Қостанайлық жігіт көшедегі гүлді жұлып, жерге тастағаны үшін жауапқа тартылды. ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-тармағы бойынша, яғни ұсақ бұзақылық үшін 78 мың теңгеге айыппұл салынды, – деді Аikyn.kz.
Қостанай қаласындағы "Лагуна" аквапаркінен "Бум" сауда орталығына дейінгі аралық гүлге көмкерілген. Яғни, көше бойында жағалай ыдысқа отырғызылған гүлдің бәрін жұлып, жол бойына лақтырып тастаған. Бұл келеңсіздікті қала тұрғындары таңертең байқаған.
Құқық қорғау органдары бұзақыны анықтап, ертесінде бұл істі Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот қарады.
- Сот отырысында ол өзінің кінәсін толық мойындады. Айтуынша, кафеден шыққанда мас болған. Мастықтың кесірінен неге олай істегенін түсіндіре алмады. Бірақ жасаған ісіне өкінетінін түсіндірді, – деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Алайда оның бұл әрекетін сот қоршаған ортаға құрметсіздік танытқаны деп тауып, оған 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындады.