Шаруашылық иесінің айтуынша, соңғы екі жылда ол Ақтөбе–Орынбор халықаралық күре жолының бойындағы аумақта ауыл шаруашылығымен айналысып келеді.
«Қайтарылған жерлерді толық игеріп жатырмыз. 10-15 гектарға қызанақ, қияр, қауын, қарбыз сияқты көкөністер егеміз. Өнімді ауыл тұрғындарына көтерме бағамен ұсынамыз. 35 гектар алқапта суармалы шөп өсіреміз. Сонымен қатар жылқы ұстап, қымыз өндіру ісін де жолға қойдық», – деді шаруашылық иесі.
«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» жобасы – игерілмей жатқан немесе заңсыз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруға бағытталған арнайы бастама. Жобаны партия 2022 жылы іске қосты. Оның негізгі мақсаты – аграрлық саланы дамыту және әділ жер қатынастарын қалыптастыру.
Бүгінде қайтарылған жерлердің есебінен көптеген шаруалар жаңа мүмкіндіктерге ие болып, өндіріс көлемін ұлғайтып, жергілікті нарықты сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.