Продюсер Бағым Мұхитденова Аман Тасығанға сұхбат беріп, шығармашылығы туралы ой бөлісті, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол KeshYou тобындағы қыздар өзін бірнеше рет ренжіткенін, содан кейін талай түнді жылаумен өткізгенін жасырмады.
“Сырттай көрген адам мені ашушаң, қатыгез деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес. Мен өте мейірімді, сезімтал, шығармашыл адаммын. Мені өкпелетсе, ренжимін, шын жүрегіммен алаңдаймын, жылаймын. Шығармашылықта қатал бола алмаймын. Қыздар топтан кеткенде, ренжітсе, көңілге келетін сұхбат берсе, қатты қиналамын. Бірақ соңында олар өздерінің қателескенін айтып, кешірім сұрайды», – дейді продюсер.
Бағым Мұхитденова ренішті тез ұмытатын адам емес екенін мойындады.
“Маған кешіре алатын адамдар әулие сияқты көрінеді. Ұзақ уақыт өкпелеп жүремін. Мүлдем кешірмеймін деп айтпаймын, бірақ 10 жыл өкпелеп жүруім мүмкін. Мөлдір Әуелбекованы ұзақ уақыт кешіре алмай жүрдім. Қазір бәрі жақсы, араласып тұрамыз. Ол “әділ болмады, өтірік” деген сарында сұхбат берді. Сол үшін қатты өкпеледім”, – дейді Бағым Мұхитденова.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.