Алайда бұл динамика басқа жайттан хабар береді: шынында сала іріленіп, «шортандар» «шабақтарын» жұтып қойып жатыр. Компаниялар санының азаюы содан. Ал нарықты жайлаған алпауыттар өз брендімен жұмыс істейтін желілерін қаптатып ашуды жалғастырды. Сарапшылар бұл сала әлі де көлеңкеде қалып тұрғанын, тәртіп пен реттеуді күшейту талап етілетінін ескертеді.
Атауы – қастерлі, қарекеті – қатал
Әлеуметтік желіде тараған әзілдің бірі: «кез келген сөзді алсаңыз, ол ломбардтың атауы болып шығады». Осы қаржы ұйымдарының ресми тізіміне үңілсеңіз, қазақ үшін қастерлі сөздердің неше атасын табасыз: Сәлем Ломбард, Жер Ломбард, Асар Ломбард, Көмек Ломбард, Ру Ломбард, Хан Ломбард, Береке-Финанс Ломбард, Ел – Дана Ломбард деп кете береді. Әрқайсысының атауы халыққа барынша жақын, етене, «өзіміздікі» екенін көрсетуді мақсат етеді.
Айтпақшы, ломбардтар тіркелмей-ақ жұмыс істей береді. Солай жасады екен деп, бұл ұйымдарға күш құрылымдарының жасағы сау ете қалмайтын көрінеді. Сонда қандай жаза бар? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында «Микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың (МҚҚЖҰ) әкімшілік жауапкершілігін күшейту бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын» жариялады.
Себебі 2025 жылғы 10 қаңтарда қабылданған «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы тиісті түзетулерін ала келіпті. Оған сәйкес, егер ұйым ломбард ашқаны туралы агенттікке мүлдем хабарламаса немесе уақтылы хабарламаса, ол үшін 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке (осы жылы 157 280 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуіне тура келмек. Болды. Мұндай жазаны ломбардтар шыбын шаққан құрлы көрмесі даусыз. Қажет болса, бұдан он есе көп соманы әп-сәтте санап берер еді. Тек заңсыз қызметін жалғастыруға кедергі келтірмесе болғаны...
Жалпы, сонау 2020 жылғы қаңтардан бері Мәдина Әбілқасымова тапжылмай, табан аудармай басқарып келе жатқан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ломбардтарға көп назар аудара бермейтіні байқалады. Ведомство биржалар, банк секторы, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру нарығы, жинақтаушы зейнетақы жүйесі, кредиттік рейтинг агенттіктері мен инвестициялық қорлардың қызметін реттеуден бас көтере алмай жатқандай.
Бұл байламның дәлелі – агенттік ломбардтардың ағымдағы жай-күйі туралы жыл басынан бері бірде-бір рет жеке есеп-баяндама әзірлемеген, агенттіктің ресми сайтынан ол табылмады. Есесіне жауапты басқа салаларға арналған бөлек-бөлек есептер қаптап тұр және ай сайын дерлік шығарылады.
Тіпті, 2025 жылғы 25 маусымда жарияланған «Терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін ұлттық бағалау» есебінде өзге барлық қаржы ұйымы ескерілгенде, аққұла ломбардтар тыс қалыпты. Сонда агенттік шенеуніктері лаңкестердің ломбард өрісіне аяқ баспасына, оны сұмдық істеріне пайдаланбасына жүз пайыз сенімді болғаны ма?
Клиенті күліп кіріп, жылап шығады
Қазақстанда ломбардқа жүгінетін адам өте көп, олардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуі осыны дәлелдейді. «Ломбардтан алған қарыз банк не МҚҰ-дан несие немесе ипотека алуға кедергі болмайды», – деп хабарлады қаржы нарығын реттеу агенттігі. Сондай-ақ шектен тыс борышқа батқандықтан банктер мен МҚҰ-лар несие бермей қойған адамдар ломбардқа жүгіреді. Олардың тұйыққа тірелген аянышты жағдайын бұл ұйымдар жақсы біледі және жан-жақты пайдаланады.
– Барлық алтын әшекейімді ломбардқа (атауын атады) салуыма тура келді. 2 миллионнан асатын қарыз алдым. Күні кешеге дейін проценттерін тегіс төлеп тұрдым, бір күн де жіберген жоқпын (ломбардтар күн сайын төлеуді талап етеді). Желтоқсанда ломбард жабылып қалды, бутигінің есігіне құлып салып қойды, ішіне кіре алмадым. Телефонына қоңырау соқсам, ешкім жауап бермейді. Алтындарымды кері сатып алайын дегенмін. Кейін олар маған хабарласып, алтын бұйымдарымды сатып жібергенін айтты. Олардың жұмыс істемегенін дәлелдейтін фото бар. Дүңгіршегі әлі күнге жабық. Бас кеңсесі Алматыда. Директорына шыққанымда, әшекейлерімді кері алу уақытын созып баққан. Енді мынадай қылып тұр, тонау ғой! – дейді елорда тұрғыны Лидия (есімі өзгертілді).
Созбалаңға салу – кез келген ломбардтың жазадан құтылуына негіз болады. Себебі агенттік оларға клиенттерінің қымбат затын 1 ай ғана сақтауға рұқсат етіп қойыпты. Мысалы, валюта айырбастау бекеттері бейнежазбаларының өзін 4 ай сақтауға міндеттенген. Ал бағалы затқа бір ай ғана бөлінген. Салдарынан, Лидия сияқты тұтынушылардың құқығын агенттік те қорғай қоймайды.
– Қарызды өтеу мерзiмi өткен жағдайда ломбард қарыз орнына қабылдап алған бағалы бұйымды тағы 30 күн сақтауға мiндетті. Осы уақыт өткеннен кейін ол бұйымды сатуға құқылы. Кепiлге салынған мүлiктi сату кезiнде ломбардтағы заттарды кепiлге беру туралы шарт бұзылады, бұл ретте қарыз алушының мiндеттемелерi жойылады. Кепіл затты сату актісі немесе оны ломбардтың меншігіне айналдыру туралы шешім және қарызды өтеу туралы анықтама сияқты құжаттар қарыздың тоқтатылғанын растайды, – деді қаржылық реттеуші.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша (одан өзекті мәліметті ведомство әлі күнге жарияламады) Қазақстанда 908 микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйым болса, соның басым көпшілігі – 480-і ломбард. Микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) саны – 213, кредиттік серіктестіктердің саны – 215.
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
2023 жылы елде ломбардтар саны 548 болса, 2024 жылы – 521-ге, 2025 жылы – 480-ге дейін азайды. Соған қарамастан, олардың қазынасы екі жылда екі еседей өскен: 2023 жылғы 252 миллиардтан 2025 жылы 420 миллиард теңгеге дейін артты. Тек биылғы жыл басынан бері ломбардтардың табысы 13,2% ұлғайыпты. Бұл сандар Қазақстанда ломбардтардың қарқынды жабылып жатқанын емес, тек компаниялардың бір-біріне қосылып, іріленіп, саланың олигополиялана бастағанын білдірсе керек.
Күні бүгінге дейін бұл ұйымдардан қарапайым халық 2 триллион 558 миллиард теңге қарыз алған. Ломбардтардың активінің 71,3%-ын микронесие құрайды. Яғни, халық үстінен пайда тауып, күн көріп отыр. Ломбардтардың жиынтықты төл капиталы 268 млрд теңгені құрайды немесе жалпы активтегі үлесі 24,7% ғана.
Тәртіпті жұрт жеңілдікке сеп
Берешек батпағына батқан бұқара қолындағы асылын ломбардқа амалсыз тапсырады және көбісі оны кейін қайтарып алуға күш салады. Сондықтан одан алған шағын несиесінің төлемін уақытылы төлеп тұрады. Агенттіктің мәліметі бойынша, сала ұйымдарының портфелінде төлем енгізудің тоқтатылғанына 90 күннен асып кеткен микрокредиттер үлесі 2025 жылғы 1 сәуірде небәрі 3,5% болды.
– Микроқаржылық қызмет туралы заңға сәйкес, микроқаржы нарығы 3 сегменттен тұрады, бұлар – кредиттік серіктестіктер, ломбардтар және микроқаржы ұйымдары. Мұнда нарықтағы субъектілерінің саны көп болғанына қарамастан, ломбардтардың кредиттік тәуекелі деңгейі төмен және бұларда қаражаттың қайтарымдылығы жоғары деңгейде. Проблемалы микрокредиттерінің деңгейі де шамалы: ломбардтар қызметінің ерекшелігіне, атап айтқанда, тек кепілзатпен қамтамасыз етілген микрокредиттер беруіне байланысты қайтарылмайтын несие жалпы портфелінің 3,5%-ын ғана құрайды, – деп түсіндірді қаржылық реттеуші.
Агенттік дерегінше, ломбардтардың қызметі – жеке меншігіндегі кез келген мүлікті кепілге алу арқылы азаматтарға жеке тұтынуы үшін 8 000 АЕК-ке (2025 жылы – 31 млн 456 мың теңгеге) дейінгі мөлшерде қысқамерзімді микрокредиттер беру. Сонымен қатар ломбардтар клиенттері тапсырған, құрамында бағалы металдар мен асыл тастар бар зергерлік бұйымдарды есепке алуды, сақтауды және сатуды жүзеге асырады.
Тәуекелі аз әрі клиенттері де тәртіпті дегенді алға тартып, шенеуніктер алда ломбардтарға тағы да жеңілдік жасауы мүмкін. Осы орайда қаржы нарығын реттеу агенттігі «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңының жобасын әзірледі.
– Атап айтқанда, ломбардтардың, кредиттік серіктестіктердің және МҚҰ-ның қызметін заңнамалық деңгейде санаттау-категоризациялау жүзеге асырылатын болады. Мұнда олардың бүгінде іс жүзінде, нақты қалыптасқан бизнес-моделі басшылыққа алынады. Оларға қатысты реттеушілік талаптар, рұқсат етілген операциялардың тізбесі мен мөлшері кешенді түрде қайта қаралады, – деп хабарлады агенттік.
Оның түсініктемесіне сәйкес, қазір микроқаржылық қызмет туралы заңнамада МҚҰ, КС және ломбардтардың жүзеге асыруына рұқсат етілген операциялардың бірыңғай тізбесі ғана көзделген. Соның салдарынан, агенттік сарапшыларының пайымдауынша, қолданыстағы реттеу тетіктері МҚҰ, КС және ломбардтар қызметінің ара-жігін ажыратуды қарастырмайды. Осы нарық сегменттерінің ерекшелігін, олардың бизнес-моделін, қызметтерінің экономикалық мәнін, қаржылық тәуекелдерінің әртүрлілігін ескермейтіні агенттікті қапаландырады. Ол мұны «қате» санап, түзетуге белсенді.
Әбілқасымованың ведомствосы өз мойнынан біраз жүктемені алып тастап, жүгін жеңілдетуге де ниетті. Бұл үшін жаңа заң жобасы аясында жекелеген бақылау-қадағалау функцияларын нарық ойыншыларының өзі құрған «өзін-өзі реттеу ұйымдарына» (ӨРО) тапсыратын болады.
«Жекелеген бақылау-қадағалау функцияларын ӨРО-ға беру арқылы нарықтың даму деңгейін және сандық құрамын ескере отырып, реттеуші ортаны реформалау. Өзін-өзі реттеу институтын енгізу есебінен нарықтың ашықтығын және микроқаржыландыру нарығы мен коллекторлық қызметтер нарығы субъектілері қызметінің стандарттарын арттыру», – делінген жаңа заң жобасының реттеушілік құжатында.
Сондықтан ведомство ломбардтардың қызметін лицензиялау тәртібін өзгертуді жоспарлап отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа заңмен бірге ломбардтарға қатысты жаңашылдықтар келесі 2026 жылы қолданысқа енгізіледі деп жоспарлап қойды. Бірақ ол үшін Әбілқасымованың командасы Парламенттің келісімі мен толық құптауына қол жеткізуі қажет.
Бәлкім, заң жобасын талқылау барысында қалаулылар ломбардтардың шашбауын көтермей, жеңілдету орнына олардың жауапкершілігін күшейтер, шектен шықса, табанына тас қоятын тегеурінді тетіктерді енгізер? Онсыз жұртшылық әрі қарай да ломбардтарға жем болып, қарыз шыңырауына терең құлай береді.
Елдос СЕНБАЙ