Аспалы көпірдің игілігі көп

Аспалы көпірдің игілігі көп
Соңғы жылдары Сыр өңірінің құрылыс саласында қарқын бар. Нәтижесінде, құрылыс алаңына айналған өңірде ауыз толтырып айтарлық оң өзгерістер бар. Соның ішінде аймақтағы көпірге қатысты түйткілдер түйіні рет-ретімен шешімін тауып келеді.

Сыр халқын көп жылдан бері теміржол өткелдеріне қатысты мәселе толғандырып келді. Әсі­ресе, аудан орталықтарының тозығы жеткен теміржол өткел­деріндегі көлік кептелісі көпті алаңдататын. Мұндай жағдай облысқа қарасты Жаңақорған ауданы жұртшылығын да бей-жай қалдырмады. Соған орай аймақ басшысының қолдауымен аудан орталығынан теміржол арқылы өтетін аспалы көпір салу ісі бастау алды.  

Жаңақорған жұртшылығын зор қуанышқа бөлеген жаңа көпірдің ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көптің қуанышын паш етті. Өз кезегінде аудан халқына өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын баяндап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің көлік-транзит саласында зор мүмкін­діктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт», – деген болатын. Соған орай өңірде тиіс­ті жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, 2023-2025 жылдары аймағымыздың 1 232 шақырым автомобиль жол­­дары мен көшелерін, 18 кө­пір өткелін салуға, күрделі жөн­деуге 121 млрд 500 млн теңге бө­лінді. Нәтижесінде, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайызға жетті. Биыл 329 шақы­рым жол жөнделіп, жақсы жағдай­дағы жол­дардың үлесі 95 пайыз бол­мақ. Сол сияқты рес­пуб­ликалық маңызы бар «Қы­зыл­орда-Жезқазған» авто­мобиль жолын қайта жаңғырту жұмыс­тары биыл аяқталады. Қызылорда қаласындағы темір­жол асты автожолының құры­лысы да қарқынды жүруде. Бұл қаладағы көлік қатынасының жүктемесін біршама төмен­детеді. Осындай жұмыстың жарасымды жал­ғасы ретінде ел игілігіне берілген жаңа көпір Жаңақорғанның болашағына жол ашатын алтын көпірге ай­нал­сын! Баршаңызға амандық, жасампаз істерімізге толағай та­быс тілеймін!», – деді Нұрлы­бек Машбекұлы.

Мәліметке сәйкес, аталмыш аудан орталығында 1989 жылы көпір құрылысы басталып, түрлі себеппен аяқсыз қалып қойған. Соның салдарынан аудан аума­ғындағы 12 ауыл халқының кент­ке қатынауы қиындық ту­ғы­зып келді. Көп жылдан бері жұртшылық аудан орталығына жету үшін айналма жолмен қа­тынауға мәжбүр болды. Соған орай ұзындығы 84, ені 15 метр болатын жаңа аспалы көпірдің салынуымен күрмеулі мәселе шешімін тауып отыр. Жергілікті жұртшылық көпір арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне тікелей шығуға да мүмкіндік артқанын алға тар­тады. 

Салтанатты рәсімде Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, ел аға­сы Нәжмәдин Мұсабаев жаңа­қор­ған жұртшылығын жаңа кө­пірдің ашылуымен құттықтады. Жаңақорған ауданының құр­мет­ті азаматы Серхожа Ыдырысов ақ батасын берді.

Жалпы, облыста аспалы кө­пір салу бастамасы бұған дейін де оң нәтижеге ие. Биылғы көк­тем­нен бастап Арал ауданы хал­қы да көпір игілігін көріп ке­­ле­ді. Атап айтқанда, мамыр айында Арал қаласында 940 мет­р­­лік ас­палы көпір бой көтерді. Осылай­ша, аудан орталы­ғын­дағы адам өміріне зор қауіп ту­ғы­зып келген ескі өткелдегі кө­лік кептелісіне нүкте қойылды.

Аймақта бұл бағыттағы жұ­мыс­тар алдағы уақытта да жал­ғасын табатын болады. Соның айғағындай, жақын күндері об­лыс­қа қарасты Қармақшы ауда­нының Жосалы кентінде де дәл осындай аспалы көпір құры­лы­сын бастау жоспарланып отыр.

Негізінен, Жаңақорған ауда­нының бюджеті сонғы 2 жылда 12,7 млрд теңгеден 22 млрд тең­геге артып, үш жылда 200 млрд теңгеге жуық инвестиция тар­тыл­ған. Ауызсу мәселесі бойын­ша 4 елді мекеннің су желілері жаңартылып, аудан халқы 100 пайыз таза ауызсумен қамтыл­ған. Сол сияқты аудан тұрғын­дарының 52 пайызы көгілдір отынмен қамтылса, тағы 8 елді мекенді газдандыруға 7,3 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар биыл аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 10 мек­тептің екеуі Жаңақорғанда салынса, елді мекендердегі ем­деу орындары­ның қатары артып келеді. Ал­дағы уақытта жалпы құны 972 млн теңгеге аудандық ауруханаға қосымша ғимарат са­лы­нып, қазан айында қолда­нысқа берілу де жоспарланып отыр. 

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы