«Сот үкімі шығып, сотталды»: Перизат Қайрат ісіне нүкте қойылды

Сот үкімі бойынша Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал анасы Гайни Алашбаева 7 жылға сотталды.

Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сот үкімі бойынша Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды.

Cонымен қатар Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаеваның мүлкінен 50 азаматтық талап-арызды қанағаттандыру үшін 1,5 миллиард теңге өндіріледі.

Олардан тәркіленетін мүлікке коттедж, төрт пәтер, «Мерседес» көлігі, гүл бизнесі және 97 миллион теңге көлеміндегі ақша қаражаты кіреді.

Естеріңізге салсақ, прокурорлар Қайратқа 10 жыл, Алашбаеваға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Оларға мүгедектігі бар балаларға, Таяу Шығыста зардап шеккендер мен Қазақстандағы су тасқынынан жапа шеккендерге көмек жинауға байланысты айып тағылған.

Аса ірі көлемде алаяқтық пен ақшаны заңдастыру дерегі бойынша айыпталып отыр.

Сонымен 2025 жылғы 25 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты К. мен А.-ға қатысты сот үкімін жариялады.

Қылмыстық қудалау органы К. мен А.-ны алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, бірнеше рет аса ірі көлемде жасалған алаяқтықтың үш эпизоды (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы), сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (ҚК 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 3-бөлігінің 3-тармағы) бойынша айыптаған.

Сот процесінде ұсынылған барлық дәлелдемелер жан-жақты зерттелді. 

БАҚ өкілдеріне арнайы аудио және бейнетрансляция жүргізілетін залдар бөлінді. 

Сотталушы К.-ның өтініші бойынша кейбір дәлелдемелері және оның ішінде жауаптары жабық сот отырысында қаралды.

Сотта анықталғаны

2021 жылғы 4 қазанда К. жалған құрылтай құжаттарын жасап, атауы заңды түрде жұмыс істейтін «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорына ұқсас «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тіркеген.

К. анасы А.-мен бірге алдын ала сөз байласу арқылы әрекет етіп, азаматтарды мұқтаж жандарға, соның ішінде су тасқынынан зардап шеккендер мен Палестина халқына көмек көрсету мақсатында қаражат жинауға шақырған.

Осылайша, 2021 жылғы қарашадан 2023 жылғы қазанға дейін К. мен А. оңалту орталығын салу, мүгедек балаларға көмек көрсету және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру сылтауымен 126,7 млн теңгені алаяқтық жолмен жинап, иеленген.

2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы сәуірге дейін Палестина халқына көмек көрсету сылтауымен 559,1 млн теңгені заңсыз иеленген.

2024 жылғы 1 сәуірі мен қараша аралығында Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілген кезде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету сылтауымен 2,8 млрд теңге көлемінде қаражат жинап, иемденген.

Жалпы келтірілген шығын көлемі 3,5 млрд теңгені құраған.

Жиналған қаражаттар «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігінің шотына түскен соң, К. оларды өзі мен А.-ның жеке шоттарына аударған. 

Олар қылмыстық жолмен алынған кірістерді гүл бизнесін сатып алу және жалған мәмілелер жасау арқылы заңдастырған.

Сонымен қатар, К. мен А. ұрланған ақшаны қымбат жылжымайтын мүлік, автокөліктер, әшекейлер, киім-кешек, жиһаз сатып алуға, демалыстар мен жөндеу жұмыстарының ақысын төлеуге жұмсаған.

Сот тергеуінің нәтижесінде К. мен А. өздеріне тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды.

Кінәлары жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді.

Тараптардың ұстанымы

Мемлекеттік айыптаушы:

 - К.-ға – 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын;

 - А.-ға – 8 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жазаны тағайындауды сұрады.

Сотталушылар К. мен А. кінәларын мойындамай, оларды ақтауды сұрады.

Сот неге және қандай жаза тағайындады?

ҚК 190-бабының 4-бөлігі мен 218-бабының 3-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді және ауыр қылмыстар санатына жатады.

Сот бұл қылмыстардың ерекше арсыздықпен жасалғанын атап өтті. 

Олар қазақстандық қоғамның төзімділік пен мұқтаж жандарға жанашырлық сияқты іргелі құндылықтарына нұқсан келтіріп, азаматтарда қайырымды істердің қажеттілігіне деген күмән тудырған.

Жаза мен жауаптылықты ауырлататын жағдай – қылмыстық құқық бұзушылықтардың төтенше жағдай кезінде жасалуы.

Жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. 

Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын өтелмеген.

Осыны ескере отырып, сот 

 - К.-ға – 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын;

 - А.-ға – 7 жыл бас бостандығынан айыру (оның қарт жасын ескере отырып) жазасын тағайындауды әділетті деп санады.

Сот үкімімен К. мен А. 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражаттарын жинаумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды (заңда көзделген ең ұзақ мерзім).

Ұрланған қаражатқа сатып алынған мүліктері:

«Vela Village» коттедж қалашығындағы жеке үй;

«Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен тұрақ орындары;

«Mercedes-Benz S450» 2024 ж., «Lexus LX 600» 2024 ж.;