Қазір оның шеберханасында айына 100-ге жуық домбыра жасалады. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған атыраулық шебер домбыра жасаудың қыр-сырын айтып берді.
– Домбыра жасау өнерімен қашаннан бері айналысасыз? Оны кімнен үйрендіңіз?
– 2008 жылдан бері домбыра жасап келемін. Бастапқыда хобби ретінде басталған ісім бара-бара үлкен кәсіпке айналды. Әкем 95-96 жылдары домбыра жасайтын. Ол Кеңес үкіметінің ыдырап, елдегі жағдайдың қиындаған уақыты еді. Бала болсам да, өзімше әкеме көмектесіп жүретінмін. Сөйтсем, сол жағдайдың өзі мен үшін мектеп болған екен. Мамандығым – музыкант, домбырашымын. Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академияны бітірдім. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы университетте домбыра пәнінің мұғалімі мамандығында оқуымды жалғастырдым. Сырттай оқып жүріп, домбыра жасауға деген қызығушылығым оянды. Үйде әкемнің көне шеберханасы болатын. Әкемнен білмегендерімді сұрап, осы істі бастап көрдім. Отбасылы болғаннан кейін, мектепте музыка саласында еңбек еттім. 2011 жылы Махамбет ауданында музыка мектебінің филиалын аштым. Сөйтіп жүргенімде балалардың әкеліп жүрген домбырасы көңілімнен шықпайтын, не дыбысы, не бұрауы келмейтін домбыраны балаға үйрете алмайсың. Сол кезде «домбыраны өзім неге жасамасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, шеберхана ашып, дыбысы, сапасы жақсы домбыра жасап, қолжетімді бағада балаларға ұсынамын деген шешім қабылдадым. Осылайша, ауыл әкіміне барып, шеберхана салуға жер сұрадым. Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан несие алып, шеберхана салып бастадым. Құрылыс шаруалары, одан несиені қайтару бар, солай шапқылап жүргенімде 5 жыл да өте шыққан екен. Бастапқыда шеберхана ашсам да, домбыра жасауды қосымша табыс көзі ретінде қарап жүрдім. Қолөнер шеберханасы болғаннан кейін, жер үстел, есік сияқты тұрмыстық заттарды да қосымша жасап жүрдім.
– Домбыра жасау жолында әкеңізден басқа ұстаздық еткен шеберлер болды ма?
– Жалпы, Атырау облысында домбыра жасайтын шеберлер жоқтың қасы ғой. Әкемнен үйрендім дегенмен де, ол кісінің жасаған домбыралары әуесқой деңгейде болатын. Өзім кәсіби домбырашы мамандығын аяқтағаннан кейін, осы саланы терең зерттегім келді. Бертін келе интернет дамыды, мүмкіндіктер ашыла бастады. Сөйтіп ізденіп жүргенімде 2017 жылы батыс өңірлік «Үкілі домбыра» деген шеберлер конкурсы өтті. Мен сол байқауға қуана қатыстым. Ондағы мақсатым жүлде алу емес, шеберлермен кездесіп, тәжірибе алмасу болатын. Домбыра жасау процесін көріп, көп жағдайға қанықтым. Кейін осы конкурс республикалық деңгейде өтті. Шымкент, Өскемен, Алматы сияқты көптеген өңірден шеберлер келді. Музейдің қолқа салуымен сол кезде шеберлердің басын қосқан ватсаптан жұмыс чатын аштым. Сол жерде білгенімізбен бөлісіп, тәжірибе алмасып отыратынбыз. Ол чат та біз үшін коммуникация, идея алмасу алаңына айналды. Осындай үлкен мектептің арқасында кәсіби мықты домбыра жасайтын деңгейге де жеттік.
– Домбыра жасау қанша уақыт алады?
– Шыны керек, кәсіби домбыралар бір күнде жасалмайды. Тапсырыс түскен жағдайда мұндай домбыраларды 1-1,5 ай ішінде бітіріп береміз. Домбыра жасаудағы ең бірінші мәселе – ағаш таңдау. Ағашты кескеннен кейін корпусын, яғни шанағын жасап кептіреміз. Бір бастаған кезде 10-15 домбыраның дайындығы басталады. Домбыраның дыбысы бет қақпағының сапалы жасалуына байланысты. Ал ол үлкен уақытты, қажырды қажет ететін процесс. Бір ғана домбыраны 10 күн ішінде жасап шығуға болады, онда да жағдай желімнің кебуіне байланысты. Біз бір мезгілде бірнеше домбыраны кезек-кезек жасайтын болғандықтан, процестің ұзақ уақыт алатыны сондықтан. Қазіргі уақытта айына 100 сапалы домбыра жасап отырмыз.
– Домбыра жасау үшін қандай ағаш түрлері қолданылады?
– Домбыраны жасауға шәмшат, қайың, емен, күл ағашы, қарағай ағаштарын пайдаланамыз. Жеке-жеке тоқталып өтсек, шәмшат – қатты, берік ағаш. Үні ашық, таза шығады. Оны көбіне шанақ пен мойын бөлігіне қолданады. Қайың – жеңіл және акустикасы жақсы. Шанақ пен бет ағашы үшін жиі қолданылады. Бұл ағаш әуенді жұмсақ әрі нәзік етеді. Емен – өте берік әрі ауыр ағаш. Үні терең, қоңыр дауысты болады. Домбыраның мойны мен шанағына кейде пайдаланылады. Ясень, яғни, күл ағашының акустикалық қасиеті жоғары. Үнін кең әрі анық шығарады. Кәсіби аспаптарда жиі кездеседі. Қарағай – әсіресе бет ағашына пайдаланылады. Жұмсақ ағаш, бірақ жақсы резонанс береді. Домбыраның үнін ашық, күмбірлетіп шығарады. Яғни, әр ағашты қолданудың өзіндік философиясы, техникасы бар. Жалпы, домбыраның әр бөлігіне әртүрлі ағаш қолданылады. Шанағына қатты ағаштар қолдансақ, мойын сабына емен, кейде қарағай саламыз. Кәсіби домбыраларға көп жағдайда емен ағашын пайдаланамыз. Домбыра ешуақытта біркелкі ағаштан жасалмайды.
– Домбыраның сапасын не анықтайды? Жақсы домбыраны қалай тануға болады?
– Домбыраның сапасын оның дыбысы арқылы анықтауға болады. Кәсіби адамдар домбыраны дыбысынан анықтап жатады. Кейде керемет ағаштарды пайдаланғанмен, оны біліктілігі төмендеу шебер жасаса, домбыраның дыбысы әуесқой деңгейде қалып қоюы мүмкін. Өйткені әр детальға мән беру керек. Сондықтан, домбыра жасау процесінің өзі ерекше бапты қажет етеді. Домбыраны жасау сапасы да әртүрлі. Егер шебер дұрыс кеппеген ағашты пайдаланса, домбыра иіліп, майысып кетіп жатады. Сол себепті біз домбыраның шанағын ұзақ кептіреміз.
Осы жерде ащы да болса, мына шындықты айтқым келеді. Көп ата-ана балаларына домбыраны қалай таңдау керектігін білмей жатады. Бізге келген тапсырыс берушілердің жиі қоятын сұрақтары да осы. Өздері домбыра тартып білмегендіктен, балам үйренсін деген ниетпен үйірмеге береді ғой. Ұстаздары домбыра әкел деген уақытта базардағы ең арзан домбыраны әперіп жатады. Қателік сол жерден басталады. Себебі ондай домбыралардың көп жағдайда дыбысы түспей, бұрауы келмей жатады. Оны бала да тарта алмайды, сабақ беретін ұстаз да қиналады. Басқа домбыра алғызуға ұстаз ыңғайсыздануы мүмкін. Сөйтіп, бала ештеңе үйрене алмай, үйірме де, домбыра да қалып қояды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін қазір жергілікті музыка мектептерінің көпшілігі домбыраны біздің шеберханадан алатын болды.
– Қанша түрлі домбыра бар және олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?
– Домбыраның бірнеше түрі бар. Біз негізінен батыстың домбырасын жасаймыз. Біз жасап отырған домбыраларды кезінде Құрманғазы бабамыз, Дина анамыз шерткен. Мысалы, Жамбылдың домбырасы жалпақ болған. Айта берсек, домбыраның түрі туралы ұзақ әңгіме шығаруға болады. Ал менің домбыра жасаудағы басты мақсатым – жас буын, өнерсүйер қауым арасында батыстың домбырасын дәріптеу болатын. Сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Өзімді кәсіби шебермін деп те айта алмаймын. Домбыра жасауды кәсіби түрде білім алып, оқымадым. Сондықтан қазіргі кәсібім шағын шеберхана деңгейінде ғана болып отыр. Болашақта білімімді жетілдіріп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне тапсырыспен барлық домбыра түрлерін жасап, жеткізетін фабрика ашқым келеді. Қазір бұл менің асыл мақсатымның бірі болып отыр.
– Сіздің ойыңызша, домбыра жасау өнерінің жас ұрпақ үшін маңызы қандай?
– Домбыра қазақтың төлқұжаты ғой. Әр үйде бір домбыра ілініп тұрса, жастарда қасиетті домбыра туралы түсінік болады және олар қазақша ойлап, қазақша сөйлей бастайды деп ойлаймын.
– Жас буынның бұл өнерге деген қызығушылығы туралы не айтар едіңіз?
– Бір қуантарлығы, қазір балалар арасында домбыраға деген қызығушылық өте жоғары. Осы салада жүргеніме биыл 10 жыл болған екен. Қазір байқайтыным, жастардың көпшілігі домбыраны жақсы тартады, тез меңгереді. Жас ұрпақ арасында патриоттық сезім, рух жоғары. Меніңше, тәуелсіздіктің жемісі де осы сияқты. Жастарымыздың домбыраға ғана емес, дәстүр, салт-сана, тарихымызға қызығушылығы жоғары.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Қазіргі уақытта домбыраға тапсырыс тек Атырау ғана емес, Алматы, Астана қалаларынан да түсіп жатады. Пойыз арқылы жеткізіп отырмыз. Кәсіби шебер болмасам да, «Атыраудың домбырасын жіберіңізші» деп, тіпті Қытайда отырып тапсырыс беріп жатқан қазақ бауырларымның ықыласын көргенімде, кеңеюім керек екен деген ой келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚ