Ол кейбір ел үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, енді бір ел үшін экономикалық және демографиялық даму тұрғысынан елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Бүгінде шетелде білім алушылар саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл үрдіс сапалы білімге деген сұраныстың артуымен қатар, әлемдік университеттер арасындағы үздік студенттер үшін жүріп жатқан бәсекелестікпен де байланысты.
Мәселенің төркіні қайда жатыр?
Мамандардың айтуынша, жастардың шетелге кетуіне әсер ететін негізгі фактордың бірі – жалақының төмендігі. Әсіресе, кейбір мамандықтар бойынша айлық табыс жастардың өмір сүру сапасына жеткіліксіз. Нақты айтқанда, бұл мәселе ең алдымен еңбек пен оның нәтижесі арасындағы теңсіздіктен туындайды. Қазақстанда мұғалімдердің орташа айлығы 150 мыңнан 600 мың теңге аралығында болса, дәл осы мамандық иелері Швейцарияда ай сайын шамамен 6 240 доллар (яғни, 2,8 миллион теңгеге жуық) табыс табады. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 3 900 доллар көлемінде. Германия, Норвегия, Жапония секілді дамыған елдерде де жалақы бірнеше есе жоғары. Бұл тек білім саласына ғана емес, медицина, инженерия, IT сияқты жоғары сұранысқа ие салалардағы мамандарға да қатысты.
Тағы бір басты себептердің бірі ретінде жұмыссыздық мәселесі екені де даусыз. Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы бұл көрсеткіш 4,8% болса, 2024 жылы 4,6%-ға төмендеген. Ал 2025 жылы жастар жұмыссыздығы 3,3%-ды құрады. Бұл цифрлар оң үрдісті көрсеткенімен, жұмыссыз жүрген жастардың саны әлі де баршылық. Ең басты мәселе – жұмыс бар болғанымен, оның мамандыққа сай келмеуі. Университет қабырғасынан енді шыққан түлектердің біразы мамандығы бойынша жұмыс таппай, мүлде басқа салаға бет бұруға мәжбүр. Бірі саудамен айналысса, енді бірі қарапайым жұмысшы қызметіне орналасады.
Ал өз саласында жұмыс істеуге мүмкіндік таппаған немесе жалақысы төмен, болашағы бұлыңғыр қызметтерге көңілі толмаған жастар шетелге көшуге бейім болады. Олар шетелден неғұрлым жоғары жалақыны, мамандығына сай жұмыс табу мүмкіндігін және әлеуметтік қолдауды күтеді.
– Жастарымыздың шетелге оқуға кеткенінен проблема жасауға болмайды. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен қаншама жастарымыз шетелде білім алды. Оның көбі қайтып келіп, елімізге қызмет істеп жүр. Тіпті, сол жақта қалып кеткен азаматтарымыздың өзі қандай ниетпен қалғанына қарамастан, жанама түрде болса да елге пайда келтіреді. Яғни, сонда қалып азаматтарымыз түрлі деңгейде Қазақстанды шетелге танытуға қызмет етіп жүр.
«Болашақ» бағдарламасынан өзге кейбір елдердің Қазақстан азаматтарын оқытуға бөлген мемлекеттік гранты бар. Мәселен, менің ұлым Венгрия үкіметі бөлген мемлекеттік грантпен Дебрецен университетінің магистратурасын инвестиция саласы бойынша бітіріп, қазір елде қызмет етіп жүр, – дейді белгілі ұстаз, қоғам қайраткері Өмір Шыныбекұлы.
Үмітін сырттан іздеген ұрпақ
Бірнеше жыл қатарынан жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеулер жастардың өмір сүру сапасын, білім беру деңгейін, жұмысқа орналасу мүмкіндігін, саяси тұрақтылықты өздері таңдаған елдермен салыстыра отырып, шешім қабылдайтынын көрсетті.
Алматыдағы PaperLab зерттеу орталығының деректеріне сүйенсек, жастардың 42%-ы шетелге көшуге дайын екенін немесе көшуге ниетті екенін айтқан. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстаннан шетелге 12 800 адам көшіп кеткен, оның ішінде 37,5%-ы – 20 мен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл 4 800-ден астам жас азаматтың өз болашағын туған елден тысқары жерде көріп отырғанын білдіреді.
Жастар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері қазіргі буынның шетелге көшуге деген көзқарасын ашып көрсетті. Зерттеуге қатысқан респонденттердің тек 3,8%-ы ғана шетелде білім алып, сол жерде тұрақтап қалған. Ал 8,8%-ының Қазақстаннан тыс жерде алты айдан артық уақыт тұрған тәжірибесі бар. Бұл ретте жастардың басым бөлігі – 64,8%-ы шетелде оқымаған, тұрған емес және алдағы уақытта көшуді жоспарламайды. Дегенмен 26,7%-ы болашақта елден кетуге ниетті екенін жеткізген.
Шетелге көшу ниеті жас ерекшеліктеріне қарай өзгеріп отыратыны байқалды. Шетелде оқуды және өмір сүруді қалайтын жастардың 33,2%-ын 14–19 жас аралығындағы жасөспірімдер құраса, әрбір төртінші адам – 25–29 жастағы азаматтар. Зерттеушілер бұл көрсеткішті үлкен жастағы жастардың өмірлік жағдайын тұрақтандырып үлгергенінің көрінісі деп бағалайды. Себебі бұл жас шамасындағы азаматтар көп жағдайда білім алып, отбасын құрып, тұрақты жұмысқа орналасып үлгереді. Демек, адам есейген сайын эмиграцияға ұмтылу деңгейі төмендейді.
Сауалнамада жастардың шетелге көшуге деген жалпы ниеті де сұралған. Нәтижесінде, жастардың 61,6%-ы басқа елге көшуді қаламайтынын ашық білдірген. Ал 11,5%-ы мүмкіндігінше тезірек кеткісі келетінін айтса, 17,1%-ы «көшетін уақыт келеді» деп есептейді.
Нақты мамандықтар бойынша да қызықты деректер бар. 2024 жылы кеткендердің ішінде 1 677 адам – жоғары білімді мамандар, 843 адам – техникалық сала қызметкерлері, 445 адам – экономистер, 249 адам – педагогтар, 132 адам – заңгерлер, 222 адам – сәулет және құрылыс саласының мамандары.
Студенттердің шетелге кетуінің тағы бір себебі – шетелдерде білім сапасы жоғары деген пікір әр азаматта бар. М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің Басқарма басшысы Талғат Нәрікбаев студенттерді елімізден кетуге тыйым салу мүмкін емес, бірақ мемлекет азаматтардың қалуы үшін бар жағдайды жасауы қажет деп санайды.
– Әрине, әрбір жас бай, табысты, кәсіби маман болғысы келеді. Сол себепті жастарды елімізден кеткісі келмес үшін мемлекет оларға барлық жағдайды жасауы тиіс, еңбек нарығында жалақы мөлшері жоғары болуы қажет. Сондай-ақ мамандарды жұмысқа алу процесі ашық жүргізілуі керек. Жастар жұмысқа танысы, туысы арқылы емес, кәсіби біліктілігінің арқасында адал жолмен орналасуға тиіс, – деді Талғат Нәрікбаев.
Еліміздегі жас өрендеріміздің жаппай шетелге кетуі – ұлтық мәселедегі дағда-рысқа жататын түйткіл. Бұл үрдісті тек табиғи көші-қон ретінде қабылдау қателік болмақ. Бұл бір жағынан, қоғамдағы сенімнің қаншалықты әлсіз екендігінің көрінісі. Сондықтан елге деген сенімді қайта қалпына келтіруіміз керек. Жастар тек материалдық игілік үшін ғана емес, мағынасы бар өмір үшін де кетіп жатыр. Ал егер Қазақстан жастарға сол мағынаны, мүмкіндікті, еркіндікті бере алса, олар ешқайда кетпейді. Тіпті, кеткендері де қайтып оралуы бек мүмкін.
Әсет ҚАЛИ