Бұл бағыттағы жауапты миссияны тек құқық қорғау органдары ғана емес, барша қоғам, әрбір отбасы, әрбір азамат өз жүрек үнімен қабылдап, бірлескен іс-қимылға жұмылуға тиіс. Бұл Ақмола облысында жүргізіліп жатқан ауқымды әрі жүйелі іс-шаралардан айқын аңғарылады. Облыс аумағында тұтас ай бойы ұйымдастырылған акцияның нәтижесі қорытындыланды.
Интернеттегі індет: Жастарға төнген қауіп
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ғаламтор – білім мен ақпараттың қайнар көзі ғана емес, жастарды өз торына оңай түсіретін алаяқ желіге айналып барады. Түрлі мессенджер мен әлеуметтік желіде көз ілеспес жылдамдықпен таралатын есірткі жарнамасы жастарды оп-оңай арбап барады. Бүгін «курьер» болып табыс тапқысы келген жасөспірім – ертең темір тордың ар жағында өмірін өксітіп жататыны да ащы шындық.
Осыны ескерген облыстық Полиция департаменті зиянды контентті жіті қадағалауға көшкен. Жыл басынан бері онлайн кеңістікте 775 сілтеме анықталып, «Киберқадағалау» базасына енгізілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе көп. Сонымен қатар 1218 факт «Антифрод» жүйесіне тіркеліп, дер кезінде киберқауіпсіздік шаралары қолданылған.
– Бұл – онлайн кеңістікте «жүгенсіз кеткен» насихатқа тосқауыл қоюдың бір көрінісі ғана. Ең бастысы жастарды интернеттегі жасырын қауіптерден сақтандыру, – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Думан Сабыржанов.
Ақпарат – қару, сана – қалқан
Жастардың санасын улауға тырысқан әрекетке қарсы ең тиімді әдіс – ағартушылық. Ақмола облысының тәртіп сақшылары бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізуде. Жарты жылдың ішінде БАҚ-та 314 материал жарық көрсе, оның 30-ы теледидар арқылы эфирге шыққан. 254 мақала ақпарат агенттіктерінде, ал Instagram желісінде 420-дан астам пост жарияланған.
Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың жетекшілігімен бекітілген кешенді жоспар негізінде үш минуттық бейнероликтер дайындалып, мектеп чаттарында, LED-экрандарда, мәдениет ошақтарында кеңінен көрсетілді. Сондай-ақ бұған дейін әзірленген 15 бейнеролик қайта қолданысқа енгізілді.
Айлық шеңберінде өңірде 100-ден астам іс-шара өткізілген. Оның ішінде, 11 қоғамдық акция, 2 семинар, 11 ашық кездесу, 3 дөңгелек үстел, түрлі спорттық жарыстар мен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Бұл тек санаға әсер ететін емес, жүрекке жететін нақты әрекеттердің көрінісі.
– Мұндай шаралар жастар арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастырып, олармен сенімді диалог құруға мүмкіндік береді, – дейді полиция подполковнигі Разия Курсанова.
Жастар – ұлт болашағы
Жас буын – ел үміті. Алайда олар есірткі саудагерлері үшін арзан жұмыс күші, оңай олжа көзіне айналып бара жатқанын естен шығармауымыз керек. Сол себепті облыс көлемінде өткізілген спорттық іс-шаралар – кикбоксинг, каратэ, мини-футбол, жүгіру марафондары жастарды салауатты өмір салтына бағыттап, рухани иммунитетін нығайтуға бағытталған.
Сурет байқаулары, интеллектуалды сайыстар мен квест ойындары да жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашып отыр. Есірткімен күрес тек насихатпен шектелмейді. Оның нақты құқықтық салдарын түсіндіру де маңызды. Осы мақсатта мектептер мен колледждерде ашық дәрістер өтіп, қатысушыларға заң талаптары мен интернет-алаяқтық схемалар туралы нақты мәлімет берілді. Еркін форматтағы пікір алмасулар жастардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Жазғы демалыс кезінде балалардың бақылаусыз қалуы – олардың теріс ортаға түсіп кетуіне жол ашуы мүмкін. Осыған байланысты полиция қызметкерлері мектептер мен жазғы лагерлерде интерактивті сабақтар мен қауіпсіздік тренингтерін ұйымдастырды. Сонымен қатар балалар полиция бөлімшелеріне экскурсия жасап, кинологиялық қызметтің жұмысымен танысты. Қызметтік иттердің есірткі іздеу сәтіндегі мүмкіндіктері балалардың ерекше қызығушылығын туғызды.
Жастар үнінің жаңғырығы
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні – 26 маусымда Көкшетаудағы Абылай хан алаңында өткен «Мен өмірді таңдаймын!» атты ауқымды акция ерекше форматта ұйымдастырылып, көпшіліктің көңілінен шықты. Отбасылық сайыстар, кинологтар шоуы, театрландырылған қойылымдар, шығармашылық ұжымдар өнері – барлығы есірткісіз өмір салтын дәріптеуге арналды.
– Бұл күні әрбір қатысушы өзін қоғамның бір бөлшегі екенін сезінді. Шара соңында өткен лотереяда басты сыйлық – теледидар шынайы мерекенің көркін аша түсті, – дейді ұйымдастырушылар.
Облыстың барлық ауданында да жастар концерттері, марафондар, сурет байқаулары мен түсіндіру кездесулері өткізілді. Барлық жазғы лагерде ашық сабақ ұйымдастырылып, 2000-нан астам бала қамтылды.
P.S.
Ақмола облысында өткен нашақорлыққа қарсы айлық барысында 6000-нан астам адам қамтылып, қоғам мен билік арасындағы байланыс нығая түсті. Бұл – болашақ үшін күрес, ұлт саулығына деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Есірткіге қарсы күрес – бұл бір мекеменің емес, тұтас қоғамның ортақ борышы екенін уақыт тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы