. Ал өмірлік ұстанымыма келсек, «жатқан тастың астына су бармайтыны», «мүмкін емес нәрсе жоғы», «құласаң, қайта тұрып үйрену» керегі, әрқашан шешім табуға болатыны есімнен шығармаймын.
– Қоғамда адам өз орнын табу үшін не істеуі керек?
– Адам бір орында тұрып қалмауы керек. Үнемі ізденіс үстінде жүрген жан жолын табады. Ал маған әрқашан жанымдағы жақындарым жол сілтейді. Ата-анам, басшыларым, серіктестерім, әріптестерім бар. Олармен үнемі байланыстамын. Бір білерім, кез келген істі шын ниетіңмен істеп, шынайы болсаң, өзіңді жоғалтпайсың. Сонда жан-жағың мүмкіндікке толы екенін көресің. Егер барыңды салып жұмыс істесең, алдыңдағы асуды оңай еңсересің.
Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ