Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның негізінде ерте көктемнен атыз жағалаған ағайын күзде мол өнімге кенелуді көздеп отыр. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар алаңында облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Биыл Қызылорда облысында егіс алқаптарының құрылымы оңтайландырылып, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі атты. Суармалы суды үнемді пайдалану, агротехникалық шараларды күшейтуге де басымдық беріліп отыр.
Сонымен қатар агроқолдау шараларының нәтижесінде егістік жерлерде үстеп қоректендіру, арамшөптерді жою жұмыстары уақытылы жүргізілуде. Облысқа белгіленген су лимиті – 3,9 млрд текше метр. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан Сырдарияның төменгі ағысына қажетті көлемде су жіберіліп жатыр. Бұдан бөлек, қашыртқы суын тиімді пайдалану үшін облыс көлемінде 238 насос қондырғысы іске қосылды. Суды үнемдеу мақсатында биыл 60 мың гектар күріш алқабы лазерлік әдіспен тегістелді. Сонымен бірге су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі екі есе артып, 8 мың гектардан асты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді брифингте басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы.
«Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдері бүгінде әлемнің 19 мемлекетіне экспортталып жатыр. Жыл басынан бері жалпы көлемі 37 мың тоннадай өнім шетелге жөнелтілді. Экспорттың негізгі бөлігін күріш құрайды. Оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Ирак сияқты елдерге шығарылады. Сонымен қатар балық өнімдері мен қамысқа да сұраныс жоғары. Асылтұқымды мал басы да көбейіп, жылыжайлар ашылды. Біз әр жобаны жүзеге асыруда кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп, оларды сүйемелдеу жұмыстарын жүргізудеміз. Ауылдағы ірі шаруашылықтар да бұл бастаманы қолдап, елді мекендердің әлеуметтік дамуына үлес қосуда. Соның бір айғағы – Сырдария ауданы Бесарық ауылындағы «Абай Дәулет» серіктестігінің қолдауымен өндірістік орталық жұмысын бастады. Мұнда бірнеше жоба іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл – ауылдағы кәсіпкерліктің жандануының нақты көрінісі деп айтуға болады», – деді басқарма басшысы.
Сонымен бірге ауыл халқының әл-ауқатын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасы аймақта қарқынды жүзеге асуда. Атап айтқанда, соңғы екі жылда өңірде жүздеген жоба қаржыландырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл кәсіпкерлігі мен кооперативтер саны артып келеді.
Ербақыт Жалғасбай, Қызылорда облысы