Қымбатшылық «құрыққа» түспей тұр

Қымбатшылық «құрыққа» түспей тұр
Бұған дейін Ұлттық банк ұзақ уақыт бойы қатаң ақша-кредиттік саясатты сақтап тұруға бейім екенін аңғартып келген болатын.

Шілде айында да нарық күткендей шешім қабылдап, базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалды. Алайда сарапшыларды мөлшерлеменің өзінен бұрын жиында сөз болған кейбір жайттар мен қосымша құралдардың сипаты алаңдатып отыр. Өйткені реттеу­шінің базалық мөлшерлемеге қатысты шешімі сырттай тұрақты көрінгенімен, мөлшерлеме әсерінің әлсіреуі, инфляцияның мақсатты мөлшері мен мерзімнің ашық айтылмауы, нақты табыстың өспеуі және халықтың экономикалық әл-ауқатының төмендеуіне қатысты көптеген сауалдар туындайды.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл шешім инфляциялық үдерістер мен ішкі және сыртқы факторлардың ықпалынан қалыптасып жатқан экономикалық үрдістерді ескере отырып қабылданған.

«Экономикада бағаға қысым әлі де сақталып отыр. Инфляцияның өсуіне ең көп әсер етіп отырған – ақылы қызметтер мен азық-түлік бағасының қымбаттауы. Тұрақты инфляция көрсеткіші де біршама өсті. Соңғы айларда айлық инфляция бәсеңдеп келеді, бірақ әлі де тарихи орташа мәннен жоғары. Халықтың инфляциялық күтулері айтарлықтай төмендеді, дегенмен әлі де жоғары деңгейде. Экономика былтыр­ғы 4,8%-дан биылғы жылдың алғашқы бес айында 6%-ға дейін жеделдеді. Сұраныс ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түсіп, бағаға қысым жасап отыр. Осыған байланысты тұтынушылық сұраныс пен бағаның өсуін тежейтін фактор ретінде Ұлттық банктің біршама қатаң ақша-кредит саясаты қолданылады», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Дегенмен мәселе базалық мөлшерлеменің өзінен бұрын тиімділігінің әлсіреуіне келіп тіреледі. Себебі сарапшылар арасында мөлшерлеме бұрынғыдай экономикаға әсер ете алмайтыны туралы пікірлер жиілеп барады. Базалық мөлшерлеме – бұл елдегі ақша-кредит саясатының негізгі құралы. Ол арқылы Ұлттық банк нарықтағы ақша көлеміне, несие бағасына, сәйкесінше, инфляция деңгейі­не ықпал етеді. Алайда THE TENGE журналының бас редакторы Владислав Туркин қазіргі таңда базалық мөлшерлеменің бұл классикалық функциясы шектеліп бара жатқанын айтуда. Себебі Ұлттық банк мәлімдемесінде инфляция­мен күресте өзге, қосымша құралдарға ерекше мән беріліп отыр. 

– Ішкі ортада базалық мөлшерлеменің дезинфляциялық әсері іске асырылып жатқан алтын-валюта операцияларын «айналау» шаралары, ми­нималды резервтік талаптарды (МРТ) қайта қарау және тұтынушылық кредиттеуді төмендетуге бағытталған макропруденциялық шектеулерді енгізу есебінен күшейетін болады. Үкімет жариялаған коммуналдық қыз­мет тарифтерінің өсу қарқыны мен мерзімін қайта қарастыру қосымша оң әсерін беріп, ақылы қызметтер бағасының өсуін реттеуге мүмкіндік береді. Үкіметпен арадағы үйлестіру шараларын күшейту инфляциялық қысымды төмендетуде ерекше рөл атқарады. Бұл ең алдымен фискалдық шоғырландыруды және макроэкономикалық балансты нығайтуға бағытталған бірлес­кен шараларды іске асырумен байланысты, – делінген реттеуші хабарламасында.

Десе де, сарапшының сөзіне сүйенсек, бұл шаралардың бірде-бірі классикалық монетарлық құрал емес. Олар қосымша, тіпті кей жағдайда көмекші сипатта. Ал МРТ сияқты кейбір құралдар қазіргі монетарлық парадигмада ескірген тетік ретінде қарастырылады. Мұны экономикалық ортада «құралдардың орын алмасуы» деп атайды: негізгі механизм жұмыс істемеген кезде оның орнын көмекші құралдар басуға мәжбүр болады. Бұл – ақша-кредит сая­сатының трансмиссиялық механизмі әлсірегенінің белгісі.

Ал инфляцияға келер болса, Ұлттық банк 2025 жылға арналған инфляцияны 10,5–12,5% аралығында болжайды. Мау­сым айының қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 11,8% болды. Бұл болжам шегінде тұрғанымен, шынайы жағдайдың тұрақты емес екенін көрсетеді.

Мысалы, ақылы қызметтердің ба­­ға­сы 16,1%-ға өсті – бұл жылдық ин­­фляцияның негізгі қозғаушы күші. Сонымен қатар азық-түлік бағасы 10,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауар­лар 9,4%-ға қымбаттаған. Бұл – іш­кі сұраныстың жоғары екенін және өн­дірушілердің шығындарын тұтынушыларға көшіру үрдісінің жалғасып жатқанын білдіреді.

Ұлттық банк айлық инфляция баяулап жатыр дегенімен, базалық және маусымдық факторлардан тыс есептелген инфляцияның әлі де жоғары екені байқалады. Демек, қысым әлі де күшті. Сарапшы, әсіресе инфляциялық таргет пен оған қай кезде қол жеткізілетіні туралы нақты ақпараттың жоқтығын сынға алды.

«Соңғы жылдары Қазақстанда қалыптасқан жоғары инфляция жағдайы мен одан да жоғары инфляцияға өту тәжірибесі қоғамды әрдайым бағаның күрт өсуіне дайын болуға мәжбүрлеп отыр. Кішігірім өзгерістер орын алса бітті, халық бірден бағаның шарықтауына дайын тұрады. Бұл жағдайға ақша-кредит саясатына деген сенімнің болмауы қосылып отыр. Яғни, халық үнемі инфляцияның күрт көтерілуін кү­тіп, екіұдай хәлде күн кешеді», – дейді ол.

Владислав Туркиннің айтуынша, тек мөлшерлемені күрт көтеру күткен нәтиже бермейді. Оның орнына «қатаң сенім стратегиясы» қажет. Бұл – инс­титуционалдық тәртіпті күшейтіп, ел экономикасы үшін нақты әрі сенімді бағдар қалыптастыра алатын әдіс.

Экономистің пікірінше, Ұлттық банк инфляцияны кезең-кезеңмен тө­мендету жоспарына көшуге тиіс. Мы­салы: 2025 жылы – 8%, 2026 жылы – 6%, 2027 жылы – 5%, 2028 жылы – 4% және осылай жалғасатын нақ­ты кесте құрылуы керек.

«Бұл – қазіргі жалған таргеттен бас тартып, нақты әрекетке негізделген қолжетімді жоспарға көшу деген сөз», – дейді В.Туркин.

Оның пікірінше, алдымен инфляциялық таргетті уақытша 7–8%-ға дейін көтеріп алып, кейіннен қатаң кесте бойынша төмендету қажет. Бұл ақша-кредит саясатын тым қатайтып жібермей, бір мезгілде халықтың күтуін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов егер халықтың нақты табысы өспесе, ішкі сұраныстың тұрақтылығы да ұзаққа бармайтынын алға тартуда. Бұл – экономикалық өсімнің сапасына әсер етеді. Сондықтан да инфляциямен күресу тек монетарлық міндет қана емес, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізудің шартына айналады. Әрине, инфляцияны тежеу үшін мөлшерлемені жай сақтап тұру жеткіліксіз. Бұл үшін нақты мақсат, жүйелі бағыт, ашық коммуникация және тәуелсіз шешімдер қажет. 

 

Кәмила ДҮЙСЕН