Қабылдауға партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әсел Сарманова, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева және басқарма басшылары қатысты.
Алдын ала қабылдауға 15 адам жазылып, олардың 11-і келіп, өзекті мәселелерін жеткізді. Кездесу барысында тұрғын үймен қамту, әлеуметтік қорғау, экологиялық жағдай және инфрақұрылым жайы сияқты маңызды сұрақтар талқыланды.
Өтініштер тек Ақтөбе қаласынан емес, сондай-ақ облыстың аудандарынан да келіп түсті. Мысалы, Ырғыз ауданының тұрғыны Б. Нысанбаев Амангелді ауылдық округіндегі жолдардың жағдайы мен экологиялық ахуалды көтерсе, шалқарлық кәсіпкер М. Көшетов тұрмыстық қалдық тасымалына арналған техника алуға қолдау сұрады. Ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар да әлеуметтік көмек мәселесін қозғады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров халықпен тұрақты кері байланыстың маңызын атап өтті.
«Азаматтарды тыңдау, олардың мұң-мұқтажын түсініп, заң аясында шешу жолдарын табу – біздің басты міндетіміз. Біз тұрғындармен ашық диалогке дайынбыз», – деді облыс әкімі.
Қабылдау барысында айтылған барлық өтініш бақылауға алынды. Кейбір мәселелерді шешу уақытты қажет етеді, ал өзгелері тиісті органдардың қатысуымен жұмыс тәртібінде қаралады.
Елнар ЕЛТАЙ