«Маған келін болып түскенге дейін не болғанын білмеймін»: марқұм Айзат Жұманованың қайын атасы жұртты екіұшты ойда қалдырғысы келеді

«Маған келін болып түскенге дейін не болғанын білмеймін»: марқұм Айзат Жұманованың қайын атасы жұртты екіұшты ойда қалдырғысы келеді
Руслан Өтепбайдың айтуынша, күдіктінің әкесі өз ұлына тағылған кейбір айыптарды жоққа шығарды.

Журналист Руслан Өтепбай марқұм Айзат Жұманованың өліміне қатысты оның күйеуінің әкесінен, яғни қайынатасынан эксклюзив сұхбат алғанын әлеуметтік желідегі парағына жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қайғылы оқиға 22 маусымда Жетісу облысы Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында болған еді. Марқұмның туыстары Айзаттың қандай жағдайда қайтыс болғанын шамалап, оны қалай ұрғанын айтқан. Ашық ақпарат ретінде тарап кеткен фотолардың өзінен марқұмды қалай қорлап, қинап, жауыздықпен өлтіргенін білуге болады. Бірақ ол мәселенің ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтай жатар. Ал бізге белгілі болғандай, 30 жастағы Айзат Маратқызы күйеуінен ауыр соққы алғаннан кейін ата-анасының үйіне жеткізілген. Артынша оны аудандық ауруханаға апарғанымен, ол жақта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, Талдықорған қаласына жөнелтілген. Алайда уақыт тым кеш болғандықтан, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Руслан Өтепбайдың айтуынша, күдіктінің әкесі өз ұлына тағылған кейбір айыптарды жоққа шығарды. Атап айтқанда, "Айзатты атпен сүйреп өлтірді" деген ақпаратты шындыққа жанаспайды деп отыр. Сондай-ақ қайғылы жағдай болған күні Айзаттың ата-енесі басқа қалада болғанын, үйде тек ерлі-зайыпты мен олардың екі жасар қызы ғана қалғанын жеткізді.

"Келіншегім бірге кетті ғой. Сол кезде Айзат қорылдап жатыр деді. Шамасы, күйеуі мен екеуінің арасында кикілжің болған. Енді ол кикілжің бір жақтан болмайды ғой. Маған келін боп түскенге дейін не болғанын білмеймін ғой?.." – деді күдіктінің әкесі.