Еліміздің шығыс нүктесінен Арқаға қарай көсіліп жатқан әйгілі Тарбағатай тауының солтүстік-батысында Өкпеті мен Қызылтас деген екі құзар биігі бар. Сол екі биіктің арасында қазаны оттан түспеген, азаматы аттан түспеген, түлігі мыңғырып қырда жайылса, түлегі қыран боп Алашқа танылған бір қазыналы ауыл жатыр. Ол – құрылғанына биыл жүз жыл толып отырған Тарбағатай ауылы. Шыңдары мұнарлы болғанымен, топырағы құнарлы өлке. Нағыз «жатып қалған бір тоқты, жайылып мың қой болатын» майлы шүйгіні малға жайлы, қоңыр салқыны жанға жайлы жерұйық десе болатындай. Бұл ауылдың айналасынан өткен ғасырларда небір сөз ұстаған сұңғыла шешендер, қол бастаған жаужүрек батырлар шыққан. Олар жайлы жазар болсақ, таусылмайтын ұзақ әңгімеге кетеміз. Жә, біздің нысанамыз жүз жылдықтың айналасында болғандықтан тарихқа тереңдемей-ақ қояйық.
Тарбағатай ауылының тарихы туралы бұған дейін жазылған жалғыз толымды еңбек бар. Ол – 1992 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрген Сапар Өзбекұлының «Мұра» деген кітабы. Кітап сонау адамзат жаратылысынан бермен қарайғы ауылдың территориясында ғұмыр кешкен ру-тайпалар, тарихи оқиғалар мен елге тұтқа болған тұлғалардың іргелі істерін қамтитын ғылыми-көпшілік еңбек деуге болады. Автордың айтуынша, кітапты жазуда Мұхаметжан Тынышбаев бастаған тарихшылардың еңбектерін, сол ауылдан шыққан атақты шежіреші қарт Жақыпбек Кәріпбайұлының айтқандарын, көпті көрген көнекөз қариялар мен құймақұлақ оқыған азаматтардың естеліктеріне сүйенген.
«Мұра» кітабында Өкпеті мен Қызылтастың арасында алғашқы колхоздар 1928 жылы ұйымдастырылғанымен, оған дейін қосшы ұйымдары құрылғаны туралы дерек келтіреді.
«Алдымен Өкпетіде «Социал» қосшы ұйымы құрылды. Оның бастығы болып Әйтімбет Мүрсәлім Шегебаев тағайындалды. Қарабай баурайында «Елқонды» қосшы ұйымының бастығы болып Құлеке Әділ Жанботин тағайындалды. Мұндай жаңа тірлік осы күнгі шаруашылықтың сегіз жерінен құрылды.
Қосшы ұйымдарының алғашқы соқасы тыңға түрен салып, азын-аулақ болса да Тарбағатай жерінен әртүрлі дәнді дақылдар тұқымынан өнім алды. Өкімет салығын төлеп, өз қолдары өз ауызына жеткен қосшы ұйымының мүшелері жаңа дүниенің жақсылығына тереңдей түсуге жан тәнімен құлшыныс жасады», – деген мәліметтерден бүгінгі жүз жылдықтың қандай негізге сүйеніп өткелі жатқанын көруге болады [«Мұра» кітабы, 207-бет]. Өйткені кітап авторы ауыл тарихын жазуға дайындық барысында архив материалдарының жиналғанын, еңбектің соған сүйеніп жазылғанын айтады.
Тарбағатай қазақ даласындағы басқа өңірлер сияқты Кеңес үкіметі келгенге дейін мал шаруашылығымен айналысқан, жұрт бай-бағыландардың айналасына топтасқан, рулық-тайпалық жүйесі әбден қалыптасқан өлке болатын. Ол жүйенің де өзіндік жетістіктері болды. Халықтың бірқалыпты өмірін Қазан төңкерісі талқандап, мыңғырған малына сенген қазақ даласына қолдан жасалған аштық нәубетін жіберді. Мүйіз бен тұяқ жинау науқаны «бай бір жұттық» қағидасы бойынша елді тығырыққа тіреді. Қазақ даласында ашаршылық нәубеті басталды. Аштықтан тірі қалған қара халық «балапан басына, тұрымтай тұсына» деп бас сауғалап кетті. Сол қиындықтардың нәтижесі жайлау мен қыстаудың арасында көшіп жүрген жұртты жаңа жүйе отырықшылыққа мәжбүрлеп, тыңға түрен салуға иліктірді.
Осыдан дәл жүз жыл бұрын қазіргі Тарбағатай ауылының аумағына қағылған қосшы ұйымының қазығы жаңа өмірдің бастамасы деуге болады. Кеңес үкіметі уақытында егіншілік шаруашылықтың басты тірегінің бірі болды. Кейін одақ ыдырағанда жеке кәсіпкерлекке тесілі сала болып жалғасты. Бүгінде де елдің ішінен шығып егін салып жүрген кәсіпкерлер бар. Ендеше сол егін шаруашылығымен алғаш ауыл тұрғындары айналысқанына да жүз жыл толып отырғанын жоғарыдағы кітаптан берілген үзінді айғақтай түседі. Сол кезеңде қосшы ұйымының негізінде ауылда алғаш коопертив дүкені де ашылыпты. Дүкеннің сатушысы Қажыкен Кенжебаев деген азамат болады. Азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар сол дүкен арқылы тірі малға, аң терілеріне айырбасталады. Ауылдағы өркениеттің бір белгісі кооператив дүкеніне де биыл жүз жыл.
«Мұра» кітабындағы мынадай тарихқа назар аударып көрсек, «1928 жылы біздің осы күнгі ауылымыз Семей губерниясы, Өкпеті болысы екінші ауыл болып аталды. Осыған байланысты жергілікті өкімет – ауыл Совет құрылып, оның төрағасы Қыржы баласы Тоқбай Рақымжанов болды». [«Мұра» кітабы, 208 бет].
Дәл осы жылы қосшы ұйымдары ұлғайып, ауылдың қазіргі территориясында бірнеше колхоздар құрылғанын, «Ыдырыш» тоғаны салынып ел суармалы егістікпен айнасына бастағанын да кітаптағы мәліметтерден көреміз. Бұл деректерді мұрағат құжаттары да дәлелдейді.
Жоғарыда келтірілген деректер арқылы біз Тарбағатай ауылының осыдан бір ғасыр бұрын тек жатаған тамдар салынған көп жатақтардың бірі емес, жаңа заманның өркениетіне ұмтылған, тың бастамалардың басында тұрған үлгілі ауыл болғанын танимыз.
1933 жылы ауылдың қазіргі аумағында тағы бірнеше колхоз құрылады. Сол ұжымдардың бірі, Жаман Қызылтас тауының аймағында орналасқан «Еңбек» колхозының төрағасы болып менің атам Дүйсенғазы Қасымов тағайындалыпты. Саналы ғұмырын ауылдың өркендеуіне арнаған Дүйсенғазы атам 1952 жылы бүкіл Өкпеті, Қызылтас баурайындағы барлық шаңырақтың басын қосатын Үшарал ауылдық кеңес құрылғанда соның алғашқы төрағасы болып сайланған екен.
Тарбағатай ауылы алғаш қазығы қадалған кезден бастап қазіргі Абай облысының территориясындағы үш ауданға қараған. Алғаш құрылған жылдары Көкпекті ауданының құрамында болса, 1939 жылы Ақсуат ауданы бөлініп шыққанда жаңа ауданның басшылығына қараған. Кейін ұжымдық шаруашылықтардың бірігуінен үлкейіп, кеңестік шаруашылыққа айналған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ақсуатпен арадағы жол қатынасының қиындығы, жиналған егін мен мал етін өткізуге тиімділігі зор әрі ауылға жақын (80 шақырым) теміржолдың бойындағы Аягөз ауданының құрамына өту туралы мәселе көтеріліп, 1968 жылы жоғарғы атқарушы билік оны құптаған. Сол уақыттан бері Аягөз ауданының үлкен бір ауылы болып жүйелі тіршілігін жасап келе жатыр. Біз ес жиып, етек жапқан кезеңде совхоз директорлары Рамазан Қалиев, Болат Түсіпбеков, Сапар Өзбеков деген ағаларымыз болды. Осы азаматтардың әрқайсысының басшылық жасаған кезінде ауылдың іргесінің кеңеюіне үлкен үлес қосқанын бала болсақ та көңілімізге тоқып өстік.
Әрине, республика бойынша дәл осылай дамыған ауылдар жетерлік шығар. Жүйе ортақ болған соң ол бұлжымайтын заңдылық екенін білеміз. Ал әр ауылдың ерекшелігі табиғаты мен құнарлы топырағында, ең бастысы, туып-өскен азаматында екенін бізге дейінгі ділмарлар талай айтқан. Әрине, бұл шағын мақалада барлығын қамти алмаспын. Шаруашылық саласының маманы болмаған соң өзім жақсы білетін ғылым мен білім, өнер мен спорт салаларындағы тұлғалар туралы аз-кем айтып өтсем деймін.
Ең алдымен, бұл ауылдан қазақ ғылымының дамуына үлес қосқан айтулы ғалымдар шыққанынан бастауымыз керек. Олардың көш басында белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Төкен Әбдірахманов, белгілі лингвист, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғабдолла Қалиев, Қазақ ССР Білім министрлігінің Орта білім беру басқармасының бастығы болған Самарқан Егізбаев сияқты тұлғалар бар. «Тарбағатай» орта мектебін бітірген Бақыт Нұрбеков, Мақтагүл Оразбек, Толқын Әуелғазина сияқты ғылым докторлары мен Сәуленбек Биназаров, Нәзилә Іргебаева, Ләззат Ережепова, Мұратбек Тоқтағазин, Кенжехан Медеубаева, Мақсат Аралханов, Рамазан Салықжанов, Серік Карденов, Серікзат Дүйсенғазы, Гүлфар Мамырбек, Арафат Мамырбеков, Айжан Омарова т.б. сияқты жиырмадан аса ғылым кандидаттары мен PhD докторлар әртүрлі салада зерттеулер жүргізіп, еліміздегі ғылым саласының өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Ауылдан шыққан жастардың арасында әлі де ғылымның биігіне ұмтылып жатқандары жеткілікті. Бұл – шағын ғылыми академия деуге тұрарлық ғалымдар легін шығарған ауылда білім мен ғылымның әлеуеті зор болғанының көрсеткіші.
Сөз бастаған билер мен шешендер туған аймақтан сөз зергерлерінің шықпауы да мүмкін емес. Жүз жылдың айналасында Тарбағатай ауылынан талай қаламы қуатты таланттар түлеп шықты. Әдебиет пен журналистикаға бірдей олжа салған Кенжеғазы Қасымов, Ерғазы Рахимов, Тұрарбек Пұшпақбаев, Бекен Шоланов, Ғазез Оңғарұлы, Ғабдул-Ғазиз Есембаев, Мұратбек Тоқтағазин, Талғат Ешенұлы бастаған қаламгерлердің сара жолын драматургия саласында Қанат Жүнісов, поэзияда Серікзат Дүйсенғазы мен Асхат Сүйіндік, Қуандық Ақанов, журналистикада Дархан Каримов, Рахат Мамырбек, Жарқын Жұмаділов, Алмас Тоқабаев, Дәулет Мұқаев, Думан Кенжеғазыұлы т.б. жастар сәтті жалғастыра білді.
Тарбағатай ауылы өнер мен спорттан кенде емес. Оның топырағында өнердің өлмейтін дәні бар. Сонау ХХ ғасырдың басында Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Манарбек Ержановтармен бірге ән салған әнші-сазгер, сал-сері, репрессия құрбаны Керімбай Райымбекұлынан бастап, оның қасына ерген ағайынды Әділбек, Рақымбек күйшілер (Әділбек күйші 1930 жылдары республикалық күйшілер сайысына қатысқан), әнші-музыкант, домбыра, скрипка, мандалин сынды аспаптарда ойнаған, әйгілі Дәнеш Рақышевтің ізбасары, Тарбағатай ауылында тұңғыш отбасылық ансамбль құрған Асылхан Дүрімбаев, Тортай күйші, Тәйшөк әнші т.б. өнерпаздар ауылдың мерейін асырған тұлғалар еді. Олардың ізін жалғап Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған «Сәби болғым келеді», «Дариға, домбырамды берші маған», «Аягөз-ару», «Қазағым-ай!» т.б. әндерімен бүкіл қазақ даласын тербеткен композитор Тұрсынғазы Рахимов бастаған Мырзахан Сыдықов, Толғанбай, Қанат Жүнісов, Елдос Жақсылықов, Еркін Тоқсейітов, Жұмабек Жұмаханов, Медет Салықов, Жұпар Ғабдуллина, Саят Нұрғазин, Нариман Қажымұратұлы, Айбала Өсиетқызы сияқты өнер майталмандары бүгінгі қазақ сахнасы-ның төрінде елді әуезді әнге бөлеп жүр.
Өнермен егіз спорт саласында да ауылдан шыққан саңлақтар байрақты додаларда олжа салды. ХХ ғасырдың басында «ақ палуан» атанған Омарғазы палуанның облыстың түйе палуаны болғанын жұрт аңыз қылып айтады. Атамыздың көтеріп жаттыққан тасы мектептің мұражайында тұр. Оны әлі ешкім көтере алған жоқ. Ауданның бірнеше дүркін түйе палуаны Мәулітхан Жұманғалиев, спорт шеберлері Тілеш Құдайбергенов, Жеңісхан Жұмаділов, Бердібек Шоманов, Азамат Көкебаевтардың ізбасарлары бүгінде халықаралық деңгейдегі додаларда да жарқырай көрініп келеді. Қазақ күресінен тұңғыш әлем чемпионы, самбо күресінен Азия мен Еуропаның чемпионы Думан Қыздарбеков, бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан чемпионы Берік Қалиев, қазақ күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, қазақ күресі мен дзюдодан Қазақстан чемпионы Мейіржан Беріков сынды спортшылар ауыл мақтаныштары. Бұдан бөлек, Тарбағатай жастары жыл сайынғы аудандық, облыстық жарыстарда спорттың әр түрінен жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Жалпы, Тарбағатай ауылының түлектері туралы толықтыра жазсам үлкен кітапқа айналары хақ. Өйткені жұрт айтып жүргендей, бұл ауылдың тек топырағында ғана емес, адамдарында да буынаралық рухани сабақтастық бар. Алдыңғы толқын кейінгі толқындағы жастарға тек үлгі көрсетіп қана қоймай, қолдан келгенше қамқорлық жасауы да дәстүрге айналған. Бұл – жақсы дәстүр, озық өнеге. Сол топырақта аунап өскен ұлан ретінде туған ауылыммен әрдайым мақтанамын. Ғасыр тойың құтты болсын, тарихи Тарбағатайым!
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты