– Бұл кешен Шымкенттің туризм саласын жаңа белеске көтереді. Оған еш күмәндерің болмасын, – деп сол кездегі қала әкімі көпшілікке қарап кеуде керген болатын.
– Шымкенттің шырайы енді кірді!
– Туристер ағылатын болды!
– Көрсін, біздің қаламызды!
Ұлардай шулаған қала тұрғындары сәулеті келіскен этноауылды аралап мәз-мейрам болысты. Расында, «Шымқала» нұрлана түсті. Киіз үйлерде қолөнер шеберлері келушілерге гобелен тоқу, киіз басу, былғарыдан түрлі бұйым жасау бойынша шеберлік сағаттарын өткізе бастады. Этноауылда тайқазан, киіз үй үлгісіндегі концерттік зал, қолөнершілер ауылы бой көтеріп, келушілер назарына кәдімгідей ілініп-ақ қалып еді. Ашық аспан астындағы сахна, театр шатыры, «Шеберлер ауылы», тағы басқалары әуелгіде көз қызықтырды. Қала басшылығы осында тұсаукесер, қыз ұзату, беташар, құдалық, басқа да қазақтың салт-дәстүрлерін өткіземіз деп бір желпінді.
Туристер, қала қонақтары кешегі Қоқан хандығы мен қанқұйлы Черняев атқылаған көне кенттің тірілген қалпын көруге асықты. Шығыс базары үлгісіндегі сауда орталығынан кәдесыйлар алып, бір-біріне тартулап жатты.
Бірақ бұл қуаныш көпке ұзамады. Көңілдері су сепкендей басылған қала тұрғындары тоз-тозы шыққан этноауылды көріп, зәрелері ұшты. Жыл сайын 50 мыңға жуық турист келетін алып кешен бүгінде жетім қыздың күйін кешіп тұр. Баспалдақтар үгітілген, қабырғаларға жапсырылған плиталар түсіп қалған. Базбір жатаған үйлердің қамыстан жабылған шатыры ұшып кеткен. Ал,осындай күйі кеткен этноауылға қай туристің келгісі келеді?
Қала әкімдігінің жауапты өкілінің мәлімдеуінше, «Шымқала» кешеніне екі жылда бөлінген 2 миллиард 700 миллион теңгенің ізі жоқ. Бұл бұл ма, кешеннің мемлекеттік құжаты да жоқ болып шықты. Оны бір пысықайлар жоғалтып жіберген көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі, археологиялық қазбалар кезінде табылған көне бұйымдар жеке адамдардың қолында кеткен. Қала басшылары желге ұшқан қаржылардың ізін табу үшін құзырлы органдарға деректер мен айғақтар ұсынған. Экономикалық тергеп-тексеру және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департамент қызметкерлері көзбояушылардың соңына шырақ алып түсіпті.
Бір таңғаларлығы, алып кешен ашылған күннен тура 3 ай өткенде «Шымқала» этноауылынан өрт шыққан. Ал бұл кезде мұнда құрылыс жұмыстары әлі жүргізіліп жатқан болатын. Өрт сөндірушілер қызыл жалын 80 шаршы метр жерді шарпығанын, 8 шаршы метр қораның шатыры (қамыспен жабылған) өртенгенін жазып кетеді. Бірақ өрттің шығу тарихы еш жерде көрсетілмеген.
Тергеп-тексеру және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменттері қызметкерлері былықтың бетін аша ма, кінәлілер жазалана ма, бұл жағы әзірше белгісіз. Белгілісі, қолда құжат болмаған соң Шымкент қалалық музейлер бірлестігі қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастай алмай отыр.
Ақырын күтейік.
С. ДӘНІҚҰЛҰЛЫ