CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz, скандинавиялық елдегі электрлі көліктердің жылдам көбею себептерін талдайды.
Норвегия қалаларында қайда қарасаң да электромобильдерді көресің. Солтүстік теңіздегі мұнай мен газдың мол қорының арқасында байыған скандинавиялық мемлекет іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерден бас тарту жолында бұрыннан бері нақты қадамдар жасаған.
Электромобильдерді енгізуді қолдауға бағытталған шаралар қабылдаған. Олардың бастылары: салықтық жеңілдіктер мен төмен кедендік баж салығы. Сондықтан бензин мен дизельмен жүретін көліктерді жаңа автокөліктер нарығынан толығымен ығыстырып шығаруға жақын.
Норвегия Электромобильдер қауымдастығының (NEVA) мәліметінше, елдің кейбір ірі қалаларындағы жеңіл автокөліктердің шамамен 30%-ы толығымен электрлі. Ел астанасы Ослода 40%-ға жеткен. Осло орталығындағы жаяу жүргіншілер өткелінде тұрып, электр көліктерінің үздіксіз ағынын көресіз.
«Бұл қатты байқалады. Кейбір адамдар бұл өзгерістің қаншалықты оң екенін тіпті байқамай қалуы да мүмкін. Себебі бұл өте жылдам жүзеге асты. Ауа тазарып, көшелердегі шу азайды. Әрі бұл өзгеріс тұтынушылар үшін аса қымбатқа түскен жоқ. Адамдарға электромобильмен жүру ұнайды, ол өз міндетін тамаша атқарады», – дейді NEVA бас хатшысы Кристина Бу CNBC арнасына берген сұхбатында.
Норвегиядағы электромобиль сатылымы 2010 жылы жалпы сатылымның 1%-ынан төмен болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 88,9%-ға жеткен. Және бұл үрдіс бәсеңдейтін түрі жоқ. Норвегияның Жол қозғалысы басқармасы (Statens vegvesen) жариялаған деректерге сәйкес, 2025 жылы сатылған жаңа көліктердің 93%-дан астамы – электромобильдер болған.
Салыстырмалы түрде алсақ, 2025 жылдың алғашқы бірнеше айында Еуроодақта электромобильдердің нарықтағы үлесі 15,4%-ды құраған. Айта кету керек, Норвегия – Еуроодақ мүшесі емес.
Роки-Маунтин институтының деректеріне сәйкес, АҚШ-та жаңа жеңіл электромобильдердің сатылым үлесі 2023 жылы 10%-ға жетсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш небәрі 1% болған. Норвегияның Көлік министрлігінің мемлекеттік хатшысы Сесили Книбе Кроглундтың айтуынша, елдің іштен жану қозғалтқышынан бас тартудағы табысы – ұзақмерзімді және жүйелі саясаттың нәтижесі.
«Бізде көптеген салықтық және пайдаланушылық жеңілдіктер бар. Бұл ең маңыздысы. Және, әрине, инфрақұрылым да жақсы дамыған», – дейді Кроглунд.
Норвегиядағы электромобиль иелеріне ұсынылатын жеңілдіктерге мыналар: ҚҚС-тан босату, жолақылары мен тұраққа төлемнің төмендігі. Сондай-ақ автобус жолағымен жүру мүмкіндігі. Үкімет сонымен қатар қоғамдық қуаттау инфрақұрылымын дамытуға елеулі қаражат бөлген. Енді көптеген норвегиялық үйлерде көлікті қуаттайтын орындар бар.
Сарапшылардың айтуынша, Норвегияда автокөлік өндірушілерінің ықпалды лоббилік топтарының болмауы да электромобильдерді енгізу қарқынына оң әсер еткен. Өткен аптада NEVA ұйымының өкілі Кристина Бу елдегі халық саны 5,5 миллион адамнан асатын шағын мемлекет үшін маңызды кезең тіркелгенін хабарлады. Ел бойынша 10 000-нан астам жылдам зарядтау стансасы орнатылған. Дегенмен бұл инфрақұрылым ел бойынша біркелкі таралмаған. Қуаттау стансалары негізінен оңтүстікте көбірек, ал солтүстікте сирек орналасқан. Соған қарамастан, жылдам зарядтау стансаларының үнемі артуы – энергия жүйесі бұны көтере алмайды деген сын-пікірлерді жоққа шығарған.
«Норвегия жылдар бойы қатаң саясат ұстанып келеді. Бұл тек электромобильдерге арналған жеңілдіктер ғана емес, сонымен қатар іштен жану қозғалтқышы бар көліктерге салынатын салықтардың жыл сайын артуы. Соңғы үш жылда бұл салықтар екі есеге өсті, ал олар бұған дейін де жоғары болған», – дейді Кристина Бу.
Норвегия 2030 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуді көздейді. Алайда елдің экономикасы әлі де қазба отынының табысына қатты тәуелді. Көмір, мұнай және газ сияқты қазба отындарын жағу – климат дағдарысының негізгі себепшісі болып отыр. Кроглунд 2025 жылға дейін елдегі қалалық автобустар толығымен электрге көшетінін, ал онжылдық соңына дейін ауыр жүк көліктерінің 75%-ын жаңартылатын энергия көздеріне бейімдеуді жоспарлап отырғанын айтады.
«Біз көлік саласының климаттың өзгеруіндегі рөлін мойындауымыз керек. Менің ойымша, барлық ластанудың шамамен 30%-ы көлік секторының үлесіне тиеді, сондықтан біз бірдеңе істеуіміз керек болды», – дейді Кроглунд.
Электромобильдердің тек көлік қана емес, экологиялық болашақтың кілті екенін қоғамға насихаттау керек. Қазақ ел де бұл бағытта нақты саясат қабылдап, жүйелі қадамдар жасаса, орнықты көлік жүйесіне қол жеткізе аламыз деп ойлаймыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.