Балаларға жүйелі көмек көрсетіледі

Балалардың денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында әрдайым азаматтардың, әсіресе балалардың өмір сапасын арттыруға айрықша назар аударып келеді.

Бұл бағытта 2024 жылы қолға алынған «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасы – соның жарқын дәлелі. Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бірлесуімен іске қосылды. Елімізде алғаш рет қолға алынған бастама қазір төрт өңірде – Шымкент қаласы, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында жүзеге асуда. Басты мақсат – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды арнайы техникалық құралдар арқылы үй жағдайында оңалту, қозғалыс белсенділігін арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту.

Осы мақсатқа 1 миллиард 160 мил­лион теңге бөлініп, 400-ге жуық зама­н­ауи оңалту құрылғысы сатып алын­ды. Құрылғылар әр баланың меди­циналық диагнозына қарай жекелей таңдалған. Нәтижесінде, бүгінде жоба­ға 306 бала қатысып, олардың 231-інде оң өзгерістер тіркеліп отыр. Балалардың көбі өздігінен отыруды, тұруды, тіпті жүруді меңгере бастады.

Пилоттық жобаның сәтті жүзеге асып жатқан өңірлерінің бірі – Шым­кент қаласы. Мұнда жобаға 114 бала тартылып, 84-інде оң нәтиже байқал­ған. Жоба үйлестірушісі – «Әлеуметтік қолдау орталығы» ҰҒЗО-ның Шым­кент­тегі филиалы. Филиал директоры Салтанат Қайратқызының айтуынша, 10 ай ішінде 152 балаға нақты қызмет көрсетіліп, олардың ішінде 18 бала ал­ғаш рет өздігінен жүріп, 4 бала жоба бағдарламасынан толық шыққан. Бұл – жоба тиімділігінің айқын дәл­елі. Жоба тек құрылғы жеткізіп беру­мен шектелмейді. Мамандар баланың жағдайын үнемі бақылауда ұстап, ата-анамен бірлесіп жұмыс жүргізеді. Әр құрылғыны тиімді қолдану үшін арнайы курстар ұйымдастырылып, ата-аналарға мобильді қосымша ар­қылы жаттығулар жүйелі түрде беріліп отырады.

Шымкент қаласында өткен жоба таныстырылымы екі бөлімнен тұрды. Ең әсерлі сәт – алғаш рет өздігінен тұрып, қозғала бастаған балалардың тұсаукесер рәсімі болды. Бұл балалар үшін де, ата-аналар үшін де жүрек тебірентер сәт. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Вик­тория Шегай, «Қазақстан халқы­на» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбай, сондай-ақ Шым­кент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева сөз сөйлеп, жоба нәтижелеріне оң бағаларын берді.

– «Бүгінгі жоба – жай ғана оңалту процесі емес, әлеуметтік, медици­налық, педагогикалық қолдаудың кешенді түрі. Біз әр баланың нақты қажеттілігіне сай бағдарлама дайын­дадық. Бүгінге дейін 231 балада нақты нәтиже бар. Бұл – үлкен жетістік», – деді Виктория Шегай.

Министрлік алдағы уақытта осы тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту, оңалту құрылғыларына қойы­ла­тын талаптар мен стандарттарды енгізу бағытында жұмыс жүргізуде.

«Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғыс­бай бұл жобаның ұзақ мерзімді, жүйелі өзгеріске бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұрын балалар тек ауруханаларда оңалтудан өтіп, үйіне шыққан соң барлық жетістіктер жо­ғал­ып кететін. Ал бұл жоба дәл осы олқы­лықты жойып отыр. – «Біз бұл баста­маны ата-анамен бірлесе отырып іске асырдық. Құралдарды дұрыс қолдану әдістерін үйретіп, тұрақты динамиканы бақыладық. Бұл – елімізде бұрын бол­ма­ғ­ан тәжірибе», – деді ол.

Қазір оң нәтиже көрсеткен балалар келесі кезеңге өтуге дайындалуда. Екінші кезеңде емдеу кешені кеңейіп, басқа категориядағы балаларға арнал­ған жаңа оңалту құрылғылары енгізі­леді. Қор бұл бағытта қосымша инвес­тиция тартып, серіктестік аясын кеңей­туді жоспарлап отыр.

Жобаның нақты нәтижесін бала және ата-анасының көзінен көруге бола­ды. Соның бірі – Шымкент қала­сының тұрғыны, алты баланың анасы Дамира Айтбаева. Оның үшінші ұлы – Нұрмұхаммед Қазыбек 11 жасында алғаш рет бірнеше қадам басып үй­ренген.

– Ол бұрын отырмайтын, тік тұр­ғызсаң қорқып қалатын. Үш айдан бері ходунокпен жаттығып жүрміз. Бес-алты қадамды өзі басып өтеді. Бұл – біз үшін мүмкін емес арман еді, – дейді анасы толқыныспен.

Пилоттық жобаның келесі кезең­інде қамту ауқымы ұлғайып, эко­ло­­гия­­лық және демографиялық жағ­дайы күрделі өңірлерге басымдық беріл­мек. Жобаның екінші кезеңін іске қосу үшін жаңа серіктестер тар­тыл­ып, қар­жыландыру көздері қарас­тыр­ылуда.

Жиын соңында балаларға сыйлық­тар табысталды. Бұл жоба – еліміздің әлеу­меттік жүйесінде жаңа парақ ашып отыр. Мемлекеттің қамқорлығы мен азаматтық қоғамның жанашыр­лы­ғы бір арнаға тоғысқанда – нақты, нәти­желі бастама туындайтыны сөзсіз.

 

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Шымкент қаласы