Қазіргі цифрландыру заманында жастардың санасын улайтын жалған ақпараттар легі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатыр. Салдарынан, ес білмеген бала, ой тоқтатпаған жасөспірім есірткінің құрбанына айналып, кейбірі табыс табамын деп жүріп қылмыстық торға қалай шырмалып жатқанын да білмей қалып жатқаны ащы шындық. Курьер болуға келісіп, болашағын өз қолымен қиып, темір тордың ар жағынан бірақ шығатын жастар қатары аз болмай тұр. Бұл мәселеге бейжай қарамаған Ақмола облыстық Полиция департаменті интернет кеңістігін ерекше бақылауға алып, зиянды контенттің таралуына тосқауыл қоюды күшейтті.
Есірткіге қарсы күрес жүргізілді
Ақмола облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы, полиция полковнигі Думан Сабыржановтың айтуынша, биылдың өзінде «Киберқадағалау» базасына 775 сілтеме тіркелген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар «Антифрод» жүйесіне 1 218 дерек енгізіліп, жедел киберқауіпсіздік шаралары қабылданған. Полиция кейінгі кезде кеңінен таралып кеткен мұндай қылмыстардың алдын алуда әсіресе ғаламтор жүйесіндегі қадағалауға баса назар аударып отырғанын айтады.
Тәртіп сақшылары халықпен кері байланыс орнату, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандыру мақсатында БАҚ арқылы белсенді ақпарат таратуды да қолға алған. Жарты жыл ішінде 314 материал жарияланған, оның ішінде 30 тележобада көрсетіліп, 254 мақала ақпарат агенттіктерінде жарық көрсе, Instagram желісінде 420-дан астам жазба жарияланыпты. Мұнымен қоса, сәуір айында облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың бастамасымен кешенді жоспар бекітіліп, әлеуметтік бейнероликтер әзірленген. Үш минуттық бейнематериалдар әр жас тобына бейімделіп түсіріліп, мектеп чаттары, тұрғын үй қауымдастықтары, LED-экрандар мен мәдени орындарда кеңінен көрсетілген. Оған қоса, бұған дейін түсірілген 15 бейнеролик те қайтадан қолданысқа енгізілгені аталды.
– Есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы ұйымдастырылған айлық аясында ақмолалық полиция қызметкерлері 100-ден астам іс-шара өткізді. Оның ішінде 11 қоғамдық акция, 2 семинар, 11 ашық кездесу, 3 дөңгелек үстел, сондай-ақ мәдени-спорттық іс-шаралар, байқаулар мен брифингтер ұйымдастырылып, халық арасында есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастыруға назар аударылды, – дейді басқарманың аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Разия Курсанова.
Жастар – басты назарда
Тәртіп сақшылары жастар мен жасөспірімдердің есірткі бизнесінде жиі «арзан күш» ретінде пайдаланылатынын ескере отырып, оларды қорғауға бағытталған іс-шараларға ерекше ден қойған. Спорттық турнирлер – кикбоксинг, каратэ, футбол, жүгіру марафондары мен ұжымдық жаттығулар жастарды салауатты өмірге үндеуге бағытталыпты. Сонымен қатар сурет және графикалық байқаулар, квест ойындары мен викториналар, зияткерлік сайыстар да жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдап, зиянды әдеттерге қарсы ішкі иммунитет қалыптастыруға ықпал етпек.
Айлық шеңберінде мектеп, колледж және еңбек ұжымдары арасында ұйымдастырылған ашық дәрістерде де есірткіге қатысты заңнамалар, оның салдары мен интернеттегі алаяқтық тәсілдерді кеңінен түсіндіру қолға алынған. Қатысушыларға жадынамалар мен бейнероликтер ұсынылып, еркін пікір алмасу арқылы құқықтық сауат арттыруға мүмкіндік берілген.
– Жазғы демалыс кезеңінде балаларға қауіп төндіретін әлеуметтік топтарға ілесу қаупі жоғары болатыны белгілі. Осыған байланысты жазғы лагерьлер мен мектептерде интерактивті сабақтар мен қауіпсіздік тренингтері ұйымдастырылып, балалар полиция бөлімшелеріне экскурсия жасап, кинологиялық қызметпен танысу мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе, есірткі іздейтін қызметтік иттердің жұмысы бүлдіршіндерге ерекше әсер қалдырды, – дейді Разия Талғатқызы.
26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні Ақмола жұртшылығы үшін есте қаларлық мәдени-әлеуметтік іс-шараға ұласты. Көкшетаудағы Абылай хан алаңында «Мен өмірді таңдаймын!» атты ауқымды акция өткізіліп, онда отбасылық жарыстар, кинологтар көрінісі, «Сенім» оңалту орталығының театрландырылған қойылымдары, спортшылар мен өнерпаздардың өнері тоғысты. OPEN AIR форматындағы концерт, викториналар мен сыйлықтар көрермен көңілінен шықты. Жалпы, айлық шеңберінде аймақтың барлық түкпірінде түгелдей іс-шаралар легі толастамағанын атап өткен жөн. Облыстың барлық аймағында жастарға арналған концерттер, марафондар, сурет байқаулары, ақпараттық кездесулер ұйымдастырылды. Әсіресе, жазғы демалыс орындарында ашық форматтағы түсіндіру шаралары жүргізіліп, оған 2 000-нан астам бала қамтылғаны мәлім болды.
P.S.
Жалпы, есірткіге қарсы айлық барысында 6 000-нан астам адамды қамтыған ауқымды жұмыс қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, ортақ жауапкершілікті терең ұғынуға жол ашты. Есірткіге қарсы күрес – тек тәртіп сақшыларының емес, барша қоғамның ортақ парызы. Бұл бастама – қауіпсіз, салауатты болашаққа бастар нақты әрі пәрменді қадам.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы