Олар жергілікті басшылармен, мәслихат депутаттарымен, мамандармен және тұрғындармен кездесті. Онда әлеуметтік-экономикалық даму, өндірісті жаңғырту, транзиттік әлеуетті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау және Ақжар аудандарында болды. Депутаттар инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту және ауылдық жердегі өмір сүру жағдайын жақсартуға назар аударды.
Сенаторлар М.Жұмабаев атындағы ауданда болды және тұрғындармен кездесті. Сапар аясында осы аудандағы инфрақұрылымдық және аграрлық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты. Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында спорт стадионының құрылысын көріп, шұғыл жаңғыртуды қажет ететін кәріз құрылысының жай-күйімен танысты. Депутаттар Ақжар ауданында «Көкшетау-Бидайық-РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында газ жеткізу, сумен жабдықтау, кентішілік жолдардың жай-күйі, сондай-ақ кәріз-тазарту құрылысының жұмысы талқыланды. Ольга Перепечина аймаққа сапары барысында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсіміне қатысты.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров пен депутат Айгүл Қапбарова және Мұрат Қадырбек Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ палатаның заң шығару қызметі туралы айтып берді. Айгүл Қапбарова ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың ашықтығы туралы заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы айтты. Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова сапар аясында Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамасы институтында болды. Сенаторлар мекеменің қызметімен танысты, қызметкерлердің еңбек жағдайын, кадр саясатын және техникалық жарақтандыру мәселелерін талқылады.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен кездесті. Депутат кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағытындағы негізгі басымдық – өңірлерді дамыту екенін атап өтті. Депутат «Солтүстік – Оңтүстік» және «ТРАСЕКА» халықаралық көлік дәліздерімен қоса, Каспий теңізіне шығу мәселесін, негізгі транзиттік бағыттарға қол жеткізуге байланысты өңірдің ерекшелігін облыс басшысымен бірге талқылады. Нұртөре Жүсіп Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Әдеп жөніндегі комиссияның кезекті отырысына да қатысты.
Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев Түркістан облысына сапары аясында халықпен жүздесті, өндірістік және әлеуметтік бірқатар нысандарды аралады. Олар сондай-ақ жергілікті билік пен бизнес өкілдерімен өзекті мәселелерді талқылады.
Сенаторлар Созақ ауданына сапар барысында уран өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» кәсіпорнының қызметіне ерекше назар аударылды. Жұмысшылармен және жергілікті тұрғындармен кездесу барысында өндіріс қауіпсіздігі, экология және халықтың денсаулығына әсер ету мәселелері көтерілді. Тұрғындар өндірістік нысандарға жақын орналасқан елді мекендерде, әсіресе балалар арасында аурудың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Қазығұрт ауданында «Сапа-2002» ЖШС егістігінде болып, аграршылармен өнімділікті арттыру, субсидия және техникамен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Түлкібас ауданында жылына 800 тоннаға дейін өнім өндіре алатын балық өсіру кәсіпорнының жұмысымен танысты. Сайрам ауданында орналасқан бірқатар кәсіпорындарды да көріп шықты. Сапар соңында облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттарының, әкімдіктер өкілдерінің және өңір тұрғындарының қатысуымен кездесу болды.
Сенат депутаты Әлібек Нәутиев Атырау облысында Құрманғазы ауданы Азғыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ауылда білікті мамандардың жетіспейтіні мен жол проблемасы, электрмен жабдықтау мен ауызсуға қол жеткізу, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы қиындықтарға қатысты өтініштер айтылды. Полигон жеріндегі жемшөпке субсидия беру және шөп дайындауға рұқсат алу туралы сөз болды. Ақбөкендердің санын реттеу мәселесі де талқыланды.
Сенатор Махамбет ауданындағы Бақсай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде мектептің апатты жағдайын, жолдарды аяқтау қажеттігін, сумен жабдықтау және каналдарды тазарту мәселелері талқыланды. Ол Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылында салынып жатқан балық зауытында болды. Кездесуде былтырғы су тасқынының салдарына байланысты жобаны іске асыру күрделене түскені атап өтілді. Жылыжайлар бүлінді, балық өңдеуге арналған жабдықтар істен шықты. Талдыкөл ауылына кірме жолды жөндеуді ішінара қаржыландыру қосымша проблемаға айналды, бұл да құрылыстың аяқталуын тежеп отыр.
Сенат депутаттары Нурия Ниязова мен Жанна Асанова Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық жәрдем көрсету орталығында болды. Сенаторлар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балаларға шұғыл және мамандандырылған көмек көрсететін мекеменің жұмысымен танысты. Басшылықпен және мейірбике қызметкерлерімен кездесу барысында көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, пациенттерді бағыттауды жеделдету, сондай-ақ жабдықтар мен цифрлық шешімдерді жүйелі жаңарту қажеттігі туралы мәселелерді талқылады. Қолданыстағы тарифтердің нақты шығынға, әсіресе күрделі және қымбат бағыттарға сәйкес келмеуіне баса назар аударылды.
Сенат депутаттары Сұлтан Дүйсембинов, Ғалиасқар Сарыбаев және Амангелді Толамисов облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесті. Депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды және жергілікті атқарушы органдардың депутаттық корпуспен өзара іс-қимылын талқылады. Сенаторлар сондай-ақ қалалық көпсалалы ауруханада болып, медициналық көмек көрсету шарттарымен, қызметтерді цифрландыру барысымен және жаңа бөлімшелер ашу жоспарымен танысты. Кербұлақ ауданының Қоғалы ауылындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Қоғалыдағы мәдениет үйінде шараларды өткізу жағдайымен, ғимараттың жай-күйімен және материалдық-техникалық базамен танысты. Талқылау барысында кадрлармен қамтамасыз ету, сахналық және музыкалық жабдықтардың жетіспейтіні, сондай-ақ ауыл тұрғындарының мәдени бағдарламаларға мұқтаждығы туралы мәселелер қозғалды. Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов Жетісу облысының аумағында орналасқан аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамымен де кездесті.
Сенатор Серік Өтешов Қарағанды облысында өңірді газдандыру мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңеске қатысты. Онда Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларында газбен жабдықтау жобасын іске асыру барысына ерекше назар аударылды. Серік Өтешов облыс басқармаларының басшыларымен де кездесті. Онда цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым салаларындағы ұлттық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сенатор мекемеаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығына, мерзімдердің сақталуына және бюджет қаржысын тиімді пайдалануға назар аударды.
Сенатор Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесуде еліміз Президентінің тапсырмаларын іске асыру, аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ инфрақұрылым, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы мен туризмге инвестиция салудың келешегі секілді негізгі салалар да назардан тыс қалмады. Сенатор жергілікті билік өкілдерімен бірлесе отырып Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында болып, курсанттардың оқу үдерісімен, патриоттық және әскери білім беру тәрбиесімен танысты. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Мәртөк ауданындағы Сарыжар ауылында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысымен де танысты.
Сенатор Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде де болды. Профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында жоғары білім беру және ғылыми жаңалықтар саласындағы басымдықтар талқыланды.
Сенат депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек және Ақжайық аудандарында, сондай-ақ Орал қаласында болды. Сенаторлар әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды іске асыру барысымен танысып, өңірді дамытудың өзекті мәселелерін жергілікті тұрғындармен бірге талқылады.
Депутаттар Макарово ауылында өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске қосылған жаңа құс фабрикасында болды. Сенаторлар жергілікті өндірісті дамыту мен саланы тұрақты дамыту барысында өңірдегі ірі құс фабрикаларымен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Орал қаласында Жайық өзенінің жағалау учаскелерін аралап, жағалау сызығын нығайту бойынша жұмыстарды көрді. Сенаторлар сапар аясында су тасқыны туралы ерте хабарлау жүйесімен танысып, «Қазсушар» РМК филиалының Круглоозерное, Щапово, Көшім, Ақсу, Янайкино және Тоған ауылдық елді мекендеріндегі бөгеттерінің, сорғы стансалары мен нысандардың техникалық жай-күйін тексерді.
Сенат депутаты Ольга Булавкина Өскеменде қала тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді талқылады. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы әңгіме өрбіді. Сенатор тұрғындармен кездесу халықты қандай мәселелер толғандыратынын жақсы білуге мүмкіндік беретінін және жедел әрекет етуді талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, көтерілген мәселелердің көпшілігін біркелкі шешуге болады және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеуді қажет етеді.
Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласының әкімдерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен және ардагерлер қоғамдастығының өкілдерімен кездесті. Онда жылыту маусымына дайындық, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, бюджеттің атқарылуы және мемлекеттік қаржыны пайдаланудың тиімділігі күн тәртібіне қойылды.
Депутат коммуналдық қызметтердің күзгі-қысқы кезеңге дайындығына, әлеуметтік және инженерлік нысандар құрылысының барысына, сондай-ақ өңірде орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларға ерекше назар аударды. Ол жұмыстың сапасын және мерзімдердің сақталуын, әсіресе әлеуметтік маңызы бар нысандарға қатысты мұқият бақылау орнату қажеттігін атап өтті.
Сенат депутаты Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы Бурабай және Бұланды аудандарында болып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Ол сондай-ақ әкімдіктердің, мердігерлік ұйымдардың өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен кездесті.
Сенатор Кенесары және Қатаркөл ауылдарында болған кезде тұрғындардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған мәдени орталықтар құрылысының барысымен танысты. Щучинск қаласында орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінде болып, мекеме басшылығымен маман даярлау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және оқу жағдайына қатысты мәселелерді талқылады.
Айна ХАСАН