"Әлем чемпионы боламын": Kazakhstan Open - 2025 турнирінде бақ сынаған жас өрен

58 санаттағы тартыста қазақтың қара домалақ балалары өз бағын сынады.

Астанада өткен Kazakhstan Open 2025 халықаралық турнирі биыл ауыл балалары үшін жол ашты, – деп хабарлайды Аikyn.kz. 

Биылғы Қазақстан каратэ федерациясы ұйымдастырған Kazakhstan Open 2025 халықаралық турнирінде  6 елден келген 560-тан аса спортшы қатысты. Әсіресе ката, кумитэ және командалық кумитэ бойынша өткен 58 санаттағы тартыста қазақтың қара домалақ балалары өз бағын сынады. Олар үлкен додаға қатысып қана қоймай, екі жүлдені қанжығасына байлады. Бұл – ауыл балаларының  халықаралық аренада алғаш рет қатысып, жеңімпаз атануы.

«Менің ғана емес, мені баптаған жаттықтырушымның, демеу болған ата-анам мен ауылдастарымның жеңісі. Алғаш рет шетелден келген қарсыластармен татамиге шықтым. Қобалжыдым, бірақ ауылдың үмітін ақтау үшін барымды салдым. Енді Әлем чемпионы боламын деген арманыма сенемін», – дейді жас спортшы Матжан Мәдениет.

Жоба аясында іріктелген 6 ауыл баласы іріктеліп, оның екеуі жүлдемен оралды. Оның бірі – Маңғыстау облысы Қызылсай ауылының 14 жастағы спортшысы Матжан Мәдениет. Ол 52 келі салмақта күміс медаль жеңіп алды. Ал Басқұдық ауылынан Анищенко Захар 60 келі салмақта қола жүлдені иеленді.

Сонымен бірге турнир қорытындысы бойынша жастар құрамасы жасақталып, 2025 жылғы қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алады.