Қазына қайнары – асылтұқым

Елімізде асылтұқымды бір бұқаның құны 6 миллион теңгеге жетті. Ең арзаны 1,5 миллионға жуықтады.

Яғни, асылтұқымды төрт түлік кәсіпкердің құнды активіне айналып келеді. Қазір елде асылтұқымды ірі қара малдың үлесі – 10,51%. Бұл – жап-жақсы көрсеткіш, сонымен бірге ол жеткенге тоқмейілсіп тоқтауға болмайтынын, алар асулар әлі алда екенін паш етеді.

Ұлттық статистика бюросының дере­гі бойынша, Қазақстанда ірі қара малдың саны 2024 жылғы шілдедегі 8 млн 153,6 мың­нан 2025 жылғы шілдеде 8 миллион 831,6 мың басқа дейін өсті. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне жүгінсек, республикада қазір­гі кезде барлық санаттағы шаруа­шы­лықтарда ұсталатын асылтұқымды ірі қара малдың жалпы саны 927 мың 874-ке жетті. Соның 562 мың 727-сі – сиыр. Қалғаны – етті немесе тұқымдық бұқа. 

Асылтұқымды ІҚМ-ның ең көп саны бойынша Батыс Қазақстан облысы көш бастады – 146 350 бас. Екінші тұғырға Абай облысы көтерілді – 113 963 бас. Бестікке Ақтөбе (83 110), Алматы (69 947) және Павлодар (69 292) облыстары енді. Асылтұқымды мал өсірудің табысты бизнеске айналғаны сонша, көшеде, тіпті қала маңында мал жаюға тыйым салынған Астанада – 91, Алматы мега­полисінде – 1 054 тегі асыл сиыр мен бұ­қаның қорада ұсталатыны анықталды. 

Саланың қарқынды дамып жатқанын өткен апта соңында Астана маңында ұйымдастырылған, шамамен 383 гектар аумаққа созылған «Jańa Dala–Green Day2025» мамандандырылған көрме-демонстрациясындағы рекордтық көрсеткіштер паш етті. Бұл ауданда түрлі техниканың демонстрациясына арнал­ған алаңдар, жол талғамайтын көлік­тердің тест-драйв полигондары, «Тиімді гектар» тыңайтқыш байқауының тә­жірибелік егістіктері, басқасы орна­ласты.

Агробизнес пен технологиялар сала­сындағы дәстүрлі көрме 10 мыңнан астам қонақты – Үкімет мүшелерін, Франция, Ұлыбритания, Германия, Нидерланд сияқты бірнеше елдің елші­сін, отандық және шетелдік фер­мерлер­ді, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру­шілер мен жеткізушілерді, аграрлық ғылым мен білім, мемлекеттік органдар мен салалық кәсіби бірлестіктердің өкілдерін жинады.

Тұңғыш рет іс-шараға Астана мен Ақмола облысы мектептерінен 500-ден астам оқушы қатыстырылды. Оларға экскурсияшылар мен педагогтер арнайы бағдарлама ұсынып, соңынан естелік сыйлықтар табысталды. Нәтижесінде, жас ұрпақта ата-баба кәсібіне деген қызы­ғушылық оянып, арасынан бола­шақ­­та төрт түлікті өсірудің майталман мамандары шығады деген үміт бар. 

Көрменің «Мал шаруашылығы» бөлігінде дәстүрлі түрде асылтұқымды ІҚМ аукционы өткізілді. Онда көрме тарихында алғаш рет бір бұқа 6 миллион теңгеге сатылды. Бұл рекордты Qazaq Аqbas тұқымының 17 айлық «Жойқын» лақап атты бұқасы орнатты. 

Мұның сыртында, тағы бір бұқа өз иесіне су жаңа, дөңгелекті трактор жеңіп алды. Maverick бүркенші атына ие, ангус тұқымды бұқа ауыл шаруашылығы көр­месі аясындағы байқауда «Үздік бұқа» номинациясының абсолютті чем­пионы атанды. 

Байқау 2 жас тобынан құралды: кіші топқа – 18 айға дейінгі тайыншалар, жоғарғы топқа – 18 айдан ересек бұқа­лар қатысты. Арасында қазақтың ақба­сы, әулиекөл тұқымдары, герефорд, ан­гус, қалмақ тұқымдары болды. Олар­дың бой-бітімін, басқа да қасиеттерін отандық және шетелдік мамандардан тұратын халықаралық қазылар алқасы бағалады. Қазының бірі, ресейлік «Сам­ар­аплем» кәсіпорнының бас директоры Светлана Серова қазақтың «Ақбас» тұқымды жануарлары тәнті еткенін айтады. 

– Байқауда бағалау кезінде түсінікті әрі қарапайымдау өлшемшарттарға сүйендік. Бұқалардың бұлшық етіне, сыртқы кейпі мен сымбат-мүсініне, дамуына, аталық ұрық бездерінің, тұяқ­тарының, аяқтарының дұрыс қалып­тасуына назар аудардық. Қосымша критерий – мінез-құлқы. Бірақ бұл тұрғыда жеңілдік жасауға тырыстық. Себебі көптеген шаруашылық елдің әр түкпірінен Астанаға дейін алыс жол жүріп келді, 2,5 мыңнан астам шақыр­ым­ды еңсерген. Жануарлар қатты шар­шады, 40 келіге дейін салмақ жоғалтқан. Жалпы алғанда, қазақстандық асыл­тұқымды малдың сапасы өте жоғары, бірінен-бірі өтеді. Қазақстан бұл бағытта қарқынды дамып келеді, – деді С.Серова.

Табадай шыжғырған шілденің шіл­ің­гір күнінің астында 2,5 мың ша­қырым жолды еңсерген батысқазақ­стандық «Сәбит» шаруа қожалығының 578 келілік «Қыран» лақапатты бұқасы кіші топтың жеңімпазы атанды. Оның қожайынына автомобиль мен мотоцикл табыс етілді. Соңғысы малшылар үшін таптырмайтын көлік: бақташылар шаршап қалатын жылқымен емес, қос доңғалақты көлік­пен қозғалғанды тиімдірек санайды. 

Жасы 18 айдан асқан ересек бұқалар тобында павлодарлық «Галицкое» ЖШС-нің 636 келілік «Доллар» лақап­атты бұқаны жеңді. Байқаудан кейін өткен аукционда иесі «Долларды» өзге өңірге 1,4 миллион теңгеге сатты. Ал «Сәбит» ШҚ «Қыранды» және байқауға қатысқан басқа бұқаларын сатпады: олар шаруа­шылыққа кері оралып, сиыр табындарын ұрықтандыруға және жер­гілікті малдың генетикасын жақсар­туға үлес қосады. Айтқандай, асылтұқымды бұқалардың иелері оларды табынын асыл­дандырғысы келетін өзге шаруа қожал­ықтарына жалға беріп те, мол табыс таба алады. 

Байқауға қатысқан 30 бұқаның 19-ы аукционға қойылды. Біреуі аяғын зақым­дап алыпты, ақсақ мал саудадан шығар­ылды. Аукционға қатысушылар нөмірі жазылған қағазды көтеру арқылы бұқалар бағасын 100 мың теңгеге қымбаттатып отырды. Ұйымдастырушылар болашақта қазақстандық аукционды онлайн фор­мат­та да қатар өткізіп, қашықтан қатысу­шылар санын көбейтуге ниетті. 

Аукцион қорытындысында бұқалар­дың көбі 1,5 миллион теңгеге дейінгі сомаға сатылды. Кейбірінің иесі бағаға қанағаттанбай, малын саудадан алып тастады. Абай облысынан келген «Дәу­рен» шаруа қожалығы «Алапатын» 2,8 миллионға, «Жойқынды» рекордтық 6 мил­лион теңгеге өткізді. Екеуінің ұрығы­ның сапасы өте жақсы бағаға ие: 10:10-ға дейін барады. Олардың атасы – 2023 жылдың чемпионы «Бублик» бұқасының салмағы бүгінде 1 тоннадан асып кетіпті. 

«Дәурен» ШҚ басшысы Нұртуған Манап чемпион-бұқаларды өсірудің құ­пиясын бөлісті. Оның айтуынша, жақсы бұқа баптау үшін оны толыққанды, құн­арлы азықжеммен қамтамасыз ету қажет. Денесінің шымыр болуына да баса мән береді: дүркін-дүркін сайын далада жү­гір­тіп, ат жаратқандай ащы терін алады екен. Сонда бұқаны май баспай, сергек болады.

Ал АШМ болса, «Асыл Түлік» ЖШС базасында асылтұқымды ірі қара мал өсірудің инновациялық технологиялары қарастырылып жатқанын жеткізді. Соның ішінде, ірі қара малды ұтымды азықтандыру, тұқым ерекшеліктері мен жасына бейімделген теңгерімді рацион­дарын енгізу, мал денсаулығын сақтау, өнімділігін арттыру, шығынды азайту және экологияға әсерді төмендету стра­те­гиялары пысықталады. Мұндай тәсіл­дер ет өнімділігі мен сапасын едәуір арт­тырып, отандық мал шаруашы­лығы­ның ішкі және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін көтеруге мүмкін­дік береді. 

Айхан ШӘРІП