Қызылқоғалық бір тұрғын, тіпті бейнеүндеу жасап, алыс жолға шыққанда көліктің қызып кетуінен және істен шығуынан сақтану үшін радиаторға қорғаныс торын орнатуға кеңес берді. Тұрғын көлігінің капотында ондаған шегірткенің жиналып қалғанын да көрсетті. Расын айту керек, зиянкестердің көптігінен «Қарабау-Миялы» күрежолында көлік қозғалысы қиындап отыр.
Қазір зиянкестер зақымдаған аумақтың көлемі анықталуда. Ерте көктемде облыс бойынша 128 мың гектар алқапта шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізілген болатын. Бірақ шілде айы басталысымен зиянкестер қайта бас көтерді. Қазір шегірткемен күрес қайта қолға алынды. Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановтың айтуынша, шегірткемен күрес күшейтілген бағытта жүзеге асып жатыр.
«Қосымша өңдеу жұмыстарына 68 миллионан астам қаражат қаралып жатыр. Атырау облысы бойынша фитосанитарлық болжамдар әдістемелік орталығы қазір сол ұшып жатқан шегірткелердің бағытын қарап, қоныстарын анықтайтын болады», – деді спикер Азат Қапанов.
Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасынан анықтағанымыздай, итальян прусы дернәсілдерінің алғашқы жаппай шабуылы 6 мамырда тіркелген. Ал 16 мамырдан бастап өңірде ауқымды химиялық өңдеу жұмысы басталған. «Зиянкеспен күресте жеңіл авиация, дрондар, желдеткіш бүріккіштер және газогенераторлар қолданылды. Мониторинг жұмыстарын мамандар, ғалымдар және жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылған жұмысшылар жүргізіп отырды.
Бүгінгі күнге дейін 55 мың гектардан астам жер өңделді. Оның ішінде, 38 413 гектары – үйірлі шегірткеге, ал 17 510 гектары – үйірсіз түрлерге қарсы өңделген. Негізгі жұмыстар аяқталғанымен, қазір жекелеген учаскелерде қосымша тазалау жүргізіліп жатыр», – деп нақтылады ведомство өкілдері.
Мамандардың айтуынша, итальян прусы далалы аймақта жайылымдық өсімдіктермен қоректенеді, бірақ ол дәнді дақылдарға да айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Итальяндық прус пен азиялық шегірткенің қауіпті деңгейде көбеюі – Құрманғазы ауданында да тіркеліп отыр.
Мамандардың айтуынша, шегіртке дернәсілдерінің жаппай шығуы көршілес Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарымен шекаралас аумақтарда байқалған. Кейін олар Атырауға ауа райының ыстық әрі құрғақ болуына байланысты еркін таралған. Каспий теңізі маңындағы аралдардың кеуіп, көбею ортасына айналуы да қосымша қауіп туғызуда. Атырау облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының өкілі Ізбасар Қабиевтің айтуынша, шегіртке шабуылы – бұл тек ауыл шаруашылығы ғана емес, экожүйенің дабылы. «Климаттың өзгеруі зиянкестердің ерте шығып, кең аумаққа таралуына әсер етті. Атырауда бұл – табиғи тепе-теңдіктің бұзылғанының белгісі. Шұғыл әрі жоспарлы бақылау ғана жағдайды тұрақтандыра алады», – дейді маман.
Сол себептен де Атырау облысының фитосанитарлық инспекциясы фермерлер мен ауыл тұрғындарын қырағы болуға шақырады. Шегіртке ошақтары байқалған жағдайда аудандық және облыстық мамандарға дереу хабарлауға шақырып отыр.
Өкінішке қарай, Атырау облысы шегірткелер шабуылымен бірінші рет кездесіп отырған жоқ. 2024 жылдың шілде айында Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға және Махамбет аудандарында шегірткелер ауылшаруашылығына үлкен зиян келтірген болатын. Бағбандар бау-бақшасындағы қияр, сәбіз, қарбыздың түгел жойылғанын, тіпті у шашу шаралары да нәтиже бермегені туралы хабарлаған еді.
Мамандар шегіртке популяциясының әрбір 10-12 жылда локальды шарықтау шегіне жететінін атап өтуде. «2024-2025 жылдары дәл сол цикл келіп тұрды. Сонымен қатар аптап ыстық, құрғақ климат және Каспий маңындағы су деңгейінің төмендеуі – осы толқынға жағдай жасады», – дейді Атырау облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының өкілі Ізбасар Қабиев.
Мамандардың айтуынша, Атыраудағы шегіртке індеті – тек ағымдағы жағдай емес, тарихи циклдің көрінісі. 10-12 жылда бір қайталанып келетін бұл індет климаттық факторлармен күшейеді. Ендігі жерде біздің міндет – өткеннен сабақ алып, табиғаттың заңдылығы мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығы арасындағы теңгерімді сақтау.
Шегіртке – ең алдымен егіннің жауы. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда ең ірі толқындардың бірі 1999-2000 жылдары болған. Бұл жылдары шамамен 220 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шеккен. Шабуылдардан кейінгі жылдары елде 10 миллион гектардан астам жер химиялық өңдеуден өтіп, ал агротехникалық шара арқылы 5 млн гектар жер өңделген.
Соңғы онжылдықтарда шабуылдар жиілеп, 2020 жылы – 514 мың гектар, 2021 жылы – 626 мың гектар, 2022 жылы – 975 мың гектар, 2023 жылы – 1,6 млн гектар жер өңделді. 2024 жылы 2,4 млн гектар жер шабуылға ұшырап, мемлекет 8,1 млрд теңге бюджеттік шығынға ұшырады.
Қалай десек те, Атырау облысындағы шегіртке індеті – кездейсоқ жағдай емес. Бұл ұзақмерзімді тарихи-экологиялық процесс нәтижесі. Сол себепті мамандар алдын ала мониторинг, ауа райы, су деңгейі және жұмыртқа шығыс циклын бақылауды, трансшекаралық серіктестікке ден қоюды, химиялық өңдеуде экологиялық шараларға көбірек назар аударуды ұсынып отыр. Шегіртке оңай жау болмай тұр...
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы