Жұбановты жақтырмаған Брусиловский және тапанша ұстаған Мүсірепов: қағазға түскен естелік

Жұбановты жақтырмаған Брусиловский және тапанша ұстаған Мүсірепов: қағазға түскен естелік
Мұндай естеліктер сол дәуірдің рухын, тұлғалардың шынайы болмысын жеткізеді.

Қазақстан мәдениетінің қалыптасу жолында өз ізін қалдырған тұлғалар туралы мәліметтер әрдайым қызығушылық тудырады. Бұл құр мақтаудан құралған пафос мәтін емес, сол адамдармен аралас-құралас болған, бірге жұмыс істеген замандастарының естеліктері арқылы өрілген дерек болса, тіпті құнды деп ойлаймыз. Себебі мұндай естеліктер сол дәуірдің рухын, тұлғалардың шынайы болмысын жеткізеді.

Бүгінгі мақала дәл сондай бір ерекше естелікке арналады. Біз арқау етіп отырған дереккөзі  – композитор, өнер қайраткері Евгений Брусиловскийдің естеліктері. Бұл жазбаларда тек біржақты мадақтау жоқ. Автор кейіпкерлерінің мінезін, сыртқы бейнесін, әрекетін бүкпесіз баяндайды. Бірін мақтайды, екіншісіне езу тартады, ал кейбіріне сын көзбен қарайды. Осы ашықтығы мен шынайылығы Брусиловский естеліктерін (Алматы, 2022) аса бағалы әрі сенімді дереккөзге айналдырады.

Естеліктің біз үшін қызықты тұсы – Евгений Григорьевичтің Алматыға келген сәтінен басталады. Біраз уақыт өткен соң, сол кездегі музыкалық-драма техникумының директоры Сағыр Камалов оны үйіне қонаққа шақырады. Қонақта Брусиловскийден бөлек, ағайынды Жұбановтар мен Ғабит Мүсірепов болған екен. 

Ахмет Жұбановтың ағасы Құдайберген Жұбанов  керемет тұлға еді. Ол – келбетті, сымбатты, сөзі мен түрінен бірден парасат пен тереңдік аңғарылатын ерекше жан болатын. Інісіне онша ұқсай қоймайтын. Бұйра шашы толқындап төгіліп, шекесінен ағара бастаған, көздері үлкен, қарақаттай терең, жүзі жылы, күлкісі сыпайы да мейірімді болатын.

Сөйлегенде оның білімді, көкірегі ояу, дүниетанымы кең екенін бірден байқайсың. Тек лингвистика саласын емес, түрлі ғылым салаларын жетік меңгерген адам екені сөз саптауынан-ақ сезілетін. Әңгімесі мазмұнды, фактіге толы, қызықты да тартымды өтетін. Сөзді еркін әрі табиғи ағыспен жеткізе білетін. Мен оны мұқият тыңдап, бар ынтаммен құлақ асатынмын. Ол – жаратылысынан ұстаз, әрі ғылымның нағыз өкілі еді. 

Қ.Жұбановтың мінезі мен болмысы жайлы басқа да естеліктерден жиі кездестіреміз. Ол айналасына шуақ шашып, білім мен парасаттың биігінен сөйлейтін жан болған екен. Өкінішке қарай, егер ол репрессияға ұшырамай, ғұмыры үзілмегенде, қазақ ғылымының бағы бүгінгіден де жарық болар ма еді, кім білсін...

Ары қарай Евгений Григорьевич Ғабит Мүсірепов жайлы жазады.

Қасымызда жас жазушы Ғабит Мүсірепов отырды. Ол сол жылдары барлық басшылықтағы партия қызметкерлері киетін жартылай әскери формада киген сымбатты ер адам еді. Сөзі көп емес, бірақ әрбір айтқаны орнықты әрі дөп тиіп жататын. Ол жайлы маған кезінде Махамбет Бөкейханов айтып берген еді. Ғабит сол кезде Халық ағарту халық комиссариатының өнер кадрлары бөліміне жетекшілік ететін. Махамбеттің аузынан бұл қызмет “табиғи емес кадрлардың бастығы” (начальник искуственных кадров) деп естілетін. 

Мен оның келісті жүзіне қарап отырып, әйелдердің арасында танымалдығы көп екенін түсіндім. Мұндай ер адамдар әйелдерге ұнайды. Сырт көзге салқын, бірақ іші оттай, жұмсақтық пен қаталдықты қатар ұштастыра білетін.

Ары қарай Ахмет Жұбанов пен үй иесі жайлы бірауыз сөзді жазып кетеді. Реті келген соң айта кетейік, Сағир Камалов 1938 жылы репрессияға ұшырап, сотталып кеткен.

Кіші Жұбанов, әдеттегідей, тұйық, құрғақ әрі сирек сөйлейтін. Сағир болса, көзін ойнақтата отырып, әңгімені шебер ұйымдастырды, кеш қызықты, тартымды, мазмұнды өтті.

Брусиловскийдің естеліктерінде Ахмет Жұбанов туралы көп айтылады. Алайда бұл естеліктердің басым бөлігі сынға, теріс көзқарасқа толы. Ахаң не істесе де, Брусиловский оны мінеп, кемшілігін іздеумен болады. Оның бұлай жазуының нақты себебі бізге беймәлім. Әлденені іштей түйсек те, этикалық тұрғыдан оны ашып айтуға ниеттенбедік.

Естелікте бұдан әрі сол уақыттағы қаланың тыныс-тіршілігі, нақтырақ айтқанда, қауіпсіздік мәселесі сөз болады. Брусиловскийдің жазбаларында Алматының алғашқы жылдары аса қауіпсіз қала болмағаны, көшеде бұзақылардың көп кездесетіні, кейде тонап кететін, тіпті адам өлтіруге дейін баратын жағдайлар болғаны бірнеше жерде атап өтіледі.

Біз Камаловтың үйінен түннің бір уағында шықтық. Аспанда толған ай жарқырап, түн тым-тырыс әрі бейбіт еді. Қала әдеттегідей ерте тыншып, терең ұйқыға батқан. Мүсірепов көкірегінен №2 маркалы браунингін (тапаншасын) шығарып, екеуміз асықпай төмен түсіп, парк жаққа беттедік.

Паркке жеткенде, Ғабит мені Маркс пен Гоголь көшелерінің қиылысына дейін шығарып салмақ болды, ал өзі парктің ішіне кірмеді. Мен де қарап қалмай, өзімде «Смит-Вессон» (револьвер) бар екенін білдіріп, қажет болса қорғана алатынымды айттым.

Абырой болғанда, қару қолданудың қажеті болған жоқ...

Евгений Брусиловскийдің естеліктері – кеңестік дәуірдегі қазақ мәдениетінің тыныс-тіршілігін, тұлғалар арасындағы қарым-қатынасты, замана ахуалын шынайы суреттейтін құнды дереккөз. Әрине, оның кей кейіпкерге қатысты көзқарасы біржақты болуы мүмкін, алайда бұл сол кезеңнің көңіл күйі мен адамның ішкі дүниесін ашып беретін бағалы ұсақ-түйектер деп айтуға болады. Бұл естеліктерден біз тұлғалардың тек сырт бейнесін емес, олардың мінезін, өзара қарым-қатынасын, қоғамдағы орнын да көре аламыз. Сол арқылы тарихты тек құжаттан емес, тірі сөзден тануға мүмкіндік аламыз.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.