Павлодарда көпқабатты үйдің кіре берісінде күндіз ер адам әйелге шабуыл жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Желіде Суворов көшесінде әйелге шабуылдаған ер адамның видеосы тарады. Ол әйелдің бетін тілгені білінеді. Сондай-ақ жәбірленушіні асфальтқа лақтырған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, 20 шілде Малайсары батыр көшесінің ауласында жанжал салдарынан ер адам өзі танитын әйелдің бетіне дене жарақатын салған. Полиция ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталып, қорытындысы бойынша сот шешімі шығарылады", – деді Павлодар облыстық Полиция департаменті.
Ер адамның аты-жөні анықталып, ол Павлодар полиция бөліміне жеткізілді.
Павлодар облысы азаматтарды бей-жай қарамауға шақырады:
"Егер сіз немесе сіздің жақын адамдарыңыз зорлық-зомбылыққа тап болса, үнсіз қалмаңыз. Көмек алу үшін 102 арнасы немесе "Полиция 102" мобильді қосымшасы арқылы полицияға хабарласыңыз. Анонимділікке кепілдік беріледі. Есіңізде болсын, кейде бір қоңырау адамның өмірін сақтап қалады.", – делінген хабарламада.