Алайда соңғы жылдары экологиялық қауіптер мен климаттың өзгеруі бізден нақты әрі батыл әрекеттерді талап етіп отыр. Осы ретте «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді және ұзақмерзімді бағдарлама ретінде айрықша маңызға ие.
«Таза Қазақстан» бұл жай ғана сенбілік іс-шарасы емес. Бұл – мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен күшімен жүзеге асып жатқан үлкен экологиялық қозғалыс. Аталған бағдарлама еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған және бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Акция аясында қалалар мен ауылдарды тазалау, көгалдандыру және жасыл аймақтарды кеңейту, су айдындарын қалпына келтіру, экологиялық білім беру мен тәрбие жайы қамтылады. Бұл бастама тек табиғатты қорғауға емес, сонымен қатар халықтың денсаулығын жақсартуға, туризмді дамытуға және халықаралық беделімізді арттыруға бағытталған.
Сәуір айында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне қатысып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» – бұл бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз», – деп атап өтті. Бұл үндеу халықтың экологиялық жауапкершілігін арттырып, табиғатқа деген қамқорлықты өмірлік дағдыға айналдыруға шақыру болды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласында ауқымды тазалық жұмыстары тұрақты түрде өткізілуде. Мәселен, Сәуле шағынауданында ұйымдастырылған сенбілікке 250-ден астам тұрғын мен коммуналдық сала қызметкерлері жұмылдырылып, 15 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Мұндай жұмыстар қаланың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуде.
Сондай-ақ Қазығұрт шағынауданында заңсыз қоқыс тастау деректерін болдырмау мақсатында рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары мен қоғамдық белсенділер бірлесе отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушыларға ескерту беруде. Ескертуге мойынұсынбағандарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Дегенмен кей жағдайларда тұрғындардың заңсыз қоқыс тастауына инфрақұрылымның жеткіліксіздігі себеп болып отыр. Қалдықтарды заңды түрде тапсыру үшін арнайы полигондармен келісімшарт қажет. Бұл қарапайым еріктілер үшін қиындық тудырады.
Белсенді азамат Сүлеймен Қамбаровтың айтуынша, Қазығұрт шағынауданында қоқыс шығару жұмыстары екі мекеме арқылы атқарылады. Коммуналдық қызметтер ішкі көшелерді тазаласа, «Бастау 03» ЖШС ірі көлемді қалдықтарды жинаумен айналысады. Алайда олардың жұмысы кейде уақытылы орындалмай, тұрғындардың наразылығын туғызады. Әкімдіктің араласуынан кейін бұл мәселе реттеліп, қазіргі таңда қоқыс шығару жұмыстары тұрақты жолға қойылған.
Рейдтік шаралар мен сенбіліктер экологиялық тәртіпті қалыптастырудың бір бөлігі ғана. Ең бастысы, әрбір азаматтың табиғатқа деген мәдени көзқарасын тәрбиелеу. Тазалықты сақтау тек айыппұлдан қорқу емес, ол әрбіріміздің борышымыз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы