«Бір көзден су ішкен»: Қарағанды облысында 100-ден астам бас мал қырылып қалды

«Бір көзден су ішкен»: Қарағанды облысында 100-ден астам бас мал қырылып қалды
Тұрғындардың айтуынша, 15 шілдеге қараған түні 100-ден астам бас мал өлген.

Қарағанды облысының Шахтинск қаласына жақын орналасқан Долинка ауылында мал басы жаппай қырылып қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тұрғындардың айтуынша, 15 шілдеге қараған түні 100-ден астам бас мал өлген. Ауыл тұрғындары қой мен қошқарлардың қырылуын уланумен байланыстырады.

Өңірдің Ветеринария басқармасы да осы нұсқаны қарастырып жатыр. Шенеуніктердің айтуынша, мал әрдайым жайылатын жайылымда жүрген.

«Жануарлар бір көзден су ішкен. Қазір кешенді зертханалық сараптамалар жүргізіліп жатыр, нақты себеп зерттеу нәтижесінде анықталады», – деді мемлекеттік орган.

Облыс әкімдігіне қарасты бейінді бөлім эпизоотиялық жағдайдың тұрақты және бақылауда екенін атап өтті.

«Қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Мамандар жағдайдың себебін анықтап, мұндай оқиғалардың алдын алу жұмыстарын жалғастырады», – деп түйіндеді басқарма.