Ол махаббатты, сағынышты, табиғатты сыр ғып жырлаған нәзік жүректің иесі еді. Оның әр өлеңі көктемгі жауын сияқты: тамшысы – жылы, сезімі – тұнық, үні – мөлдір. Оның жырлары ән болып шырқалды. «Жұлдызым», «Сағындым сені», «Егіз лебіз», «Қоштасудың қиыны-ай» сияқты туындылары халық жүрегінен орын тапты. Ендеше Исраил Сапарбайдың қалдырған мұрасы ешқашан өлмейді. Көктем келген сайын, махаббатқа бөленгенде, даланы сағынғанда – біз оның жырларын айтып, ақынды еске аламыз...
Исраил Сапарбай – Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған кезінде дүниеге келген ұрпақ өкілі. Әкесінен екі жасында ерте айырылады. Қиын-қыстау заманда төрт баланы анасы бағып-қағып, қатарға қосады. «Екі жарым жасымда сал болып қалған мені анам өзі емдеп алған екен. Жығылғанға жұдырық дегендей, бес-алтыға шыққанда асық ойнап жүріп екі аяғымды шоққа күйдіріп алыппын. Онда да анам бәйек боп жүріп ем-домын жасайды. Қатты күйіп кеткендіктен, аяғым қатты зақымданды. Балалардың келемежіне шыдамай, намысшылдығымнан түнде ай жарығында жаттығып жүріп, түзу жүруге машықтандым. Әйтпегенде, мүгедек болып қалуым әбден мүмкін еді. Есейе келе ағам Исмайыл Шымкенттегі Педагогикалық институтты тәмамдап, менің де жоғары білімге жолым түсті. Ал ақындығым ана сүтімен дарыған десем артық айтпаспын», – деп жазушы сәби күнін еске алыпты.
Ақын тағдырдың талай тауқыметін көріп, соның бәрін жүрегімен көтере жүріп, жырымен биікке жетті. Жоқшылық оның рухын жасыта алмады, қайта ширықтырды. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта ән мен 150-ге тарта ән мәтінінің авторы. Сонымен қатар «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» сынды пьесасы театр сахнасында қойылып жүр. Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты.
Оқырман ақынынан, ақын оқырманынан адасқан жоқ
Қазақтың тамаша лирик ақыны Исраил Сапарбай да өмірден озды. Исраил Сапарбай қазақ өлеңіне өзіндік өрнегімен, өзіндік табиғатымен, болмысымен келген ақын. Біраз жыл ел жақта жүріп қалды. Содан әдеби ортаға да сәл кеш келсе де, поэзияда да, драматургияда да өнімді еңбек етті. Өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Өте сыршыл, лирик, сазгерлігі де, драматургиясы да бар ақын. Мәселен, Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған сазгер Сүгірәлі Сапарәлиевтің «Жұлдызым» әні өткен ғасырдың 70-80-жылдары халық арасында кеңінен таралды. Жастардың көңілінен берік орын алған «Жұлдызым» жиын-тойларда да, үлкен сахналарда да кеңінен шырқалды. Бұл жыр ел арасында халық әніне айналып кетті.
Біздің буын Исраил Сапарбайға қарап өстік. Ақынның 60 жылдығында, 70 жылдығында театр сыншысы Әшірбек Сығай екеуміз сонау Жетісайға, ағайындарына, еліне барып, жеңгемізбен, балаларымен бірге араладық. Өмірде де тұнық, өзін сергек ұстаған қалпында бұл дүниемен қоштасты. Біз Алматыға 80-жылдардың аяғында келдік. Сол кезде Исраил Сапарбай қалыптасқан ақын еді. Өлеңдерін жастар жатқа оқитын. Бірақ сол қарапайым қалпымен бізге «аға» болып, үнемі қолдап, қорғап, қасымызда жүрді. Исраил Сапарбай қазақ өлеңінің кешегі Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаевтардан кейінгі өзіндік биігі бар, өзіндік жолы бар ақын деп ойлаймын. Ақынның поэзия әлемінде қалыптастырған мектебі де бар. Өлеңді бар жан дүниесімен сезінетін нәзік ақын. Қазақтың көркем сөзінің алдындағы жауапкершілікті соңғы күніне дейін сезініп өтті. Жастықтың, махаббаттың, сағыныштың сырын адам бойына жеткізе алған сыршыл ақын. Баяғы «Аққу арман» деген кітаптарынан бастап, кейінгі шыққан жыр жинақтарына дейін тамсана оқыдық. Оқырман ақынынан, ақын оқырманынан адасқан жоқ. Исраил Сапарбай өз биігінде, өз тұғырында өмірден өтіп бара жатыр...
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Өзіне лайықты марапатын ала алмай кетті
Қазақ әдебиеті шын мәнінде алып бәйтерегінен, асқар тауынан, арқа сүйер абзал ағасынан көз жазып қалды. Бұл қаза барлығымыздың жүрегімізге салмақ түсірді. Өз басым Исраил ағамен 70-жылдардан бері таныспын. Ол кезде мен қойшының баласымын. Ауылда жүріп радиодан қазақтың әдемі әндерін тыңдап өстік. Ол кезде әннің авторы кім екеніне мән бермейміз.
«Жүзіңе күлкі үйірген,
Арайлы кірпігіңмен.
Бір ұшқын шашып өттің,
Сөйттің де, ғашық еттің», – деген «Жұлдызым» әнін сүйіп тыңдадық. Бертін келе бұл әннің сөзін Исраил Сапарбай жазғанын білдік. Ендеше мен өз басым қаршадайымнан қара танымай тұрып, Исраил ағамыздың рухани болмысымен танысқан екенмін. Тағдыр деген қызық қой. Алматыға келген кезде мені алғаш ақын ретінде қабылдаған жанның бірі Исраил аға екен. Ол кісімен талай рет дәмдес болдық. Сыйлас болып, бірге жүрдік. Исраил аға «Қазақ әдебиетінің» поэзия бөлімінде жұмыс істеді. Сол кезде алдына талай рет еркелеп баратын едік. 90-жылдары қиын, алмағайып заман болды ғой. Қоғам қайда бара жатқанын білмейтін. Сол кезде мен ғана емес, күллі қазақ жастары ащы суға үйір болды. 1993 жылы «Жас қазақ» газетіне Исраил ағамыз «Хат жаздым қалам алып Маралтайға» деп басталатын бір бет өлең жазды. Маған деген, қоғамға деген, әдеби ортаға деген зарын, наласын, запыранын осы өлеңі арқылы үйіп-төкті. Мен сол кезде осы өлеңдер топтамасын салауатты түрде қабылдай алмадым. Жеке басыма қарата қабылдаппын. Кейін ойлансам, Исраил аға «Маралтай» деген типтік образ алып, күллі қазақтың жастарына қарата айтқан жанашырлық ескертуі, базына-назы екенін түсіндім. Бертін келе ағамыздың әңгімесін тыңдап, жанында талай рет сапарлас болып жүрдік. Бұл кісі алдындағы бурыл шашты Әбу Сәрсенбаев, Әбілдә Тәжібаевтармен бірге жүргенін, көзімен көргенін, сұхбаттасқандарын бізге айтып отыратын. Исраил аға әңгімешіл еді. Композиторлығы да бір бөлек жан еді. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп қазақ қыздарының гимнін жазып кетті. Бұл әнді естіген жанның есіне Исраил Сапарбайдың есімі қатар түседі. Ақынның драматургиясындағы соқталы, қабырғалы дүниелері республикалық театрларда осы күнге дейін қойылып келе жатыр. Аудармашылығы да ғажап еді. Есениннен аударған өлеңдеріне тәнті боламын. Себебі Сергей Есениннің өлеңдерін қазақ поэзиясына жаттық, қабыстырып, әдемі сабақтастырып аударған. Бұл шығармалардан орыс халқының болмысын, ділін, бояуын аңғарып тұрасыз. Исраил – қазақ әдебиетіне бір кісідей еңбек сіңірген үлкен тұлға. Әрине, өкінішсіз нәрсе жоқ. Ақын өзіне лайықты кейбір марапат, атақтарын ала алмай кетті. Мемлекеттік сыйлыққа бірнеше рет қатысты, бірақ сәті түспеді. Әдебиеттің өлшемі сыйлықтармен өлшенбейтінін жақсы білеміз. Десе де, Исраил ағамыз қазақ әдебиетінде өзінің орнын, өзінің болмысын айқындап кеткен бақытты қаламгер. Қаза соншалықты ауыр, бірақ көңілімізге артында қалған мұрасы жұбаныш.
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қазақ поэзиясының «көктем жыршысы»
Шілденің шіліңгір күнінде таң қаралы хабармен атты. Халық қазақ поэзиясының «көктем жыршысы», «махаббат жыршысы» деп атақ берген Исраил Сапарбай бұл дүниемен қоштасыпты. Кез келген оқырман ақын жайлы ойлағанда ең әуелі көз алдына сұлулық пен махаббат келеді. Себебі Исраил аға өмір бойы қаламын қолынан тастамаған. Жалпы өнердің бірнеше түріне түрен салған азамат. Исраил Сапарбайдың өмірдегі негізгі миссиясы ақындық болса да, ол драматургияда, сында, аудармада да қалам тербеді. Ал сазгерлігі бір бөлек әңгіме. Қазіргі қазақ эстрадасын Исраил Сапарбайдың әндерінсіз елестету мүмкін емес. Исраил ағаның бір басына Құдай сан қырлы өнерді үйіп төккен және сол өнерімен халқына қалтқысыз қызмет еткен бірегей тұлға. Ол кісінің шығармаларын дүйім қазақ біледі. Әдебиетке келген, болмаса әдебиетті оқитын кез келген қазақ Исраилдың поэзиясын сүйіп оқиды. Ал ақындықты енді бастаған жас Исраил поэзиясын аттап өте алмайды. Таңертеңнен бері әлеуметтік желі арқылы қаралы хабарды естіген қазақ даласы күңіреніп жатыр. Ағамыз 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Жалпы, биыл қазақ әдебиеті үшін оңай болып тұрған жоқ. Алыптарымыз бірінен соң бірі кетіп жатыр. Қазақ әдебиетінің қара нары Исраил ағамыз да Алланың құзырына өтті. Иманы саламат болсын дейміз. Алла алдына да, артында қалған дүниесіне де жар болсын деп тілейміз!
Мен Исраил Сапарбайды «көке» деп атайтынмын. Біз де өмірдің бел ортасына келіп, елуді еңсеріппіз. «Көке» деп көпті айта бермеймін. Өмірімде осылай атайтын санаулы адам бар. «Көке» деген сөз өте ыстық. Адам жанымен жақын, рухымен жақын адамды өзі ойламаған жерден солай атап кетеді екен. Аманхан Әлім, Темірхан Медетбекті де «көке» дейтінмін. Қазақ өзі сүйсінген адамға, жанымен риза болған адамына «әулие» дейді ғой. Шынында да, Исраил Сапарбай «әулие» еді. Ала бөтен мінезі жоқ еді. Ағаға іні бола білетін, ініге аға бола алатын. Шығармашылығы қандай нәзік, поэзиясы қандай сұлу болса, сағыныш пен ынтызарлыққа, махаббатқа толып тұрса жан дүниесі де сондай еді. Исраил көкеміздің үйіндегі Жұпар апамыз дүниеден өткенін естігеннен кейін Қаскелеңге көңіл айтып бардық. Сол кезде қарттыққа жол беріп, шаршап та қалған еді. Сонда да бізді көріп балаша қуанып, жанына медеу тұтты. Ер азамат жары кеткеннен кейін жағдайы болмай, жаны құлазиды ғой. Жанында жақындары болса да, бәрібір жарының орнын баса алмайды. Жұпар апамыздың қазасы ақынға ауыр тиді. Бейіттің басына барғанда: «Қадіріңді білмеген шығармын, қателескен жерім көп шығар. Елдің адамы болып үйді ұмытқан кезім болған шығар» деп жүрекжарды сөзін айтып еді. Енді, міне аяулы жарының артынан ағамыз да кетті. Шын мәнінде, Исраил Сапарбай жаны да, жүрегі де мейірімге толы тұлға еді. Әдебиет әлемінде топтасып, әлдебір нәрселерді ұйымдастыратын жағдайлар да бар. Бірақ Исраил ағамыз осының бәрінен ада еді. Біреумен жең ұшымен жалғасып, біреуді сүріндіріп, енді біреуге қиянат жасау сынды ой Исраил ағада ешқашан болмаған. Өмірде де, әдебиетте де жеке жүріп, әдебиеттегі өз парызын атқарып кетті. Бір адамның ғұмырындағы беретін дүниенің барлығын берді. Ақынның артындағы мұра – енді ұлттың, болашақтың еншісінде.
Әлібек ШЕГЕБАЙ,
ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты