Бүгін Перизат Қайратқа сот үкімі шығады: оған қайырымдылыққа қаражат жинауға тыйым сала ма?

Перизат Қайрат қайырымдылық ақшасын жұмсап тастаған.

Бүгін, 25 шілдеде, сағат 15:00-де Астана соты Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша үкім шығарады, деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушылар Перизат Қайратты 10 жылға, анасы Ғайни Алашбаеваны 8 жылға соттауды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы 10 жыл бойы қайырымдылыққа қаражат жинауға тыйым салуды да талап етті. Тергеу деректері бойынша 47 адам жәбірленуші ретінде танылды. Оған қоса, 2023 жылы Газа секторына көмек көрсету мақсатында 83 миллион теңге тағы жинаған. 

Айта кетейік, қайырымдылық ақшасына  Перизат Қайрат Астананың қымбат автосалондарынан бірнеше элиталық көлік сатып алды:

Mercedes-Benz S450 құны 88 миллион теңге;

Lexus LX-600  құны 80 миллион теңге;

Haval  құны 39 миллион теңге.

Қымбат көліктерден бөлек, Перизат  Akbulak Riviera,  Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» секілді элиталық тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, сондай-ақ  Vela Village  коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік сатып алды. Бұл мүліктердің жалпы құны 600 миллион теңгеге жеткен.

ҚМА таратқан ақпаратқа сәйкес, ол Дубай, Доха, Лондон, Ыстамбұл қалаларына жиі барып,  St. Regis,  Shangri-La,  Palazzo Versace,  Kempinski  секілді бесжұлдызды қонақүйлерде тоқтаған. Атақты  Cartier мен Louis Vuitton  брендтерінің әшекей бұйымдары мен аксессуарларын сатып алып, яхтада қыдырып, қымбат мейрамханаларда ас ішкен.

Өзінің айла-тәсілін жүзеге асыру үшін, ол жақын достары мен туыстарын қатыстырған. Олар қайырымдылық қоры қаражатын 8% сыйақы үшін қолма-қол ақшаға айналдырған.