Теңіздегі тіршілік: балыққа да бап керек

Теңіздегі тіршілік: балыққа да бап керек
Көп жылдан бері Арал теңізінің ахуалы әлем жұртшылығын алаңдатып келеді.

Экологиялық апаттың аранында тұрған аймақтың алапаты теңізді өлкенің тұрғындарына ғана емес, күллі адамзат тарихына қауіп төндіріп тұрғанын табиғат жанашырлары жазып та, айтып та жүр. Осы кезге дейін құрғаған теңіз ұлтанын тіршілік нәріне толтыру үшін түрлі жоба қолға алынып жатқанымен, жетістіктерден гөрі кемшіліктерден көз сүрінеді дейді жанашыр жандар. 

Соңғы жылдары өлі теңізді қайта жандандыру бағытында түрлі жоба қолға алынып, ауқымды шаралар жүргізіліп жатыр деп ауыз толтырып айтып жүрміз. Теңіз деңгейі көтеріліп, балық қоры молайды деп сүйіншілеген хабар ақпарат кеңістігінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Мұндай ақпараттарды оқып, тыңдай отырып, шөлейтті аймаққа оазис орнағандай әсерге бөленесің. Бірақ шынтуайтында теңіздің бүгінгі тағдыры қалай? Осы орайда теңізді аймақтың жанашыры Жомарт Қартбаев хабарласып, Арал өңіріндегі түйткілдерді тізбектеп берген еді. 

Әлқиссасын, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасынан бастасақ. Аталмыш жоба 2003 жылы қысқартылған САРАТС-1 атауымен қолданысқа енгізілді. Осының негізінде Арал теңізіне су жеткізу мақсатында Көкарал бөгеті салына бастады. Бөгеттің жалпы ұзындығы 13 шақырым, 9 қақпақты су өткізгіштігі 300 текше метрді құрайды. Мәліметке сәйкес, САРАТС жобасының 1-ші кезеңі 85,79 млн АҚШ долларына бағаланған. Оның 21,29 млн АҚШ доллары республикалық бюджеттен бөлінсе, 64,5 млн АҚШ доллары займға іске асырылыпты. 

2005 жылы ғасыр жобасы атанған бірегей бастаманың 1-ші кезеңінің жүзеге асы­рылуымен Арал теңізінің солтүстік бөлігінің деңгейі Балтық жүйесі бойынша 42 метрге дейін көтерілді деген ақпарат айтылды. Кіші Арал теңізінің деңгейінің көтерілуімен құрғаған ұлтанға қайта тіршілік енгені жария болды. Яғни, Көкарал плотинасының салынуымен Кіші Аралдың гидрологиялық, гидрохимиялық және биологиялық режимдері күрт өзгергені мәлім болды. Мамандар осы­ның негізінде судың тұздылығы азайып, балықтардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасалғанын тілге тиек етіп жатты. 

Осы орайда жауапты мамандар тара­­пы­нан жария болған мәліметтерге көз жүгірт­сек, теңіз ұлтанының толуымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы жақ­сарып, балық қорының молая түскенін мәлімдейді. Яғни, жергілікті балық түрлері 22-ге жетіп, бекіре тұқымдас ба­лықтарды өсіруге мүмкіндік артқаны ай­тылады. Ал балық аулау көлемі 0,4 мың тоннадан 8,0 мың тоннаға дейін жеткені жария етіліп жүр. 

«Жоғарыда аталған мәліметтердің көпшілігі шындыққа жанаспайды. Кейбір ақпараттарды әсіре сілтеп жібереді. Қазір теңіздің жағдайы сын көтермейтін күйде тұр. Сырдарияның деңгейі де өте төмен. Аралдағы балық өңдеу зауыттарының да жұмысы тұралап қалған. Осы сауалмен Арал ауданының қазіргі әкімімен кездестім. Әкім теңіздің мүшкіл халі мен балық түрінің артуына қатысты тараған ақпаратқа орай тұщымды жауап бере алмады. Өз тарапым­нан теңіздің бүгінгі жағдайы мен өңірдегі балық шаруашылығының жайын арнайы жасалған видеофиксациялар арқылы дә­лелдей аламын. Сонда жылдар бойы жүр­гі­зілген жұмыстардан нәтиже неге шық­пайды. Сорақысы сол, теңізді қалпына келтіруге ба­ғытталған есепсіз қаржының есебін ешкім бере алмайды. Сонда кім кімді алдап жүр?» – деп ашынады Жомарт Қартбаев. 

Арал ауданы аумағындағы Қаратерең ауылы тұрғындары да судың сұрауын кімнен дауларын білмей дал. Ауыл аумағында шағын көлдердің өзі кеуіп кетудің аз-ақ алдында тұр дейді ауыл халқы.

«Қаратерең ауылының ортасында «Кәрі тыма» деп аталатын үлкен көлі бар. Көл негізгі сағасын Сырдариядан алады. Яғни, Сырдария осы көлге су құяды. Дария суымен бірге осы көлге балық құйылады. Бір кездері қаратереңдіктер осы көлден шөп орып, балық аулап, атакәсібінің желкенін керіп келді. Көл аумағы мал жайылымына да таптырмас орын болып есептелетін. Тіпті, моторлы қайықпен теңізге қатынас орна­тылған. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде шағаласы шулап, балығы тулаған үлкен көл болды. Ал бүгінде бұл көлге су көп келмейді. Дарияның өз ахуалы алаңдатар­лық күйде тұрғанда, көлге су қайдан құйылады? Дария төмен түсіп кеткен. Бізге су жетпейді. Соның салдарынан көлдегі бірлі-жарым балықтар өліп, су бетіне қалқып шығып, шіріп жатыр. Көл бетін қоға басып, сасыған су өкпені қабады. Ауыл тұрғын­дары көлден шыққан күлімсі иіспен ты­ныстауға мәжбүр. Бір сөзбен айтқанда, біраз уақыттан бері көлге су құйылмады. Көл айналасына қо­ныстанған қаптаған ел соның зардабын тартып отыр», – дейді байырғы балықшы-зейнеткер, ауыл тұрғыны Мінәжат Биманов. 

Осы орайда Қаратереңнің өткені мен бүгінгі жағдайын салыстыруға келмейді. Тарих парақтарына үңілсек, сонау 60-жыл­дары Сыр өңірі балық шаруашылығы бо­йынша республикада алдыңғы қатарда болыпты. Дерекке сәйкес, сол уақыттары өңірде 55-60 тоннаға дейін балық ауланған деседі. Соның негізінде Кеңес кезеңінде Арал ауданындағы Қаратерең, Бөген ауылдарында балықты қабылдайтын және өндейтін базалар үздіксіз жұмыс істеген көрінеді. Ал бір ғана Қаратереңнің бүгінгі ахуалы сол кезеңмен салыстырғанда аянышты күйде тұрғаны байқалады. 

Балық зауыты демекші, теңіз жанашы­ры аудан аумағындағы балық өңдеу орын­дарына қатысты бірқатар түйткілдерді де тізбектеп берді.

«Бүгінде Арал аумағындағы балық қа­былдау және өңдеу базаларының көпшілігінің жұмысы тұралап қалған. Оны арнайы тү­сірілген видеофиксациялар арқылы анықтап отырмыз әрі мұны зауыт мамандары да растап отыр. Атап айтқанда, Қаратерең ауылынан 5-7 шақырым жердегі «Арикон», «Т. Жалғасбаев» және «Қуаныш» балық зауыттарының жұмысы тоқырап тұр. Оның себебін зауыт мамандары көк­темнен бері қарай балық болмауымен түсіндіріп отыр. Сол сияқты Бөген ауылында да осындай мәселе бар. Өкініштісі сол, бірақ жергілікті қүзырлы орындардың Үкіметке, Министрлікке беріп отырған мәліметтері шындыққа жанаспайды», – дейді Жомарт Қартбайұлы. 

Сонымен қатар Арал аумағындағы «Тәуір-2» каналының жұмысы да тұралап тұрғанын жеткізді. Нақты айтқанда, канал жұмысы 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап тұралап қалыпты. Оның не үшін тоқтап қалғаны, қашан жалғасатыны әзірге беймәлім күйде қалып тұр. 

Тобықтай түйін: Жалпы теңіз төскейін мекендеген халықтың теңізге қатысты толғандырған мәселесі шаш етектен. Осы орайда аудан халқы солтүстістіктегі суды Торғай, Ырғыз өңірлері арқылы Аралға жеткізу бойынша қолға алынған тағы бір жобаға иек артатынын жеткізіп қалды. Ең бастысы, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы бүгіннен бастап Арал теңізін сақтап қалуға әрекет жасалмаса, ертеңгі күні бәрі кеш болатынын алға тартып отыр. 

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы