"Әкемнің атынан "-вичті" алып тастадым": танымал әнші тегін ауыстырды

Оның тегін ауыстыруға Бауыржан Момышұлының оқиғасы әсер еткен.

Танымал әнші IL’HAN, яғни Ильхан Ихсан тегін неге өзгерткенін айтып берді,  деп хабарлайды Aikyn.kz. Ол бұл туралы AIQAP подкастында айтып берді. 

Айтуынша, оның тегін ауыстыруға Бауыржан Момышұлының оқиғасы әсер еткен екен.

– Туу туралы куәлігімде "Ихсанов" деп жазылған. Жеке куәлік алар кезде фамилиямнан "-ов"-ты, әкемнің атынан -вичті алып тастадым. Оның орнына "Аяпбергенұлы" дегенді жаздырдым. Бұл қадамға Бауыржан Момышұлының оқиғасы әсер етті. Ол кісі марапаттауға "Момышев" деп шақырғанда, "мен Момышев емеспін, Момышұлы деп шақырсаңдар ғана шығамын" деп шықпай қойғаны бар ғой. Сол сөзі маған да әсер етті. Одан кейін сыныптастарым да тегіндегі “ов"-ты алып тастады, – деді Ильхан.

Одан кейін Ильхан тегінде өнерге жақын адамдардың көп болғанын жеткізді.